«Жамантайды жаман деп айта алмаймыз, алайда...»
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu

 Кіру / Тіркелу

«Жамантайды жаман деп айта алмаймыз, алайда...»

«Жамантайды жаман деп айта алмаймыз, алайда...»
  • Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ

Мақтарал ауданының әкімі Жамантай Бейсенбаевтың билік тізгінін қолына алғанына әлі бір жыл да болған жоқ. Дегенмен, Жамантай Қанайұлы бұл аудан үшін бөтен емес. Наурыздың екінші онкүндігінде 58 жасқа толатын әкім осы ауданның тумасы. Мақтаралдың өсіп-өркендеуіне талай жыл еңбегі сіңген. Қарапайым мысал, әкімдік қызметке отырмас бұрын Бейсенбаев 11 жыл аудан орталығы Жетісай қаласын басқарған. Сонымен қатар аудан әкімінің орынбасары да лауазымын атқарған. Қысқасы, мақталы өңірдің қыр-сырын бес саусағындай меңгеріп-ақ алған. Бірақ... 

Иә-иә, бірақ, бір қызығы Жәкең жетісайлық жамағатқа онша танымал еместей көрінді. Жә, абырой-атақты қоя тұралық. Десек те, орталық халқының көбі әкімді танымағанымен, атқарып жатқан жұмыстарын мақтап отыр. Осыдан 7-8 жыл бұрын көршілес жатқан Өзбекстаннан көшіп келген Әсемкүл аудан орталығындағы жаңа құрылыс аумағында тұрады. Өзі тұратын елдімекен жаңадан бой көтергеніне қарамастан инфрақұрылым мәселесі толығымен шешімін тауыпты. «Су, көгілдір отын, жарық деген сияқты проблеманың барлығы шешілген. Жолымыз да жақсы. Ауданымызға былтыр ғана жаңа әкім тағайындалды ғой. Жұмысы тәуір. Әсіресе базарымызды ретке келтіріп жатыр. Сауда орнының кіреберіс аумағы кеңейіп, жүріп-тұруға ыңғайлы етіп жасалынуда. Тек базар емес, орталық алаң маңы да көріктендірілді. Бірақ, шынымды айтсам, жұмыстар жасалынып жатқанымен, әкімді танымаймын, әйтеуір әкімдіктегілер істеп жатқан шығар деп жүреміз», – деді Әсемкүл. 

Төрт жыл бұрын Жетісайға келін болып түскен Замира орталықтағы базарда сауда жасайды. Амалдап күн көріп отырған ол ауданда жұмыссыздықтың кесірінен тұрғындардың көбі қайыршылыққа түсіп кеткенін айтады. «Олар қайбір жетіскенінен жүр дейсіз? Бәрі де жұмыстың жоқтығынан ғой» деп әңгімесін бастаған ол да аудан басшысын танымайтын болып шықты. Тіпті оның атқарып жатқан жұмыстарына бағасын да бере алмады. 

Мақсат есімді әйелдің Жетісайдағы көгалдандыру жұмыстарына көңілі толмайды. Өйткені жұрт аптап ыстықта көлеңке іздеп әлек болады. Бұл тұрғынды да жұмыссыздық жайы алаңдатады. «Халықтың көбі жұмыс іздеп Алматы, Астанаға кетіп жатыр. Әсіресе, жастар» деген ол он жылдан бері автобекетте сауда жасайтынын жеткізді. 

Аудан әкімінің жұмысына риза екенін жасыра алмаған жетісайлық Жанат есімді әйел ауданға әкім Жамантай Бейсенбаев келгелі бері өзі тұратын Махамбет көшесінде бірнеше жылдан бері жыр болған асфальт мәселесі оң шешімін тапқанын айтты. Енді көшелердегі санитарлық жағдай оң шешілсе деген тілегі бар. 

Бақтыгүл апай 15 жылдан бері сауда жасап күн көріп отыр. «Күнкөріске керектіні осы базардан табамыз. Әкімнің жұмысында шаруамыз жоқ. Есеп беріп жатады. Сыртынан көргенмін, не жұмыс істеп жатқанын білмеймін. Бірақ, қаламыз жөнделіп қалды. Бірақ кімнің арқасында екенін білмейміз ғой»,-деп қысқа қайырды саудагер. 

Базардан нәпақасын тауып отырған Ләззат есімді келіншек А.Қалыбеков ауылдық округі, Тұран ауылынан (бұрынғы Прогресс) қатынап, Жетісайдағы базарда тәтті күлшелер сатады. Ауылымызда су, жарық мәселесі шешілді деген ол, газдың жоқтығы елді біраз әбіржітіп отырғанын жеткізді. Аудан әкімін танымайды. Тұрғындардың ендігі үміті ауылдан сайланатын депутаттарда дейді. Бірақ нақты қашан ауылға газдың кіретінінен хабарсыз екен. 

Ауданға қарасты Достық ауылдық округі, Бескетік ауылында да газ жоқ. Нұрсұлу есімді келіншек Индерде 2000 жылдан бері тұрады. «Біз көшіп келгендегі ауыл әлі сол ауыл ғой, өзгеріс жоқ» деген ол да Жамантай Бейсенбаевтың кім екенін білмейді. Дәл осы ауылдағы жол мәселесі де елді шаршатып жіберген. 

«Момышұлы көшесі бойындағы ойдым-ойдым жолдағы шұңқырды бітемек болып, топырақ араластырып, қоқыс төгіп кетіпті. Ауылдың жігіттері оны депутаттықтан үміткер біреудің ісі дейді. Енді ол ұят қой... Ел ашуланып отыр»,-деді Талдыбай есімді тұрғын. Сонымен қатар бескетіктерді қараусыз қалған мәдениет үйін пана еткен төрт отбасының тағдыры алаңдатып отыр. «Ғимарат кәдімгі бетоннан тұрғызылған. Үйсіз-күйсіз қалған төрт отбасы сол жерде тұрып жатыр. Қысы-жазы суық. Балаларынан обал. Ауыл тұрғындары қолдарынан келгенше терезесін салып, пешін тұрғызып берді. Бірақ, бәрібір суық. От жақпаса пана еткен «үй» іші суық. Бірақ, отынды да үнемдеуге мәжбүр» деген тұрғындар жергілікті әкімдіктен қайыр қалмағанын ашып айтты. Олар да депутаттықтан үміткер азаматтарға сенім артып отыр. «Өткенде бір кандидат келіп, халықпен кездесіп кетті. Сол кезде мәдениет үйін пана еткендердің жағдайын жеткіздім. «Солардың жағдайы оңтайланса, елдің бәрі саған дауыс береді» деп те ашық айттым. Көреміз енді», – дейді Талдыбай есімді тұрғын. Айтпақшы, тұрғындар әлгі ғимарат кімнің меншігінде екенін білмейді. Айтуларынша, бұрын мәдениет ошағы болған нысанның қараусыз қалғанына біраз болған. Апатты күйге түскен. Бір қызығы, бұл ауылдың тұрғындары көкейлерін мазалаған проблемалар бола тұра, аудан әкімі Жамантай Бейсенбаевқа шаң жуытпады. Айтқандары – орталық жаңа кейіпке енген. 

Жаңаауыл ауылдық округіндегі Әбдіхалық ауылының халқы көгілдір отынды күтіп отыр. Бірнеше рет әкімдіктің уәдесін алған олар билік сөзінде тұрмайды деп ашынды. Сонымен қатар, әбдіхалықтық тұрғындардың ауылға көз қырын салудан қалған биліктегілерге өкпесі қара қазандай. 

Қарақай ауылына кіребірестегі көпір тұрғындардың әбден үрейін алып бітті. Себебі көпір жолы шұңқырланып, жүріп-тұруға кәдімгідей салмақ салып отырғанға ұқсайды. Әкімшілік бұл мәселеден хабардар екен. Бірақ, нақты шешімін әлі айтпапты. Одан өзге ауылға ауыз су кіргізілгенімен, тұрғындар ащы су ішуге мәжбүр. Негізі, ауылға су арнайы сүзгіден өткізіліп келуі тиіс екен. Бірақ, жауаптылар оны жарытпай отырған көрінеді. Ауыл тұрғыны Қанат Сағындықов: «Ащы су ішіп отырғанымызды айтып, әкімшілікке бірнеше рет бардық. Әкім жауаптыларға тапсырма беріп, 2-3 күн таза ауыз су ішіп қаламыз. Одан кейін қайтадан баяғы әуен басталады», – деді. Бұл ауылда да жұмыссыздық белең алған. «Жұмыстың жоқтығынан тұрғындарымыз жан-жаққа бас сауғалап кетті. Жасы келген ағалар көшеде отырып, өсек айтқаннан басқа істейтін жұмыстары қалмады. Анда-санда егін кезінде қара жұмысқа жалданады», – деген тұрғын «Жамантай әкімді жаман деп айта алмаймыз. Жаңадан келген ғой. Келгеннен өзгерістер ала келді. Әкімнің жұмысына баға беру үшін ол кемінде 2-3 жыл басшы болуы керек. Бұрынғы әкім Серік Тұрбековтің жұмысына оң баға беремін. Қазіргі әкімге бұрынғы басшының жолын берсін», – деп сөзін тәмамдады. 

Мақтаралға жасаған сапарымыздан түйгеніміз, Бейсенбаев аудан орталығының халқы алдында танымал болмаса да, әйтеуір Жетісайдың өркендеуі үшін барын салып жатқан сияқты. Десе де, әкім болғанда елге үйіп-төгіп берген уәдесін әлі толықтай орындап үлгермеген. Алыс-жақын ауыл халқы әкімді танығанымен, күрмеуі шешілмеген проблемалар толып жатқанын аңғардық. Көнбіс халық оған ауданның басшысын емес, ауыл әкімдерін кінәлайды. Ауыл әкімі аудан басшысының ығынан шыға алмайтынын, берген тапсырмасын орындап, отыра беретінін қараша халық қайдан білсін.

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.
Наверх

Басқа бас мақалалар

Error: No articles to display

Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  DivideGroup — сайт әзірлеуші

  

E-mail: [email protected]

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter