«Әкімнің есебіне «дежурныйлар» ғана қатысады»
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu

 Кіру / Тіркелу

«Әкімнің есебіне «дежурныйлар» ғана қатысады»

  • Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ

Болатбек Қыстауовтың Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданына әкім болып барғанына төрт жылға жуық уақыт өтті. Оған дейін үш жыл бойы аудан әкімінің орынбасары қызметін атқарған.

43 жасқа қадам басқан әкім Қазығұрт ауданының тумасы. Ауданға басшы болып келгенде жерлестері «өзі туып-өскен жеріне жанашыр адам келді» деп қатты қуанғаны бар. Жерлестері сенім артқан әкім сол сенімді ақтап жүр ме? Бұл сұраққа жауап алмақ болып тұрғындар арасында сауалнама жүргізіп көрдік. Сауалнамаға қатысқан алғашқы тұрғын - зейнеткер Разия. 2002 жылы атамекен жеріне көрші Өзбекстаннан қоныс аударған кейуана 2011 жылдан бері аудандық кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығына жақын орналасқан жаңа құрылыста тұрады. Өз сөзін «әкімге шағымым жоқ» дегеннен бастаған Разия апа зейнет жасында болғандықтан көп нәрседен хабарсыз екенін алға тартты. Дегенмен, өзі тұратын елдімекенде ішкі жолдардың әбден әбіржітіп біткенін жасырмады. Бұл проблеманы көршілері жиналып, билікке жеткізген екен. Бірақ, әлі нәтиже жоқ. Ал аудан әкімін танымайтын болып шықты. 

Қазығұрт ауылдық округінің тұрғыны Райхан Сәбденова да әкімді танымайтындардың қатарынан. Тіпті төрт жылдан бері әкім болып келе жатқан Қыстауовты қызметінен алып, «жақында жаңа әкім тағайындалды емес пе?» деп те шатасып қалды. Қазығұртттықтардың әкімдерін «орнынан кетіріп» қоюына не себеп болды екен? Жұмыс істемегендіктен бе? «Әкімді көрмегенмін, танымаймын» деп қысқа қайырған 47 жастағы Райхан ары қарайғы сұрақтарға жауап бергісі келмеді. Дәл осы ауылдың тұрғыны Серікбай Ақтаев қуанышқа орай Қыстауов мырзаның әкім екенін біледі екен. 1963 жылдан бері ауданның тұрғыны болып келе жатқан ол бүгінге дейін талай басшының ауысқанын, қазіргі басшыны «жұмыс істеп жатыр ғой» деп, аса қатты мазалап жатқан проблеманың жоқтығын айтты. Жергілікті тұрғын Думанның әкімде еш шаруасы жоқ. «Кім келіп, кім кетпеген аудан дейсіз? Кім басшы болса да маған бәрібір. Жұмыс істеп жатса, өз міндеттері. Жоғары жақ шаруаларды тындырсын деп отырғызды ғой» деген Думанның жүзінен әкімдерге деген реніш бар сияқты көрінді. 

Әрмен қарай аудан орталығындағы «Қуаныш Ата» базарына келіп тоқтадық. Не де болса, осындағы саудагерлердің бір білері бар шығар деген оймен нәпақасын саудадан тауып отырған әйелдердің қасына келдік. Мән-жайды түсіндіріп тұрғанымыз сол еді, әп-сәтте бір топ келіншек жинала қалды. Айтар шағымдары бар екен. Зейнет жасына шыққан Сәрсенкүл әжей Шарбұлақ ауылдық округінен қатынап, сауда жасап жүр. «Проблема көп. Халық кедей. Күнін көре алмай жатқандар бар. Қарапайым мысал, осы базарда Бақтыгүл есімді келіншек мекен еткен. Барар жері жоқ. Сондай-ақ, бізде зейнет жасына шықса да қызметінен кеткісі келмейтіндер бар. Мысалға, менің үш келінім мамандығы бойынша мұғалім. Бірақ, жұмыссыз. Ауылдық мектепте орын жоқ. Қос бірдей қызметкерді танимын жұмысынан кеткісі келмей отырған. Танымайтыным қаншама. Сонымен қатар бізде ауыз су тапшы. Су уақытпен беріледі, жиі тоқтатып қояды» деген Сәрсенкүл апа ауылға көгілдір отынның кіруі сағызша созылып, әлі күнге дейін газсыз отырғанын ашына айтты. Орталықтағы Тұтқабаев көшесінің тұрғыны Гүлжан есімді саудагердің де ауыз суға қатысты шағымы бар екен. «Қазіргідей қыс ауасында су берілгенімен, ертең жазда тапшы. Газдың сапасы да мардымсыз. Үйді жылыта алмай әлекпіз»,-дейді ол. Ал Телемұнара, Береке көшесіндегілер газсыз, сусыз отыр екен. Шағымдарын кезекпен айтқан саудагерлердің әкімге деген өкпесі де жоқ емес. «Проблемамызбен талай бардық әкімнің алдына. Күзеттегі полицейлердің жүзін көргеннен ары аса алмадық. Күтіп-күтіп, талай уақытымыз зая кеткен. Әкіммен кездесу мұң. Тегі ішке кіргізбейді. Көшенің тұрғындары болып жиналып соңғы рет былтыр қазанда бардық әкімшілікке. Ол кезде де сол жағдай»,-деді Береке көшесінің тұрғыны Мәриям. Айтпақшы, базардағылар да әкімді танымайды. 

Қызылқия ауылдық округіндегілерді ойдым-ойдым жолдар әбден шаршатқан. Әсіресе Айнатас, Қызылқия ауылындағы жағдай қиын. «Өзім тұратын Қызылқия ауылында былтыр ғана жолдар төселген тұғын. Ал қазір көрсеңіз, шұңқырланып, жүріп-тұру қиынға түседі. Сапасы тым нашар» деген Біржан есімді жасы 30-дан асқан тұрғынды бұдан бөлек ауылда жұмыссыздықтың көптігі алаңдатады. Ауданға Қыстауов басшылық ететінен хабардар ол әкімнің нендей жұмыс істеп жатқанынан бейхабар екен. «Жыл сайын атқарған жұмыстары туралы есеп береді. Естиміз. Бірақ оған бізді кіргізбейді. Өйткені қиын сұрақ қойып тастаймыз ғой...» дейді. Айтуынша әкімнің есеп беру жиынына «бәрі керемет», «күшті жұмыс жасап жатырсыз» деп алғыстан басқа айтары жоқ «дежурный» тұрғындар шақырылатын көрінеді. 

Ынталы ауылдық округінде де жол мәселесі халықты мазалайды. Міне, жергілікті тұрғындардың әкім және оның атқарған жұмыстары туралы пікірі осындай. Айтпақшы, ауданға барғанымызда орталық көшелерден билбордтарға ұқсас шағын «панноларға» (тақта) көз түсті. Неліктен дейсіз ғой?.. Бізде көбіне ондай тақталарда Елбасы Жолдауынан мысалдар келтіріледі немесе нақыл сөздер жазылады ғой. Ал Қазығұрттағы мұндай тақталарға аудандағы өндіріс орындары мен шаруа қожалықтарының, ЖШС-лардың аттары жазылған. «Ол не үшін?» деген сауалға жауап табу үшін терең ойға батып, бәлкім жергілікті әкімдіктегілердің келген қонақтар Қазығұртта осындай кәсіпкерлік субъектілерінің бар екенін білсін деген ойы болған шығар дедік. Бірақ, қазақта «қайыр қылсан, бүтін қыл» деген бар емес пе? Тым болмағанда әлгі кәсіпорындардың мекенжайын көрсетсе ешкім қой демесі анық қой. Қысқасы, қалып кеткен қаржыны әйтеуір жұмсаудың әдісіне баладық та әрмен қарай Шымкентке жол тарттық. 

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.
Наверх

Басқа бас мақалалар

Error: No articles to display

Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  DivideGroup — сайт әзірлеуші

  

E-mail: [email protected]

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter