Тағы бір «зам» шабаданын қамдап жатыр-мыс
Жаңа әкімнің тағайындалуына байланысты ма, әлде басқа себептері бар ма, ОҚО әкімінің орынбасарлары біраз жаңаратын сияқты. Елбасының идеясы бойынша, «екінші әкімнің» міндетін атқарып, тек инвестиция мен индустрияландыру мәселелеріне ғана жауапты болған «Болашақтың» түлегі Сапарбек Тұяқбаев түнеугүні Астанаға кетті.
Комитет төрағасы болып. Ұзынқұлақтың сөзіне сенсек, енді тағы бір «замы» шабаданын буып-түйіп жатқан көрінеді. Бірақ алысқа ұзамайды-ау. Киелі шаһардың «қожайындығын» місе тұтады-мыс. «Місе тұтпай қайтсін, әдепкіде бұл қаланы ол тақиясына тар көріп жүрді ғой. Есіл-дерті облыстың орталығы еді. Ғ.Әбдірахымовқа «атака» жасау туралы «заказ» өз нәтижесін бермеген секілді. Мансапқұмар шенеуніктің арзан интригасының өмірі қысқа болды» дейді алыпқашпа әңгімеге құмарлар. Сірә, Ғабидолланы атынан аударып тастауға қауқары жетпесе, жетпеген де шығар. Елордадағы талай жауапты қызметтердің құлағын ұстаған, тіпті «АП-ны» көрген Ғ.Әбдірахымовқа мұндай «ойындар» таңсық болмаса керек. Көмейіңіздің бүлкілінен-ақ сезіп тұрмыз, «Күллі қазаққа рухани ұстын болған орданың әкімі қайда барады сонда?» дейсіз ғой. Шағалалы ауданның қос тізгін, бір шылбырын ұстайтын ұқсайды. Айтпақшы, бұл ауданға «А» корпусындағы мерзімі осы айда тәмамдалатын бір басқарманың басшысы да дәмелі-міс. Жаңа басшыдан ұтқыр идея, игі бастама, ілкімді істер күтетін әдетіміз емес пе?! Кім қайда барса да, жолы болсын!
- ОҚО
- Ғабидолла Әбдірахымов
- қызық ақпарат