Кедей мен байдың арасы алшақтап барады
Қазақстанда жыл өткен сайын бай мен кедейдің арасы алшақтап бара жатқанын ешкім жоққа шығара алмас. «Кедей «бай болсам», бай «құдай болсам» деп армандайды» деген мәтелдің тек байшыкештерге қатысты бөлігі ғана өз күшінде сияқты. Ал сіңірі шыққан байғұстың армандамақ түгіл, бай болу түсіне де кірмейтін шығар. Иә, жер бетінде байлар мен кедейлер арасындағы алшақтық ХХІ ғасырда ең жоғарғы шегіне жетіп, әлемдік деңгейде ең түйткілді мәселеге айналғандығы ресми түрде мәлімделді. Және аталмыш тақырып Батыста Томас Пикеттидің «ХХІ ғасырдағы капитал» атты кітабы жарыққа шыққаннан кейін қызу талқыға салына бастағаны да белгілі. Автордың айтуынша, қазіргі капитализм – ауқаттылардың заманы. Олар байыған үстіне баюда. Соның салдарынан әлеуметтік теңсіздік өршіп, бұл құбылыс экономикалық өсімге кері әсер етіп отыр. «Біздің бүкіл тарихымыздағы капитал теңсіздіктің тереңдеуіне негізделіп келген. Бұл үрдісті түсіндіру оңай. Үнемі толығып жатқан байлық ғаламшардағы халықтың 1 пайызының ғана қолына жинақталуда. Бұл өз кезегінде кірістің өсіп, шығыстың азаюына алып келеді. Қаржыға қатысты ең басты түйткіл – осында» дейді ол.