Бай мен кедей арасы қатты алшақтап барады
- Айдын СӘТЖАН
Ақ пен қараның, аласа мен биіктің, ұзын мен қысқаның қатар жүретіні сияқты қай қоғамда да бай мен кедей бірге өмір сүрген. Кешегі кеңес идеологиясы қанша жерден кедейлердің мүддесін қорғағансып, байларды жек көрінішті етіп көрсеткісі келсе де бай мен кедей ол кезде де болды. Бірақ қазіргідей емес-тін. Ал, бүгінгі демократиялық қоғамымызда екі таптың арасы кәдімгідей алшақтап кеткен. Тіпті, немен өлшеріңді білмейсің...
Мысалы, байлар баратын мейрамханалар мен орта тап өкілдері бас сұғатын және өздерін қанша жерден кедейлер қатарына қосқысы келмесе де «бір кем дүние» үнемі жеткізбей жүретіндердің жүрекжалғайтын жерлері бар. Сол сияқты дабырайтып «Мынау бай балаларына арналған мектеп» демесек те, кіл қалталылардың еркетотайлары білім алатын оқу орындарын да былайғы халық сырттай біліп қалды. Әйтпесе, үйінің жанында мектеп бола тұра алыстан білім іздеп сандалатындар саны аз емес. Есесіне қала орталығынан үй алуға шамасы келмеген орта шаруалар балаларын ең жақын мектепке оқыту үшін де қыста батпаққа батып, жаз шыға шаңды кешіп жүргені жасырын емес. Міне, осының өзі қоғамдағы екі тап өкілдерін кәдімгідей айқындап беріп отыр емес пе?
Біздің қаламға азық болып отырған тақырыпқа байланысты әлденені байқап, өзіңізше көңіл таразысына салып көргіңіз келсе, алысқа ат арылтпай-ақ өз қалаңызды немесе ауылыңызды бір айналып шықсаңыз жетіп жатыр. Кімнің бай, кімнің кедей екені тайға таңба басқандай-ақ білініп тұр. Мысалға өзіміздің Шымкентті алайық. Шапағаттан үй алуға шамаңыз келе ме? Тараздан үй тұрғызуға ше? Наурыз мөлтекауданы да сізге мұрын шүйіріп қарайтын шығар? Демек... Ал, Самал, Нұрсәт, Нұртас, Қайтпас, Пахтакор, Коммунизм, Ынтымақ, Асар, Бозарық, Қазығұрт сияқты шағынаудандарға да екінің бірі қол жеткізе алмай жүргені жасырын емес. Әрине, ел болған соң «элитный» үйлерде тұрғаны болмаса қарызға белшеден батқандар да, бір үзім нан тауып жеудің өзі мұңға айналғандар да жоқ емес, есесіне анау-мынау қалталыларды жолда қалдыратындай дәулеті болғанымен сыртқа сыр алдырмайтындар да, орта шаруа кешіп отырғаны болмаса, онша-мұнша баймын дейтіндерді «шәпкімен ұрып» алатындар да бар.
Жә, жарайды. Біздің айтпағымыз, қалталылардың байлығын өлшеп, кедейлерді кемсіту емес еді. Бар ойымыз, кедей-бай синдромының салқыны қоғамның қақ айырылуына әкеп соғып, ертеңгі күні балаларымыз екіге бөлініп, дүрдәраз болып жүрмесе екен... Қазірдің өзінде жөсөспірімдер бұрынғыдай досты адал-әдептілігіне емес, бай-бақуаттылығына қарай бағалай бастады емес пе? Оның зардабын кім тартады? Мысалы, еліміз бай мен кедей арақатынасы бойынша жақсы көрсеткішке қол жеткізіп отырған жоқ. Дамыған елдер жағдайында негізгі себеп жаһандану болса, біздің жағдайда мәселенің төркіні басқа факторларға келіп тіреледі. Ең алдымен сапалы білімнің бәріне бірдей қолжетімді болмауы. Соңғы он жыл бойы елімізде элиталық білім беру үрдісі белең алып, елдегі бүкіл назар дарынды балаларға арналған мектептерге, гимназияларға, лицейлерге бөліне бастады. Элиталық мектептерде білім сапасы жақсы, бірақ олардың саны қарапайым орта мектептермен салыстырғанда, әлдеқайда аз. Демек, еліміздегі оқушылардың басым көпшілігі өкіметтің қарапайым жалпы орта мектебінде оқуға мәжбүр.
Сондай-ақ, еліміздегі әлеуметтік-экономикалық жүйе байлардың байи, кедейлердің кедейлене түсуіне ыңғайлы жағдай тудырып отыр. Мәселен, жылжымайтын мүлікті қарастырайық. Еліміздің үлкен қалаларындағы тұрғын үй құны өте қымбат, оған жағдайы төмен отбасы ешқашан қол жеткізе алмайды. Жаңа соғылып жатқан үйлерді көбіне бақуатты адамдар сатып алады. Жаңа пәтерге қол жеткізе тұра, мұндай адамдар ескі пәтерін сатуға асықпай, оны жалға беруге тырысады. Тіпті кейбір адамдар ондаған немесе жүздеген пәтерді сатып алып, сол арқылы дүние табуда. Ал сол жүз пәтерді жалдап отырған 100 отбасы, бүкіл табысын пәтер иесіне бере отырып, тұрақты түрде жағдайы нашар отбасы болып қала береді. Дәл осы жағдай ауылдық жерлерде де қайталанып отыр. Ауыл-аймақтарда шаруашылыққа жарамды жерлердің бәрі санаулы адамдардың иелігіне өтіп, ауылдағы қарапайым тұрғындар мал жаятын не егін егетін жерге тапшы болып қалды.
Біздің елдің Ата Заңы бойынша Қазақстанның басты байлығы – оның азаматтары және сол азаматтардың бәрі бірдей мүмкіндіктерге ие болуы шарт. Бірдей мүмкіндік дегеніміз – байлардың ақшасын тартып алып, кедейлерге таратып беру емес. Бірдей мүмкіндік – ата-анасының немесе туыстарының материалдық жағдайына және саяси ықпалына қарамастан барлық балалардың, азаматтардың жетістікке жетудегі теңдей мүмкіндікке ие болуы. Еңбектенген, ізденген адам материалдық байлыққа қол жеткізе алатындай болуы тиіс. Ал егер кімде-кім өзінің жалқаулығының немесе білімсіздігінің кесірінен кедей болып жатса, ешкім оған бостан-бос көмек бермеуі қажет. Міне, осы тең мүмкіндіктің сақталуы бай мен кедей арасы алшақтаған сайын қиындай береді. Белгілі саясаткер Дархан Өмірбектің пайымдауынша, кедей мен бай арасының алшақтауы қоғамда түрлі қылмыстық оқиғалардың өршуіне жол ашады және елдің экономикалық өсуіне де айтарлықтай нұқсан келтіреді. Сол үшін ала қойды бөле қырықпай, барлық адамның тең дәрежеде мүмкіндіктерді пайдалануға әрекет еткені абзал. Біздің қазақ бұл тақырыптың түйінін бір сөзбен «Әрекетке – берекет!» деп түйіндеді емес пе, ендеше сіз де төменгі таптан ортаға, ортадан жоғарыға қарай жылжуға әрекет ете жүріңіз.
- бай
- кедей
- қызық ақпарат