ОҚО-да полицейлер күні аталып өтті
ОҚО-да Қазақстан полициясының құрылғанына 24 жыл толу мерекесіне орай салтанатты шара ұйымдастырылды. Осы мақсатпен Шымкенттегі «Динамо» стадионында спартакиаданың ашылу салтанаты өтіп, құқық қорғаушылар қызмет бабында қайтыс болған 22 қызметкерді 1 минут үнсіздікпен еске алды.
Салтанатты кездесуге қатысқан облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов бірқатар азаматтарды марапаттап, мерекемен құттықтады.
«Полицияда қызмет істеу – маңызды әрі жауапкершілігі мол жұмыс. Сіздер қиын сәттерде қарапайым халықтың арқа сүйер сүйеніші әрі әділеттіліктің жаршысы бола білдіңіздер. Алдағы уақытта да Оңтүстікқазақстандық полиция қызметкерлері облыс тұрғындарының құқықтарын қорғап, еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға барлық күш-жiгерін жұмсайды деген сенiмдемiн», деді Атамқұлов. Ал ОҚО ІІД Жергілікті полиция қызметінің басшысы, полиция полковнигі Балтабек Аблаев Қазақстан полициясының құрылғанына 24 жыл толғаны және қалыптасу кезеңдері жайлы баяндама оқыды. Олөз сөзінде адам мен адамзаттың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қорғауда полиция қызметкерлерінің салауатты өмір салтын ұстанып спортпен айналысуы маңызды екенін атап өтті. Одан соң жас динамошылар бір мезетте бейбітшіліктің символы ақкөгершінді аспанға ұшырды.
Жалпы бұл күні сала үздігі деп танылған 35 ішкі істер органдарының қызметкерлері марапатқа ие болды.
Шара барысы спорттық ойындармен жалғасын тапты. Спартакиадаға ішкі істер органдары құрылымдарынан 22 команда, яғни 700-ге жуық қызметкер қатысты.
- ОҚО ІІД
- ДВД ЮКО
- Аким ЮКО
- ОҚО әкімі
- Бейбет Атамкулов
- Бейбіт Атамқұлов
- корреспонент
- қызық ақпарат