Үміт немесе Сағынтаев синдромы
- Бекжігіт МӘУЛЕНОВ
Бақытжан Әбдірұлының Үкімет тізгінін қолына алғанына да айдан асты. Бағаны реттеу қолынан келмейтінін біле тұрып базар аралайтын басшылардың әрекетін популизмге теңеп, ұзақ баяндамадан бас тартқан ол өзіне дейінгі премьер-министрлердің жұмыс тәсілін қаншалықты өзгерте алады? Орындалмай, омақа асқан мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асырамын деп Сағынтаевтың сағы сынып қалмай ма? Өйткені бір кездері өзі бағынышты болған шенділер енді Бәкеңе бағына қоймауы ғажап емес.
Бақытжан Сағынтаев премьер- министр қызметіне тағайын-далғанда көпшілік қуанды. Жоқ, тек туыстары ғана емес. Қазақ тілінің қамын ойлаған қазақ та бар арасында. «Енді Үкіметтегі жиын мемлекеттік тілде өтеді» деп үметтенді. Өйткені, тіл мен елдің тағдыры «алдыңғы арбаға» байлаулы екені – айтпаса да түсінікті мәселе. Бірақ, бас министрдің бірінші өткізген жиынынан кейін елдің көңілі қайта салқындай бастады. Көп күткен қазақ тілі бәрібір ресми тілге басымдық беріп қойды. Дегенмен, түңілуге ерте. Мәскеу де бірден салынған жоқ қой. Қазақстанның қаймана қазағы басым оңтүстік аумағының тумасы, түптеп келгенде Үкіметті мемлекеттік тілде сөйлетеді деген сенім басым. Бірақ, сарай маңындағы интригандар оған жол бере қояр ма екен? Кеңес кезінде орысша көсіліп, соның арқасында биік мансапқа жеткендер әлі де болса сол ресми тілдің арқасында солтүстік көршіге жақындай да жағына түсіп, өз ықпалын солар арқылы жүргізгісі келетіндер қазіргі премьердің аяғынан шалмасына кім кепіл? Бақытжан Әбдірұлы да мұны білмей отыр дейсіз бе? Еңбегі далаға кетпес үшін асықпай жүріп, анық басары сөзсіз. Тек оған Патша көне қояр ма екен? Уақыт патшаны айтам. Алдыңғылардан қалған шала тірлікті айтпағанда, атқарылатын шаруа – шаш етектен.
Экономикадағы соңғы 15 жылдық жетістігіміз, былайша айтқанда, тірнектеп жиғанымыз инфляция мен девальвация кесірінен шелектеп шашылып жатыр. Өндірісті дамыту үдемек түгіл, үрлесең құлағалы тұр. Өзіміздің қолдан келмегесін амал жоқ, Майқы бише айтқанда, көзі қысық, өзі пысық көрші зауыттарын Қазақстанға әкелейін деп тұр. Тапқаны баққанына жетпей, қарапайым жұрт жағын тістеп отыр. Осы қалыптасқан ахуалда Бақытжан Сағынтаевтың үкімет тізгінін қолына алуын кей сарапшылар камикадзенің әрекетіне балады. Әрі «көпке бармай Сағынтаев та сағымға айналады» деді. Өйткені, Қазақстандағы дағдарыстың күрделенуі дәл осы жаңа Үкіметтің тұсында болмақ деп болжайды. Осының алдын алғысы келе ме, Сағынтаев мырза Қытаймен қоян-қолтық араласуды жақтайды. Аспан асты елінің кәсіпкерлерінен қорқудың қажеті жоқ екенін айтқан бір жиында премьер бұл әріптестіктің тиімді тұстарын тізбектеп «Бізге басқа не керек? Олардың әрмен қарай жұмысын жалғастыруы үшін, жағдай жасау қажет» деп еді.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің алқалық жиынында оның айтқан астарлы анекдоты – баршаның есінде. Сол қағытпаның мәні мынау. Сайлау өтіп, бір партияның экономика мен ел басқару ісіне араласып көрмеген серкесі жеңіп шығыпты. Сайлаудан соң кеңесшілерін жинап алып «бізде мұнай бар ма?», деп сұрайды. «Жоқ», деп жауап береді кеңесшілері. «Газ бар ма?». «Жоқ». «Алтын ше?». «Ол да жоқ». «Мыс?». «Жоқ». «Орман бар ма?» десе, «орман да жоқ» деп жауап қатыпты. «Онда жұмыс істейік». Осы әңгімені айтып елді күлдірген Сағынтаевтың өзі сол кезде аса күле қойған жоқ-тын. Өйткені өзі де құрамында болған бұрынғы үкімет ойдағыдай жұмыс атқарған жоқ. Жасаудың қажеті не? Елімізде мұнай да бар, газ да бар. Алтын да, мыс та бар. Тек қазынада қаржы азайып барады. Осы олқылықты жоюда бар салмақ Сағынтаевқа түседі. Алып шықса, қызметінде біраз отырады. Үдесінен шыға алмаса – өз обалы өзіне.
Әзірге біздің мемлекеттегі қарапайым пенде үшін ең жоғарғы қызмет осы Премьер-министрдің орны боп тұр. Сондықтан Бәкеңнің осы креслода барынша ұзақ отыру үшін барын салатынын ішіңіз де сезіп тұрған шығар. Бір кездері жер комиссиясын басқарған Бақытжан Сағынтаев өңірлерде болып, ел атынан сөйлегендердің сөзінен халықтың шынайы ахуалымен там-тұмдап болсын танысты. Енді саяси-экономист сол әлеуметтің күйін келтіру үшін бар саясаты мен экономистік білімін салуы тиіс.
Сонымен, Сағынтаев Үкімет басына келгенде не өзгереді? Бұл сұраққа жауап берген Расул Жұмалы жаңа Үкімет оның көңілінде ешқандай оптимизм ұялатпайтынын айтып еді. «Үкімет тоғыз рет ауысқанда не өзгерді? Бұл тек декоративті өзгерістер ғана. Меніңше, қазақстандықтардың басым көпшілігі осылай ойлайды» деген саясаттанушының сөзінде жан бар сияқты.
2008-2012 жылдары Бақытжан Сағын-таев Павлодар облысын басқарды. Сол кезде өңірде 1200 гектар жерде негізінен химия өнеркәсібі шоғырланған, Еркін Экономикалық Аймақ құруды қолға алған болатын. Оның 21 шақырымдық қоршауына 229 миллион теңге шығындалды. Яғни, әр шақырымына – 11 миллион теңгеден. Қыруар қаржы жұмсалғанда ол қоршауды бір жау ала алмайтын қорған деп ойласаңыз, қателесесіз. Жергілікті БАҚ-тың айтуынша, кәдімгі тор шарбақ.
Облыстың өндіріс және кәсіпкерлік басқармасы химпарк қажетті коммуникациямен жабдықталып қойғанын, оның аумағында 60 өндіріс нысаны орналасатынын мәлімдеген еді. Алайда, іс сонымен тоқтады. Тіпті, экономикалық аймақ Сағынтаев Экономикалық даму және сауда министрі қызметіне ауысқанда да жүзеге аса қоймады. Өйткені, ЕЭА-қа қызығушылық танытқан 60 кәсіпорыннан тізімде 45-і қалды.
Олардың өзі аумаққа электр мен су құбыры желісінің және теміржол торабының тартылмағанына арызданып жүрді. Жасалынып қойған деген инфрақұрылымға 3,5 миллиард теңге қажет болды. Кейінірек, 2013 жылы вице-премьер Сағынтаев сол өңірге келгенде «Павлодар» экономикалық аймағына келуге дайын инвесторлар бар екенін, қаржы салып, құрылыс жүргізіп жатқанын тағы да айтып еді. 2014 жылдың соңында мұндағы жағдай мүлдем өзгеріп, экономикалық аймақтың құрылғанын батыл айта беруге болатынына сендірді. Ол кезде ЕЭА-қа электр тартуға 1,6 миллиард теңге, су құбырын кіргізуге 711 миллиард теңге, тағы 450 миллион теңге кедендік терминал салуға бөлінген болатын. Оған қоса айналасын қоршауға тағы да 229 миллион теңге берілді. Барлық құрылыс 2014-тің соңында аяқталуы тиіс еді. Бірақ, бұл мерзім келесі жылдың шілдесіне дейін шегерілді. Мердігерлерге мұндай мұрсат берілуінің бір себебі – аймаққа келеді делінген 45 инвестордың 20-сы тек сөзде ғана бар болып шықты. Қазір ол жерде тек үш нысан ғана тұр. Олардың да өнім шығарып жатқаны туралы дерек жоқ. Пайда әкелуі тиіс экономикалық аймақ шын мәнінде қазына қаржысын шашатын шығынды машық боп шықты. Егер Бақытжан Сағынтаевтың бар бастамасы осылай сиырқұймышақтанып кете беретін болса, онда ол Үкімет басында ұзақ отырмайтыны анық.
Есесіне Айдос Сарымның Сағынтаев туралы лебізі жылы. Жер комиссиясының жұмысы кезінде сол кездегі премьердің міндетін атқарып жүрген Бақытжан Әбдірұлымен кездесулер оң әсер қалдырғанын айтқан саясаттанушы «Бақытжан Сағынтаевтың премьер қызметін сақтап қалу мүмкіндігі жоғары. Президентте ескіден, кеңес заманынан келе жатқан бір әдеті бар: премьерлікке кез келген кандидат мемлекеттік қызметтің барлық баспалдағынан өтуі тиіс, өндірісте де істеп, әкім де болуы керек. Сағынтаев осының бәрінен өтті» деген Сарым бұл қызметте оның абыройы да жеткілікті, сөзінің де өтімді екенін ескеріп өткен. Айтпақшы, өзі әкім болып көргендіктен болар, премьер Сағынтаев министрлеріне әкімдерге лайықты құрметпен қарауды ескерте бастады.
Осы тұста оның вице-премьер болып тұрған кезінде әріптестерін шындықты айтуға шақырған үндеуінің пайдасы тиеді. ЭКСПО-17-ге қатысты өткен бір жиында «Біздер, шенеуніктер, қандаймыз: бәрін әдемі көрсетуе дағдыланып қалғанбыз. Ертең бәріміз ұялмас үшін бүгін біреу шындықты айтып, жағдайды жеткізіп тұруы тиіс» деп еді. Шынымен де төменгі жақтағы «үрленген» ақпарды сол күйі қабылдап, тоқмейілсіп отырғанның салдарын тартып отырғамыз жоқ па? Ал, елдің әлеуетін арттыру үшін шынайы ахуалдан да хабардар боп отырудың пайдасы бар екенін бүгінгі премьердің түсінетіні – көңілге медет.
- Бақытжан Сағынтаев
- Премьерминистр
- қызық ақпарат