Соғыстың ауыр жылдары, менің әлі мектеп табалдырығын аттамаған кезім еді. Сырқат меңдеп төсекке таңылыппын. Бірде анам «қисаңдауың көбейіп кетті, орныңнан тұр» -деп мені жетектеп Қарадуана атаға алып келді. Анамның Қарадуана дегені бізге ұзақ емес Назарбай ата болып шықты. Ата мені өзіне қарама-қарсы отырғызып қойып маған «суф, суф, суф» деп дем сала бастады. Әрбір «суф» деген сайын ол қамшы сілтеп отырды. Сондағы атаның айтатыны «Исмаил ата әулие, Қошқар ата әулие, Сөксөк ата әулие, Пәрпі ата әулие, өздеріңнен медет сұраймын, ниетімді қолдай гөр, Алла!» деп қоятын еді. Ата әліпті таяқ деп білмейтін кісі болса керек. Құранның аят, сүресін айтты ма, әлде айтпады ма, ол жағы менің есімде қалмапты. Есімде қалғаны анама былай деді: «Бала бір киелі жерді басқан екен, бәрін бойынан тазарттым, енді ол ауырмайды, өмірі ұзақ болады» -деп бата жасап, бізді өзі үйінен шығарып салды. Бақсам содан бері де қазір 70 жыл өтіпті. Мен де содан жетпіске келгенше басым ауырып, балтырым сыздаған емес.