Әбдірахымовқа «атака» жасау туралы «заказды» кім берді екен?
Газетіміздің өткен нөмірлерінің бірінде «ОҚО әкімі орынбасарларының бірі Шымкент қаласы әкімінің қызметін сұраған көрінеді» деп жазған едік. Айтып болғанымыз сол екен, Шымкент қаласы әкімін сын тезіне алған мақалалар мен небір қиямпұрыс әңгімелер пайда бола бастады.
Бұл «атакалардың» артында кім тұрғанын Әбдірахымовтың өзі де сезіп отырған шығар. Ол түгілі әкімдік жағалап жүрген екі кісінің бірі «Ғабидолланы төмпештеп жатқандардың артында қала әкімі болғысы келіп жүрген адам тұр ғой» деп, өсекті қыж-қыж қайнатып жүр. Не болса да, бұл «соғыстың» арты жақсылыққа апармайтын сияқты. Себебі Ғабидоллаңыз да оңай шағыла салатын жаңғақ емес. Негізі, сынап жүргендердің аргументтері де құлаққа кіретін нәрсе емес. Шымкентті басқарғанына бір-ақ жыл болған адам не тындырып үлгере қойсын. Облыс әкімінің аузына неше түрлі сөздерді салып беріп жатқандар да осыны түсінсе болар еді ғой. Соған қарағанда «заказ бергендер» интриганы дұрыс жүргізе алмайтын, есалаңдау біреу сияқты. Айтпақшы, әлгі мансапқұмар орынбасар жүрген жерінде «облыс әкімімен арамыз онша емес» деп, өсек таратып жүрген көрінеді. Шынын айтсақ, дәл осылай арзан интригамен айналысатындардың арты жақсы болғанын көрмеппіз. Бұның да соңы сондай болатын шығар...
- шымкент
- әкім
- Ғабидолла Әбдірахымов
- қызық ақпарат