Көпбалалы анаға берілетін жәрдемақы – 8823 теңге
- Жанат ҚАПАЛБАЕВА
Ауылдық жерде тұратын көптеген ата-аналар 4 баладан бастап көпбалалы деген мәртебеге ие болып, арнаулы жәрдемақыға үміт арта алатынын біле бермейді. Оған редакциямызға келіп түскен көптеген хаттар арқылы көз жеткізуге болады. Өйткені, бұрынырақта аналар көпбалалы деген мәртебеге 6-7 баладан кейін ғана ілігетін.
Төртінші баласы 9 жасқа толғанша жәрдемақы жайлы естімеген тараздық оқырманымыз Гүлайым Пернеханқызы хабарласып, жәрдемақы жайын сұраған еді. «Егер қазір өтінім берсем, өткен 9 жылдағы жәрдемақымды өндіріп ала алам ба?» дейді ол.
Жалпы, көпбалалы жанұялар қатарына 4 немесе одан да көп балалары бар отбасылар жатады. Жәрдемақы балалар бір ата-анадан туған жағдайда, 18 жасқа толғанша төленеді. Егер 18 жасқа толған бала жоғары немесе арнаулы орта оқу орнында күндізгі бөлімде оқитын болса, жәрдемақы бала оқуды аяқтағанша төлене береді.
Көпбалалы отбасыларына берілетін арнайы мемлекеттік жәрде-мақыны алу үшін қажетті құжаттар:
— жеке куәлік;
— ЖСН;
— мекен-жай анықтамасы немесе үй кітабы;
— жеке есепшот немесе карточкалық шот нөмірі;
— отбасы құрамы туралы анықтама (ЗТМО-да толтырылады);
— балалардың туу туралы куәліктері;
— егер бала орта, техникалық және кәсіби, орта білім беруден кейінгі, жоғарғы оқу орындарында күндізгі бөлімде оқитын болса, оқу орнынан анықтама (оқу бітіргенше жыл сайын).
Барлық құжаттардың түпнұсқалары мен көшірмелері қалалық зейнетақыны төлеудің мемлекеттік орталығына ұсынылады.
Кәмелет жасына толмаған төрт немесе одан көп балалары бар отбасылар ай сайын 4,16 айлық есептік көрсеткіш көлемінде жәрдемақы ала алады. Биылғы АЕК – 2121 теңге. Есептегенде ай сайын 8823 теңге шығады. Көп емес, бірақ ол да болса демеу, көмек.
Ал, «Алтын алқа» (7 және одан көп балалары бар) және «Күміс алқа» (6 және одан көп балалары бар) иегері саналатын аналардың ай сайынғы жәрдемақысы – 13574 теңге (6,4 АЕК). Осы екі марапатты алу үшін жергілікті әкімдіктің халыққа қызмет көрсету бөліміне бару керек. Олар өтініштерді облыстық әкімдікке жібереді. Бұл жерден Президент әкімшілігіне жолданып, сол жақта нақты бекітілгеннен кейін, кітапшасы мен марапат тағайындалады.
Өкінішке қарай, Гүлайым кенже баласы дүниеге келген күннен бергі 9 жылдық жәрдемақыны өндіріп ала алмайды екен. ОҚО мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығына хабарласқанымызда, жауапты маман мұның мүмкін емес екенін, ақша тек өтінім берген күннен бастап төленетінін жеткізді. Сондықтан оқырмандарымыздың есіне саламыз – төртінші нәрестеңіз дүниеге келген күннен бастап мемлекеттен жәрдемақы ала аласыз. Оның көлемі АЕК көлеміне қарай жыл өткен сайын өзгеріп отырады. Есіңізде болсын, көпбалалы аналар Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы жеке куәлік және төлқұжат беру үшін алынатын баж салығынан босатылады.