Педофилы көп аймақтар аталды
- Бекжігіт МӘУЛЕНОВ
Қарағанды, Оңтүстік және Шығыс Қазақстан, Алматы облыстары мен Алматы қаласы педофилы көп аймақтар тізімінде көш бастап тұр. Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есеп комитеті осындай қорытынды жасаған.
Астана мен Алматы, Қарағанды, Қостанай және Оңтүстік Қазақстан облыстарында 14 жасқа толмаған балаларға қатысты жасалған жыныстық қылмыстар өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда өскен. Ведомство таратқан мәлімет бойынша, 2016 жылдың 8 айында 232 қылмыс тіркелген. Былтыр осы уақытта мұндай қылмыс саны 265-ті құрапты.
2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық қылмыс жасаған азғындарды химиялық піштіру қолданысқа енгізіледі. Одан бөлек, қылмыстың осынау түрінің алдын алу мақсатында педофилдер картасы жасалды. Бұл карта Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есеп комитетінің сайтына орналастырылған. Онда 1998 жылдан бастап жасөспірімдерді зорлағаны үшін сотталғандар туралы мәліметтер жарияланған. Кез келген қазақстандық ондағы деректер мен қылмыскерлердің суретіне қарап, қазіргі күні айналасында кімнің жүргенін біле алатын болады. Өйткені, ондай қылмыспен сотты болғандардың қазір бостандыққа шыққандары да бар.