Қыр астында – қымбатшылық
- Аман ЖАЙЫМБЕТОВ
Жаңа жыл жақындағаннан нарық атты нарқасқа асаулық танытып, мойнына құрық салдырмай кететіні бар. Жылдағы дәстүрінен жаңылмай, биыл да желтоқсан айы тумай жатып қымбатшылық жетті. Алдымен жанар-жағармайдың бағасы өседі. Кейіннен тасымалдау қымбатқа түсіп жатыр деген желеумен барлық заттың бағасына үстеме қосылады. Бұған қараша халық үйреніп те қалды.
Жасыратыны жоқ, бұрындары «Жаңа жылдан бастап жалақыға пәлен пайыз қосылады» дегенге көңіл шіркін кәдімгідей жылып қалатын. Ал, қазір зейнет жасындағы қариялардың өзі «зейнетақы көбейіпті» дегенді «қымбатшылық келіпті» деп қабылдайтын болған. Сол себепті шығар, бизнестің айналасында жүрген байшыкештерден бастап қара базар жағалап жүрген алыпсатарларға дейін «биыл айлыққа қанша пайыз қосылады екен» деп алаңдап отырады. Кеше ғана жаңалықтардан жанармайға жеті теңге қосылып, АИ-92 маркалы бензин ә дегеннен 135 теңгеге өскенін айтты. Сөйтсек, Шымкенттегі мұнай өңдейтін зауыт жөндеу жұмыстарына байланысты уақытша тоқтатылған екен. Уақытша тоқтатылатын зауыттың жұмысын жүйелейтін, өндіріс орны тоқтап қалған жағдайда қат дүниеге айналатын тауарға деген тапшылықты болдырмаудың айла-амалы жасалмағаны ма? Әлде, бағаны білдірмей өсіріп алғысы келетіндер осы бір ұрымтал тұсты ұтымды пайдаланып қалғысы келе ме? Қалай айтқанда да, қылкеңірдектен алатын қымбатшылықтың «біссімілләсі» биыл осылай басталды. Алайда әр нәрсенің астарына үңіліп үйренгендердің айтары мүлде бөлек. Олар қымбатшылықтың төркінін зейнетақы мен жалақыға қосылатын үстемеден іздейді. Үстеме демекші, алдағы 2017 жылдан бастап зейнетақы мен жәрдемақы өсетін болды. ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Біржан Нұрымбетовтың айтуынша, зейнетақы жаңа жылдан бастап 9 пайызға өседі. Сөйтіп, бұрын орта есеппен 54 мың теңге алып жүрген зейнеткерлерге ай сайын 60 мыңнан төленбек. Қарияларды жарылқаған Үкімет жарымжандар мен асыраушысынан айырылғандар және көпбалалы аналарды да ұмытпаған. Яғни, олар үшін берілетін әлеуметтік төлемдердің де мөлшері 7 пайызға өспек. Жалпы халықтың тұрмысын көтеру мен медицинаны жақсарту үшін жауапты министрлік бюджеттен 10 триллион теңге сұрап отыр.
Көріп отырғандарыңыздай, үстеме тек зейнетақы мен жәрдемақыға ғана қосылады. Бірақ, баға осы «қосыладыны» негізге алып қосыла береді. Сонда басқа сала қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайы ескерілмегені ме? Әсіресе, жекелеген кәсіпорындар мен түрлі фирмаларда жұмыс істейтіндердің жалақысы елдің соңын алып барып қосылмаса, бір екі айға дейін міз бақпай тұра береді. Арадағы айырмашылық біраз адамды осы мезгілде діңкелетіп бітеді. Әлеуметтің арасындағы қарама-қайшылық пен ара-қашықтық осындайда айқын білінеді.
Жаңа жоғарыда қымбат-шылықты жанар-жағармайға байланысты қойылатын баға бастап келетінін айттық. Шынында да мұнайлы Қазақстандағы «бензин безгегі» бүгінде тек көлігі бар жүргізушілерді ғана емес, қаражаяу қалың жұртшылықты да қатты мазалап жүр. Себеп белгілі, жанармай бағасы көтерілсе, азық-түлік тауарларының ілесе қымбаттайтын әдеті бар. Алайда бұған дейін де әлемдік ахуалға, Қазақстанның айналасына сілтеме жасап үйренген шенеуніктер бағаның қайта өспейтініне кепілдік бере алмай келеді. Бере алмайды да.
Сонда мұнайлы елдің халқы сол мұнайдан туатын проблемадан қашанға жапа шеге беруі керек?
Байқап қарайтын адам болса, біздің елде бензин бағасының бұғаусыз кетуіне себептердің көп екені алақандағыдай білінеді. Нарықтық экономиканың жазылмаған заңы бойынша, бір нәрсе қымбаттайтын болса, алдымен оған деген сұранысты жоғарылатып алатын әдеті бар. Шымкенттегі зауыттың да аяқ астынан істемей қалуын сондай «шанстардың» біріне балауға болады. Бұған дейін да баға көтерілер алдында «Ресейдің бағалары көтеріліпті, ол жақтағы мұнай өңдеу зауыттарының біреуі тоқтап қалған екен, сол себепті Қазақстанға экпортталатын мұнай өнімдерінің көлемі күрт азайған» деген әңгімені аз естігін жоқпыз. Дегенмен «бұны әдейі бензин бағасын көтеру үшін жасап жатыр» деген пікірлер халық арасында, оның ішінде осы жанармай нарығын жағалайтын «ойыншылар» әңгімесінде әу бастан-ақ айтылып келеді. Дайын «сценарий» бойынша бір-екі күн бензин іздеп сабылған көпшілік кейіннен бағасы қымбат болса да табылғанына қуанады. Осылайша екі асап биге шығатын бензин саласының майталмандары білдірмей бағаны өсіреді, есесіне дер кезінде тауып беріп отырғаны үшін елдің алғысынан да сырт қалмайды.
Түйін.
Бұрындары қазан айының аяғын ала бере «кәрі құда – қыс қырдың артында тұр, сәл күнде есік қағып Жаңа жыл келеді» деп сөз саптайтын едік. Соңғы жылдары сөз саптауымызға да аз-маз өзгеріс енгізіп, «Қыр астында қымбатшылық тұр, Жаңа жылмен бірге жымын білдірмей келіп қалатын шығар» деп жорамалдайтын болдық. Жә, бұдан жаман күнінде де той тойлаған қазақ жанармайды көлеңкелеп келетін қымбатшылығыңнан да қорықпайды. Тек, атың өшкір қымбатшылық өзімен бірге жанары алаулаған жанармайды да жаманатты етіп бітіргені болмаса...
- жанаржағармай
- қымбат
- қызық ақпарат