Азабын қазақ тартады, қызығын басқалар көреді
Бұрындары дімкәс балалар өте сирек кездесетін. Бүгінде жақсы жетілмеген жасөспірімдер жайлы жиі айтылатын болды. Жарымжан көңілін жабырқаған болып, ауыруы туралы жұмсартып айтамыз. «Мүмкіндігі шектеулі азаматтар» дейміз. Туылмай жатып арбаға таңылған тағдырлардың мөлдіреген жанарлары жүректерді ауыртады. Бірақ, аяғаннан басқа амалың, мүсіркегеннен басқа мүмкіндігің жоқ. Тіпті, әр оныншы баланың осылайша ауру болып туылуын қалыпты жағдай деп қабылдайтын болдық. Бұл түрімізбен көп өтпей-ақ мүгедектері ең көп мемлекетке айналып кетпейміз бе? Соңғы кезде жарымжан балалар неге көбейіп кетті? Түрлі аурулардың асқынып бара жатқаны экологиялық жағдайдың ауырлығынан емес пе?