Кедей мен байдың арасы алшақтап барады
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu

 Кіру / Тіркелу

Кедей мен байдың арасы алшақтап барады

  • Тұтқабай ФАЗЫЛБЕК

Қазақстанда жыл өткен сайын бай мен кедейдің арасы алшақтап бара жатқанын ешкім жоққа шығара алмас. «Кедей «бай болсам», бай «құдай болсам» деп армандайды» деген мәтелдің тек байшыкештерге қатысты бөлігі ғана өз күшінде сияқты. Ал сіңірі шыққан байғұстың армандамақ түгіл, бай болу түсіне де кірмейтін шығар. Иә, жер бетінде байлар мен кедейлер арасындағы алшақтық ХХІ ғасырда ең жоғарғы шегіне жетіп, әлемдік деңгейде ең түйткілді мәселеге айналғандығы ресми түрде мәлімделді. Және аталмыш тақырып Батыста Томас Пикеттидің «ХХІ ғасырдағы капитал» атты кітабы жарыққа шыққаннан кейін қызу талқыға салына бастағаны да белгілі. Автордың айтуынша, қазіргі капитализм – ауқаттылардың заманы. Олар байыған үстіне баюда. Соның салдарынан әлеуметтік теңсіздік өршіп, бұл құбылыс экономикалық өсімге кері әсер етіп отыр. «Біздің бүкіл тарихымыздағы капитал теңсіздіктің тереңдеуіне негізделіп келген. Бұл үрдісті түсіндіру оңай. Үнемі толығып жатқан байлық ғаламшардағы халықтың 1 пайызының ғана қолына жинақталуда. Бұл өз кезегінде кірістің өсіп, шығыстың азаюына алып келеді. Қаржыға қатысты ең басты түйткіл – осында» дейді ол.

Ал қазақстандықтар-дың әл-ауқатына қарай өзара жіктелуіне тең-генің құнсыздануы мен қаржы дағдарысы салдарынан туындаған күрделі экономикалық ахуал түрткі болып тұр. Енді бұл үрдісті кері бұру, әй, неғайбыл-ау. Өйткені сарапшылар «Ендігі жерде әлеуметтік теңсіздік тек күшейе береді» деп болжам жасап отыр.

Жалпы, қоғамның жоғарғы және төменгі топтарының табыстары арасындағы алшақтықтың нақты коэффициентін есептеуге құлшынып жүргендер де шамалы. Себебі ресми статистиканың жетілдірілмегендігіне, кімнің қанша пайда табатынын жасырып-жабу мен болжап болмайтын теңге бағамына қарап, бірдеңе деу қиын. Әйткенмен Аманжол Қошанов секілді экономист-ғалымдардың еңбегін жоққа шығара алмаймыз. Жаңылмасақ, 2012 жылдың көктемінде болуы керек, қағанағы қарқ, сағанағы сарқ қазақстандықтардың көпшілігінің табысы әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған тұрғындардыкіне қарағанда 30 есе көп екенін осы А.Қошанұлы жариялаған-ды. Оның сөзіне сенсек, дамыған елдерде бұл көрсеткіш 4,8 еседен аспайды екен. Алайда құзырлы органның ресми дерегі басқашалау сөйлейді: Қазақстандағы байлар мен кедейлердің табыстары арасындағы айырмашылық 2011 жылы 5,72 есені құрапты. Экономистердің ішінде «А.Қошанов келтірген сандық көрсеткіш сәл аздау көрсетіліпті, ал Статистика комитеті ұсынған коэффициент тіпті ақылға сыймайды. Өйткені біздің елде кедейшіліктен арылу проблемасын статистикалық әдіспен шешу мақсатында ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшері жасанды түрде кемітіледі. Сондықтан шынайы ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшері кедейшіліктің шегін анықтаса, ресми ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшері аш-жалаңаш күн кешіп жатқандарды ғана есепке алады. Мұның бәрі бюджетке түсетін салмақты (әсіресе, әлеуметтік жәрдемақылардың көлемін) азайтып қана қоймай, белгілі бір дәрежеде әлеуметтік ахуалды «жақсартуға» да септігін тигізеді» дейтін көзқарастағылар да табылады.

Еске сала кетейік, Қазақстандағы кедейшілік шегі күнкөрістің ең төменгі шамасының 40 пайызы мөлшерінде белгіленеді. Егер биылғы қазан айындағы ең төменгі күнкөріс көлемі 23 мың 459 теңгені құраса, онда кедейлік шегі – 9383 теңге 60 тиын деген сөз. Яғни бай мен кедейдің арасын бөліп тұрған – осы сома. Күлкілі ме? Ендеше, бұл соманың бүгінгі өмірдің шындығына сәйкес келмейтіндігін дәлелдеп, сіздің басыңызды қатырып, әуреленбей-ақ қояйық.

Өкінішке қарай, деваль-вациялық үдерістерді есепке ала отырып ең бай қазақстандықтардың табысы бүгінде ең жарлылардың табысынан қанша есе асып түсетінін дәл есептейтін маманды табу қиын. Әйтсе де «халық айтса, қалт айтпайды» ғой, ел аузында «Нақты айырмашылық 100:1-ге жуықтап қалды» деген пікір бар. Иә, біз де таңырқадық, бірақ «Сірә, бұл тым әсірелеген дерек емес шығар» деген ой ақыры жеңіп тынды.

Оның үстіне күні бүгінге дейін ұлттық валютамыздың құны кәдімгідей құлдырағаны да өтірік емес. Демек, соның салдарынан қалың бұқараның қалтасы шамамен 50 пайызға жұқарып, жарлы-жақыбайлардың қарасы да автоматты түрде бірнеше есеге артса ше?!

Тіпті мәселеге атүсті қарағанның өзінде бүгінде әлеуметтің басым бөлігі маңдай теріне арзымайтын һәм қалыпты өмір сүру деңгейін қамтамасыз ете алмайтын мардымсыз жалақы алып жүргені көрер көзге ұрып тұр ғой. Және олардың қатарын негізінен табыстары республикалық орташа көрсеткіштен де төмен бюджет саласы қызметкерлерінің толықтыратыны анық. Бұл санатқа жататын азаматтарды бірқатар сарапшылар дағдарыс қыспаққа алып, теңге құнсызданбай тұрып-ақ базалық немесе төменгі топқа қосып қойғаны – есімізде. Тіпті жыл басында еңбекақының сәл-пәл көтерілуі де олардың мүшкіл халін оңалта алғанына күмәніміз бар.

«Шықпа, жаным, шықпа» деп, тәуекел аймағының бел ортасында табыстары девальвацияға дейін де орташа деуге келіңкіремейтін зейнеткерлер мен халықтың әлеуметтік осал топтары да қалып отыр. Мамандар «Бұл санаттағы азаматтардың әлеуметтік жәрдемақыларын қанша жерден көбейтсеңіз де, қорытынды сома бәрібір олардың маңызды қажеттіліктерін өтемейді» дейді.

Ауыл шаруашылығындағы жалданушы жұмысшылардың да жалақысы оңып тұрған жоқ. «Құда да тыныш, құдағи да тыныш» деп, мемлекеттің мазасын алмай, өзін-өзі жұмыспен қамтып жүргендердің де қалтасы едәуір жұқарып қалды. Әредік-әредікте түсетін пайда көбісінің үміт отын өшірмей келеді. Теңгенің құнсыздануы мен нарықтағы жаппай қымбатшылық енді-енді төбе қылтитып келе жатқан орта тап пен шағын және орта кәсіпкерлікке де жайсыз болып тұр.

– Халықтың төлем қабілеттілігінің күрт нашарлауы мен бағаның көтерілуі дамуға қолбайлау болатын түрі бар. Әлеуметтік теңсіздік еліміздің түкпір-түкпірінде, әсіресе, ішкі-сыртқы мигранттарды стандартты емес жұмыспен қамтитын қалаларда әжептәуір сезілуде. Стандартты емес жұмыспен қамту шаруашылықты жүргізудің формальды нормаларына тәуелді емес, яғни бұл ретте жұмыс беруші мен жұмысшының арасында келісімшарт жасалмайды, статистикалық есеп жүргізілмейді. Әлеуметтік-экономикалық сипаттағы қиыншылықтарды жиі басынан кешіретін мигранттар девальвацияға дейін де шаһарлардағы әлеуметтік теңсіздік мәселесін көкейкесті етіп тұрған-ды, – дейді Әлемдік экономика және саясат институтының әлеуметтік мәселелер жөніндегі жобалар үйлестірушісі Айман Жүсіпова. Оның пікірінше, қалаларда әлеуметтік теңсіздіктің туындауы жұмыспен және баспанамен қамтудағы проблемалармен тікелей байланысты. Әсіресе, жергілікті халықтың жылжымайтын мүлікті иелену бойынша да өзара жіктелетінін көзіміз көріп, құлағымыз естіп жүр. Мысалы, кез келген қалаға барыңыз, байлар мекендейтін элиталы жабық қалашықтар һәм кедейлер паналайтын шағынаудандар немесе орамдар (квартал) болады. Адамдардың әлеуметтік-аумақтық жіктелуі осыдан басталады. Әрине, тоқыраудағы аудандарда әлеуметтік мәселелер қордаланып, ушыға түсетіні сөзсіз.

Бұл ретте жұртшылық арасындағы әлеуметтік теңсіздікті тежейтін нақты тетіктердің жетіспей жататыны қынжылтады. Мемлекет тарапынан, әрине. Өйткені әлеуметтік теңсіздіктің алдын алып, ең әуелі өзін ауыздықтамаса, оның зардаптары ертеңгі күні опық жегізуі ғажап емес. Білетіндер бұл проблеманың бірінші кезекте қылмыс деңгейіне әсер ететінін айтып, дабыл қағып отыр. Мәселен, статистикалық мәліметтерге сүйенсек, қылмыстың 90,3 пайызын екі қолына бір күрек таппағандар жасайды екен. Ал саясаттанушылар «Әлеуметтік теңсіздік тіпті кедейшіліктен де жаман. Оның соңы әлеуметтік тұрақтылықтың жоғалуына әкеп соқтыруы ықтимал» дейді.

Қысқасы, бай мен кедей тақырыбын қаузаған мамандардың барлығы бүкіл халықтың 1 пайызын құрайтын дәулетті адамдардың байлығы қазіргіден де еселене түсетіндігін айтып, алаңдаушылық білдіріп отыр. Әсіресе, Швейцарияның Давос қаласындағы «Oxfam» қайырымдылық ұйымы осындай болжамның негізсіз емес екендігін ескертті. Ұйымның зерттеуіне қарағанда, қазіргі уақытта миллиардерлердің қаржысы төрткүл дүниедегі байлықтың 48 пайызын құраса, ал келесі жылы бұл көрсеткіш 50 пайыздан асып кетуі бек мүмкін. Яғни, бұл жағдай алдағы уақытта кедей адамдардың қаржы жинап, аяққа тік тұруына айтарлықтай кедергі келтіреді деген сөз.

«Oxfam» қайырымдылық ұйымы құқық қорғау қызметінің басшысы Макс Лоусон: «Біздің болжамымызбен келісетіндер де, келіспейтіндер де көп. Үлкен пікірталас туындауы мүмкін. Бірақ біз байлар мен кедейлер арасындағы теңсіздік кезеңінде өмір сүріп жатырмыз. Әлемдегі ауқатты адамдар мен корпорацияларға біртіндеп салық мөлшерін көтеру керек. Олар өз дәулеттеріне сай салық төлеуі тиіс. Зерттеу барысында жер бетіндегі 1 миллиардтан астам адам күніне орта есеппен не бары 1,25 долларға ғана өмір сүріп отырғаны анықталды», ̶ дейді.

Түйін.

Әрине, байларды ең алдымен өз дәулетінің еселеніп артуы көбірек алаңдататыны – түсінікті жайт. Егер қалталы мен жұпынының күнкөрісіне «Аш бала тоқ баламен ойнамайды, тоқ бала аш болам деп ойламайды» деген тұрғыдан үңілсек, бай-манаптардың әлем тұрмақ, өз мемлекетіміздегі, өз өңіріміздегі, өз көшеміздегі орын алған әлеуметтік теңсіздікке бас қатыра қоюы екіталай-ау. Оның үстіне қарапайым халықтың негізгі талғажау ететін қара наны мен қара суына да қымбатшылықтың ауыз салғаны жығылғанға жұдырық іспетті болып тұр. Иә, қандай қиындыққа төзбеген бұқара бұл?! Бәріне шыдап бағуда. Бірақ шыдамның да шегі бар ғой.

...Таяуда Еуропалық қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) қызықты ақпарат жариялады: Посткоммунистік елдердегі халықтың 23 пайызының табыс деңгейі 1989 жылғымен салыстырғанда төмен көрі-неді. Қалай ойлайсыз, бұл тұрғындардың төрттен бірі кедей тұрады дегенді білдірмей ме?

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.
Наверх

Басқа бас мақалалар

БАҚ: Баян Есентаева күйеуімен ажыраспақ болған

Күйеуі сабап қана қоймай, пышақтап, пышақ жарақатын алып ауруханадан бір-ақ шыққан Баян Есентаева жолдасының көзіне шөп салған болуы мүмкін.  NewTimes.kz ақпараттық агенттігі  WhatsApp арқылы таралып ...

Korrespondent.kz Оқиғалар

Әскерде "асылып өлді" деген сарбаздың мойны үзіліп, басы жарылып, денесі тігілген болып шықты

Ақмола облысынан әскерге аттанған сарбаз үйіне табытпен оралды. Жамбыл облысы, Отардағы бөлімде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген жігіт казарма ішінде асылып өлген. Бірақ, бұл мәйітті туған жеріне әк...

Korrespondent.kz Оқиғалар

ОҚО-да ҰБТ-дан шектік балл жинай алмаған бойжеткен өзіне қол салды

Оңтүстік Қазақстанда мектеп бітіруші түлек Аида Сапарбай өзіне қол салып, қайтыс болды.

Korrespondent.kz Оқиғалар

«Дипломмен ауылға» барғандарға не береді?

«Дипломмен ауылға» бағдарламасы ауыл десе ат-тонын ала қашатын жастардың қарасын азайтуға қаншалықты үлес қосуда? Қаладан шалғай орналасқан елдімекендерге жастар шынымен ауылды көркейту үшін бара ма? ...

Мақпал ТӨРЕБЕК Экономика

Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  DivideGroup — сайт әзірлеуші

  

E-mail: [email protected]

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter