«Ақ бұлақтың» ақыры: ауызсуға жарымаған ауылдар бар
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu

 Кіру / Тіркелу

«Ақ бұлақтың» ақыры: ауызсуға жарымаған ауылдар бар

«Ақ бұлақтың» ақыры: ауызсуға жарымаған ауылдар бар
  • Аман ЖАЙЫМБЕТОВ

Қазынадан қыруар ақша бөлінген бағдарламалардың бірі ретінде «Ақ бұлақты» атауға болады. Бірақ, біраз жылдардан бері бюджет ақшасын игеруде алдына қара салмайтын бағдарламаның бітіргенін қайдам, әлі күнге дейін ауызсуға жарымай отырған ауылдар бар. Соның бір-екеуін ретіне қарай тізбелеп көрейік.

Оңтүстік Қазақстан облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының БАҚ өкілдеріне берген мәліметтеріне қарағанда, өңірдегі 929 елдімекеннің 71,6 пайызы, яғни 665-і ауызсумен қамтылған. Осы 665 елдімекеннің 414-інде ауызсу тұрғындарға тәулік бойы берілгенімен, қалған 189 мекен Кеңес өкіметінен қалған ескі құбырлардың үстінде отырғандықтан, ауызсуды үздіксіз беруді көтермейді. Ал, қалған 62 елдімекенде электр қуатын үнемдеу мақсатында жергілікті тұрғындардың келісімімен ауызсу кесте бойынша беріледі. Әрине, «Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстар аз емес, дегенмен облыс бойынша тым шалғайда орналасқан 264 елдімекенге бұл бағдарламаның шапағаты жетпей тұр. Оның ішінде 155-іне су құбырлары мүлдем тартылмаған. Сол себепті ол ауылдардағы ағайын ауызсуды әліге дейін тасымалдап ішеді.

Сарыағаш ауданына қарасты Келес ауылының кейбір тұрғындары әліге дейін ауызсуды тасып ішетінін жергілікті телеарналардың бірі көрсетті. Келес ауылының тұрғындары күнделікті тұтынатын суын бір шақырым жердегі көрші елдімекеннен тасып ішеді. Ал қыстың күндері қар мен жаңбырдың суын күн көрісіне жаратады. Жүзден аса отбасы қоныстанған Келес елдімекеніне тіршілік нәрін кіргізуге қазынадан 36 миллион теңге қаралған. Қаржы игерілген, бірақ оның игілігін көріп отырған халық жоқ. Таза су болмағандықтан, тұрғындар сапасыз суды тұтынуға мәжбүр. Жағдайы барлар бір шақырым жерден арнайы тасымалданатын суды сатып алады, қалғандары сапасыз болса да құдықтың суын қанағат тұтып отыр. Бір ғана Сарыағаш ауданында «Ақ бұлақ» бағдарламасы шеңберінде 165 нысан салынған. Бірақ, 15 елдімекеннің ауыз су жүйелері іс жүзінде жұмыс істемей тұр. Өйткені су алынатын негізгі қайнар алдын ала зерттелмегендіктен, қыруар қаржы жұмсалған су жүйелері қаңырап тұр.

Қаржы бөлініп, құбыр тартылып, бірақ таза суға жарымай отырғандар Отырар ауданында да кездеседі. Аталмыш ауданға қарасты Ескі Шілік ауылының тұрғыны К.Досыбаевтың бізге берген сұхбатында таза судың болмауынан тұрғындар әртүрлі ауруға шалдығып жатқанын айтады. «Жергілікті билік өкілдері арнайы бағдарлама аясында жаңа құбырлар тартқанын айтады. Қыруар қаржы шығындап құбыр тартқаннан не пайда, біз ішуге мүлдем жарамайтын сасық суды тұтынып отырмыз. Бүгінде осы судан ауру таптық. Амал жоқ, денсаулығымызды ойлап таза суды тасып ішіп отырмыз. Мен күнара үйдегі 10-15 литрлік ыдыстарды көлікке артып, арысы 30 шақырым жердегі аудан орталығына суға барып қайтамын. Кейде көрші ауданға қарайтын Төрткөл ауылынан тасимын. Өйткені ол су тұщы, біздің «колонкадан» ағатын суды ішіп болмайды. Тек ыдыс-аяқ, кір жууға ғана пайдаланамыз. Үйде ағатын суды ішкен күні түнімен ауырып, мазасызданып шығамыз. Кеше ғана әйелім ауырып, емханаға көрсеттік. Дәрігерлер «бүйрегінде тас бар» деген тоқтамға келді. Тас қайдан келеді, әрине, осы ішіп жатқан суымыз ғой бәріміздің бүйрегімізге тас «байлап» тастаған... Мені балалардың болашағы алаңдатады, осылайша ішуге жарамсыз, сорланған суды іше берсе, денсаулығы не болады?», - дейді ауыл ағасы.

Сенімді дерек көздеріне қарағанда, бүгінгі таңға дейін «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша отыздан астам қылмыстық іс қозғалып, 150-ден астам лауазымды тұлға түрлі жауапкершілікке тартылған. Алайда, әлі де болса жер-жерде арқаны кеңге салып отырған атқамінерлер баршылық. Салдарынан, қыруар қаржы құмға сіңіп, тұрғындар су таппай, титықтап отыр.

Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің баспасөз қызметі таратқан мәліметке қарағанда, өткен жылы аймақтағы 31 ауыз су нысанының құрылысына 6,7 млрд. теңге бөлінген. Бұл ақшаға аймақтағы құбыр суы мүлдем жоқ 150 елдімекеннің жер асты су қорлары бекітілген екен. Нәтижесінде, жалпы қорытынды бойынша орталықтандырылған сумен қала тұрғындарының 91,7 пайызы, яғни, 1143,9 мың адам, ауылды елдімекендердің 71,1 пайызы (596 елді мекен) қамтамасыз етілгенін айтады. Яғни, әлі де 100 пайыз емес. Бүгінгі таңда Оңтүстік Қазақстан облысы халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету көрсеткіші бойынша төртінші орынға тұрақтапты. Ал газдандыру мәселесі бойынша 2015 жылы 57 газ нысанының құрылысына 12,7 млрд. теңге қаралып, нәтижесінде, 14 елдімекеннің тұрғындары «көгілдір отынға» қол жеткізді. Бүгінгі таңға облыстағы 268 елдімекен немесе 1,6 млн халық табиғи газбен қамтамасыз етілген. Аймақ жұртын таза ауыз сумен және табиғи газбен қамту жұмыстарын түбегейлі шешу жұмыстары әрі қарай жалғасып жатқан көрінеді.

Атқамінерлердің айтуынша, алдағы бес жылда, яғни, 2020 жылға дейін Оңтүстік Қазақстан облысындағы қалалық бұқараның 100 пайызы, ауыл тұрғындарының 80 пайызы тіршілік нәрінен қанып ішетін болады. Сондай-ақ, өңіріміздегі 318 елдімекенге «көгілдір отын» барып, нәтижесінде табиғи газбен қамтылған жерлестеріміздің саны 2,5 миллионға жетеді деп күтілуде. Ендеше, 2020 жылды тағатсыздана күткеннен басқа амал жоқ сияқты. Ол кезде де тағы бір сылтаулар айтылып, уәделер орындалмаған күйі қалып кетпесе...

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.
Наверх

Басқа бас мақалалар

Майлыбаев министр, Тоғжанов «замрук» болуы мүмкін...

Арыстанбек «азғырған» қыз-қырқынның көтерілісінен кейін жоғары жақ мың ойланып, жүз толғаныпты. Сөйтіпті де «Арыстанбекті орнынан аламыз» деп шешкен көрінеді. Бірақ, мына «мәселесі» шешілгеннен кейін...

Korrespondent.kz Саясат

Қоғамдық тыңдау қарапайым халықтың қытығына тию үшін керек пе?

Бізде бір түсінбейтін жағдай бар. «Халықтың пікірі ескерусіз қалмасын, қандай жағдайда да мәселенің түйінін ел айтады» дейміз. Алайда айтқан сөзіміз бен іс-әрекетіміз бір-бірімен мүлдем қабыспайды. Ел...

Аман ЖАЙЫМБЕТОВ Қоғам

Донжуан келе жатыр...

Сыр бойындағы көп ауданның бірінің әкімі бұрын істеп кеткен облыс әкімінің орынбасары қызметіне қайта оралайын деп жүрген сыңайлы. Бұл қауесетті естіген облыс орталығының қыз-қырқындары «қауесет емес...

Korrespondent.kz Қоғам

Шураулар шөже санап жүргенде, түркістандықтар тауықтарын түгелдеп алды

Күз – молшылық айы. Ала жаздай еткен еңбектің өтеуі осы тұста айқындалады. Жеміс-жидек жетіліп, еккен өнімге орақ түсетін осы тұста шаруалардың шөже санайтыны бар. Сол айтқандай, биылғы күзде түркіста...

Аман ЖАЙЫМБЕТОВ Экономика

Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  DivideGroup — сайт әзірлеуші

  +7 (702) 5361474

E-mail: [email protected]

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter