Қошқар ата , Исмаил ата, Сөксөк ата кім болған?
- Еркебай БҮРЛІБАЙҰЛЫ
Соғыстың ауыр жылдары, менің әлі мектеп табалдырығын аттамаған кезім еді. Сырқат меңдеп төсекке таңылыппын. Бірде анам «қисаңдауың көбейіп кетті, орныңнан тұр» -деп мені жетектеп Қарадуана атаға алып келді. Анамның Қарадуана дегені бізге ұзақ емес Назарбай ата болып шықты. Ата мені өзіне қарама-қарсы отырғызып қойып маған «суф, суф, суф» деп дем сала бастады. Әрбір «суф» деген сайын ол қамшы сілтеп отырды. Сондағы атаның айтатыны «Исмаил ата әулие, Қошқар ата әулие, Сөксөк ата әулие, Пәрпі ата әулие, өздеріңнен медет сұраймын, ниетімді қолдай гөр, Алла!» деп қоятын еді. Ата әліпті таяқ деп білмейтін кісі болса керек. Құранның аят, сүресін айтты ма, әлде айтпады ма, ол жағы менің есімде қалмапты. Есімде қалғаны анама былай деді: «Бала бір киелі жерді басқан екен, бәрін бойынан тазарттым, енді ол ауырмайды, өмірі ұзақ болады» -деп бата жасап, бізді өзі үйінен шығарып салды. Бақсам содан бері де қазір 70 жыл өтіпті. Мен де содан жетпіске келгенше басым ауырып, балтырым сыздаған емес.
Мен өсе келе сондағы Назарбай ата аттарын атаған Исмаил ата, Қошқар ата, Сөксөк ата, Пәрпі аталардың тегін болмағанын елден естіп жүрдім. Тіпті олардың қадым жайлары да мен өскен Белтаудан онша ұзақта емес екен. Белтау шөл даланың кіндік ортасы. Шөл дала деп отырған жерім Қазығұрттың батысындағы Дастарбасты, Ордабасы, Бағаналы, Маңсар, Қойлық, Әлімтау, Қыңырық тау шоқылары орналасқан төрт түлік малдың құт жайлаулары. Енді ойласам менің олай деуім ауру-сырқауды емдегенде тәуіп, бақсы, көріпкелдер қара күштерді (жын-пері,шайтанды) сырқат бойынан аластау үшін әулие рухтарын өзіне шақырып солардан медет сұрайды екен. Осындай бір еңбек И.Костаньенің «Қазақтың наным-сенімдерінен» деген атпен 1913 жылы Орынборда жарияланған екен. Енді осы еңбектен үзінділер келтірейік:
Қазықұрт-ата әулие ,
Арт жақта Қыңырақ бар ,
Бер жақта Қарақ бар,
Сіздерден медет тілеймін!
Түркістанда түмен баб,
Сайрамдағы сансыз баб,
Отырарда отыз баб,
Ең үлкені Арыстан баб,
Сіздерден медет тілеймін!
Қошқар ата әулие,
Айналайын атыңнан.
Тілеуімді оңлай гөр,
Сіздерден медет тілеймін!
Әруақтар жын айдаған,
Шайтан көрсе байлаған,
Айдай бер менің дәу пірім! - болып келеді екен.
Ш.Уәлиханов: «Қазақтар әруақтарға мінәжәт етіп, әруақтардың басына барып түнейді. Өзінің қолы жетпей жүрген көкейкесті арманын өтеуді тілейді, мысалы баласы жоқтар бала сұрайды. Күмбезді мазарлар - қазақтардың ең қасиетті бас иіп әруаққа құлшылық ететін орындары», - дейді (Ш.Уәлиханов: «Әруақтар немесе ата-бабалар рухы»). Демек осында аты аталған Қошқар ата ол кім, өзі қайсы ғасырдың адамы деген сұрау туындайды. Баспасөзде бірнеше мақалалар да жарияланды. Әлі де жазылып жатыр. Егемендік қолға тиген соң бірнеше жерде Қошқар ата туралы мақала жазған біраз авторларға сөз беруді жөн көрдік.
Мұхтар Анарбеков: «Қаратау аймағының халқы бұл мекенді Қошқар ата аулы» деп атайды. Ең әуелі әңгімені Қошқар ата сағанасының өзінен бастайық. Биіктігі екі қабатты үйдей болатын атаның сағанасы Қошқар ата өзенінің иіріліп келіп дұға жасап ағатын қия беткейіне қоныс тепкен (Оңтүстік Қазақстан облысы, Бәйдібек ауданы, Қошқар ата аулында). Қошқар ата деп аталатын өзен Республикамыздың бірнеше жерінде бар. Соның бірі Шымкент қаласын қақ жарып ағып жатыр. Аңызға сенсек Қошқар атаға осы өзен бойында оқ тиіп жараланыпты. Содан ауыр хал үстінде жатып, сол маңға бейіт салдырады. Бірақ кейін қайта жазылып тік тұрып кетеді. Ал қайтыс болған жері жоғарыда өзіміз айтқан жерде» дейді («Халық кеңесі» газеті 5 мамыр 1992жыл).
Енді біз «Әзіз әулиелер» кітабының авторы Шардарбек Әлімұлына сөз берейік: «Сабырбек ата Шымкенттегі Қошқар ата кесенесінің шырақшысы Халыбай Назарқұлға жолығады. Ол кісі 1916 жылы осы (Шымкент) шаһарында туылған.
-Мен кезінде мынау Қошқар ата кесенесін өз қаржыммен салып едім, енді соны қарауылдап жүрмін.
-Бұл жерде Қошқар атаның сүйегі бар ма өзі ?-дейді.
- Неге болмасын, осы жерде жатыр!
-Мен бұрын басқа жақта деп есітіп едім, -дейді Сабырбек.
- Дұрыс, бұрын мына теміржол торабының бергі жағындағы төбеде жатқан, соны кешегі бір имансыздар бұздырып, жай салмақшы болды. Қошқар ата сүйегін қариялар жасырып «Қасқа» деген жердегі қорымға қайта көмген, сол жерден осында әкеліп қайта көмдік. Бір өкініштісі бас сүйегі жоқ болып шықты. Оны қариялар таппаған. Әлгі имансыздар қорымды жаппай сүре берген ғой, -дейді» (Шардарбек Әлімұлы. «Әзіз әулиелер» кітабы, 2009 жыл, 55-бет. Шымкент)
Атақты этнограф-ғалым Әубәкір Диваев кезінде Шымкент уезіне қарасты Қошқар ата болысы, Қошқар ата аулының қазағы Бексейіт Мәнкішов бақсыға жолығып, Қошқар ата аулындағы Қошқар ата сағанасын кім салғаны жөнінде өз аузынан жазып алған екен. Енді ғалым, этнографқа сөз берейік: «Біздің ауылда Таш деген сарт біреудің басына мазар тұрғызған көрінеді, кімге дегенге әулиеге, –депті дейді. Қазір бұл мазар Қошқар ата деп аталады, -дейді (Ә.Диваев «Этнографические материалы выпуск 5» Ташкент. 1896 г.)
Енді бірде «Қошқар атамыздың шын аты Таш, нәсілі сарт» деген мақаланы да оқыдық («Ақиқат» журналы №3, 88-б. 1996 жыл). Бексейіт бақсы кезінде бүкіл қазақ даласына танымал кісі екен. Ол сол Қошқар ата аулы тұрғыны. Оның үстіне сол кісіден жазып алған кісі Әубәкір де елге белгілі ғалым . Демек, әулиенің кесенесін тұрғызған кісіні біз де «Таш» деген кісі деп түсінеміз.
(Жалғасы бар)
Еркебай Бүрлібайұлы,
ҚР еңбегі сіңген қызметкер,
тарихшы
- Қошқар ата
- Исмаил ата
- сөксек