Шымкентте Астана күні қарсаңында тұңғыш веложол пайдалануға берілмек
Астана күніне орай Шымкент билігі тұрғындарға керемет тарту жасамақшы. Бұл жөнінде Шымкент әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың төрағалығымен өткен әкімдік мәжілісінде айтылды. Шаһар басшысының орынбасары Бейсенбек Жанбосынов облыс орталығындағы велосипед туризмінің даму жағдайы туралы баяндама жасады.
Баяндамашының берген мәліметінше, мұндай қадам «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры, Шымкент қаласының әкімдігі және Қазақстан Велоспорт федерациясы арасында жасалған үш жақты меморандумға сәйкес қолға алынып отыр. Нәтижесінде жобаның алғашқы кезеңі бойынша қаланың орталық 9 көшесі мен 2 алаңға арнайы веложолақтар салу үшін қайта құрылымдау жұмыстары жүргізілмек.
- Аталмыш жоба қала тұрғындары арасында салауатты өмір салтын насихаттау, экологиялық ахуалды жақсарту, велоспортты, инфрақұрылымды, сондай-ақ велоспорт туризмін дамытуды көздейді, - деп атап өтті әкім орынбасары.
Жоба аясында қалада велосипедтерді жалға берудің автоматтандырылған жүйесі іске қосылмақ. «Самұрық-Қазына» АҚ қолдауымен алғашқы кезекте 200 велосипед сатып алынатын болады. Бұл үшін 40 станция қызметін үйлестіру көзделуде. Заманауи талапқа сай жабдықталған велосипедтер Франция елінен жеткізіледі. Арнайы тапсырыс негізінде оған GPS қондырғылары орнатылып, Шымкент қаласының жаңа туристік логотипі бейнеленеді. Айта кетер жайт, жылдық абоненттік карталарын қала тұрғындары 6 мың теңгеге сатып ала алады. Сондай-ақ, әрбір велосипедті жалға алу құны сағатына 100 теңге мөлшерінде белгіленбек.
- Ел аумағында велосипедті жанына серік еткендер үшін Астана мен Алматы қаласында ғана лайықты жағдай жасалған. Елдегі үшінші мегаполис қала ретінде Шымкентте де велосипед инфрақұрылымын дамыту маңызды. Бұл үшін қаланың ауа-райы мен климаты да оңтайлы мүмкіндіктер береді. Ең алдымен, бұл әрбір адамның өз денсаулығы үшін пайдалы, екіншіден қаржылық үнемдеуге қол жеткізе алады, үшіншіден, қала көшелеріндегі көлік тығынын азайтып, экологиялық ахуалды жақсартуға септігі мол болмақ, - деді қала әкімі Ғабидолла Рахматоллаұлы.
Ерекше айта кетерлігі, жалға берілетін велосипедтер арнайы құрылғылармен жабдықталған. Яғни, оны ұрлап әкету мүмкін емес. Тұрғылықты орнын ғаламтор арқылы анықталынып отырады. Ал егер оны ұрлап, бөлшектеп сатып, пайдаға кенелгісі келетіндер болса, басшылық ол жағын да назарға алып қойған.
"Ол велосипедтердің ешбір бөлшегі, тіпті бұрамасының өзі басқаларына сай емес. Олар жалғыз өздеріне сай етіліп жасалған. Сол себептен бөлшектеп сатамын дейтіндер болса, бөлшек алатын орындар оларды қабылдамайды" деді Шымкент басшысы.
- шымкент
- аким города Шымкент
- Шымкент әкімі
- велоспорт
- Корреспондент
- қызық ақпарат