Келіншектау
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu

 Кіру / Тіркелу

Келіншектау

Келіншектау
  • Мақпал ТӨРЕБЕК

Байлығын бауырына басып жатқан Созақ даласының құшағында қаншама алып жатыр десеңізші... Қойнауы қазынаға толы өңірдегі қарт Қаратаудың өзі неге татиды. Оған «Теріскей, айналайын, келбетіңнен, Сен бізге ақ бесіксің тербетілген» деп ән арнаған жоқ па Шәмші? «Қаратау, Келіншектау, Шолаққорған, Қызылкөл босамайды қонақтардан» деген жолдары тағы бар. Сол атан-атан жасауы тиелген көшті жетектеген келіншектің сұлбасы бар Келіншектауды көруді армандайтындар қаншама...

Қаратаудың алтын тәжі

Қаратаудың теріскейіндегі Шолаққорғанды бетке алып барсаңыз, Келіншектау аудан орталығынан небәрі 50 шақырымдай әріде орналасқан. Қазіргі Таукент кентінің жоғарғы тұсындағы шатқалында тізбектеліп жатқан тау сілемдерін Созақ халқы «Келіншектау» деп атайды. Қаратаудың алтын тәжі атанып кеткен Келіншектауды көзкөргендер, «қарап тұрсаң, өркеш-өркеш таулар, бейнебір, көш-керуен сияқты өзінің жарасымды сауық-сайранымен, сән-салтанатымен, ән-жырымен жылжып кетіп бара жатқан сияқты» деп суреттеп жүр. Әрине, бірі бос кетіп бара жатқан түйеден аумайтын болса, ал екіншісі сәукеле киіп, болып-толып отырған қыңыр қалыңдықтың өзі сияқты. Қыз болған соң ба, іштей аңызды естіген сайын тасқа айналған тасбауыр қызға деген аяушылық та оянады. Мүмкін, оның онысы қыңырлық, қырсықтық емес, бетінен ешкім қақпаған қыздың еркелігі шығар... Ә, айтпақшы аңыз туралы толық айта кетейік...

Қызды тасқа айналдырған қандай құдірет?

Ертеде Қаратаудың етегінде атағы алты айлық жерге жететін, қолына көл-көсір байлық бітсе де ағайынмен араздығы болмаған бір бай болыпты. Бала бермеген Құдай оған айдай сұлу қыз берген-ді. Алланың аманатына асылық қылғысы келмеген бай есейсе, қызын өзі ұнатқан адамға ғана беретінін жария етеді. Осылай 15 жасқа келгенде елдің түкпір-түкпірінен айттырушылар ағылып келе бастайды. Жігіт біткенді көз бен ой сүзгісінен өткізе-өткізе, біріне тоқталған бойжеткен әкесінен ақ батасын алып, ұзатылады. Баяғы берген уәдесінен тайқымаған әке отыз күн ойын, қырық күн тойын жасап, қырық түйеге жасауын артып, қызын ұзатады. Ауылдан ұзап, ақжаулық жамылғалы отырған ару Балдысу өзенінің бойына келгенде көшті тоқтатып, түйелерін шөгеріп, сандық-сандық жасауын ақтарады. Бар бұйымдарының таза алтыннан жасалғанын көрген қызы жалғыз итаяғының ағаштан жасалғанына қатты ашынады. Ренішін білдіру үшін дереу әкесіне адам жіберіп, итаяқты да алтыннан жасатуын талап етеді. Басқа-басқа, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірген қызынан мұндай қаталдықты күтпеген әке жаны күйзеліп «Ата-ана мейіріміне деген мысқалдай рахметі жоқ, қарыз бен парызды түсінбейтін о, тасжүрек неме-ай… Көшің тоқтаған жерге тас болып қатып қал, білдің бе, тас болып қатып қал», – деп күңіреніпті. Сол заматта-ақ Айсұлу мен шұбатылған көш түп-түгел тасқа айналып кеткен көрінеді. Содан бері осы тау «Келіншектау» аталып кеткен. Ал аңызды өлеңмен суреттеген Болатқали Төлебаев:

«Ақыл қашып, алып кетіп сәт есін,

«Кәрі қақбас түзетсін – деп – қатесін».

«Саф алтыннан итаяқты жаса» — деп,

Ақылсыз қыз түңілдірді әкесін.

«Әке-көңіл бола алмас шат» – деді,

«Мұндай қылық көргендіге жат» – деді.

Қайран әке жалғыз қыздан түңіліп,

«Көшіңменен тас боп мәңгі қат» – деді», – дейді.

Қазақтың «Әке қарғысы – оқ» дейтіні содан қалса керек.

Келіншектау шетелде болса не болар еді?

Қазақ жері Оқжетпес, Жұмбақтас, Шайтанкөл, Келін-шектау сынды әдемі атаулары бар ғажайып өлкеге бай. Тау мен тасы, сарқырап аққан өзен-көлі, бұлағы, жайқалған ну орманы бар алып атырап қазаққа таңсық емес. Қай өңіріне, әсіресе Оңтүстігіне бет бұрсаңыз менмұндалап тұратын «шедеврлер» көп-ақ. Бас-басына бір-бір аңызды арқалап, бас-басына бір-бір тарихты шертіп тұрған жоқ па? Қолдағы бар алтынның қадірі болмайтынын айтқан да – дәп осы қазақтың өзі. Осы тамылжыған табиғат шет елде болса, олар қайтер еді?

Мысалы, америкалықтар Колорадо шатқалындағы табиғат-мүсіншінің қолымен жасалған ғажайып таулар мен құз жартастарды сол қалпында сақтау мақсатында сонау 1908 жылы-ақ Гранд-Каньон аумағын ұлттық паркке айналдырған. Тау сілемдеріндегі суреттерді тамашалау үшін туристерге жүз пайыз жағдай да жасалған. Соның арқасында бүгінде Гранд-Каньонды дүние жүзі жақсы біледі. Одан соң онда қаншама шытырман оқиғалы көркем фильмдер де түсірілді. Аталмыш аймақ қаншама роман, повестердің желісіне де арқау болған.

«Мың есе артық көрінді сол келіншек...»

Мамыр айында құлпыра түсетін Келіншектауды сырт сұлулығын Сырбай Мәуленов те суреттеген. «Мың есе артық көрінді сол келіншек, Келіншектен өмірде еш болмаған»,-деп өлең өрді ол. Иә, бұл өлеңнің де астарында бүгінде шаңырағын «шашып» кететін кей қыздарымызға тырнақтай болса да, берері бар аңыз жатыр. Бірақ, өкініштісі сол, әулие-әмбиелі кесене мен мазарларды былай қойғанда, тарихы мен аңызы, айтары бар орындардың да бізде дұрыс дәріптеліп, бағы жанып, алыстан менмұндалап тұрғаны некен-саяқ. Ойдым-ойдым жолын былай қойғанда, «келіңіз, көріңіз» деп көсілетұғын орындардың артықшылығын айтып, түрін түстей алып жатқанымыз да шамалы. Әйтпесе, егемендік алып, еңсе тіктеген ел үшін туристерге жағдай жасап, елімізге қарай ағылатындардың қатарын арттыру анау айтқандай ауыр шаруа емес қой. Жыл сайын бөлініп жатқан көл-көсір қаражаттың қауқары осындай орындарымызды танытуға келгенде жетіңкіремей қала беретіні өкінішті-ақ... Я болмаса, Келіншектаудың көпке бергісіз аңызы мен тарихы, одан қала берді тасқа басылып, келушілерге көрсететін сұлбасы да состиып менмұндалап тұрған жоқ па?!

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.
Наверх

Басқа бас мақалалар

Архимедті Архимед қылған кім?

Ол Ақтөбе облысының әкімі болып тағайындалғанда 40 жасқа да толмаған-тын. Аты-жөні де республикаға анау айтқандай мәшһүр емес, ары барса, бір өңірдің жұртшылығы ғана біледі. Сірә, содан да болар, Мемл...

Тұтқабай ФАЗЫЛБЕК Саясат

Ипотека арқылы үй алудың машақаты аз емес

Жуырда ғана LSM.kz сайты жүргізген зерттеу нәтижесіне көз салсақ, әр банктың ипотека беру шарттары әртүрлі. Мысалы, «Сбербанк Қазақстан» басқарма директоры Мақсат Нұриденұлының айтуынша, бұл банктен А...

Жан КЕНЖЕ Қоғам

Қай облыс несімен мақтанады?

Қазақстанның әр өңірінің өз ерекшелігі бар. Соған орай өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы да әрқилы дамыған. Қазақстанда өнеркәсіптің дамуына жер асты байлықтары кең мүмкіндіктер берді. Елімізде қазба ба...

Жан КЕНЖЕ Экономика

Ақбура әулие

Қазығұрт тауының етегіндегі Ақбура әулие жайлы жергілікті тұрғындардың бірінен естідік. «Бала кезімізде көп баратынбыз» деп сөзін бастаған Жанеркенің айтуынша, жаз маусымында су астынан жыландар мен б...

Мақпал ТӨРЕБЕК Мәдениет

Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  DivideGroup — сайт әзірлеуші

  +7 (702) 5361474

E-mail: [email protected]

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter