Темірбаеваның статистикасына қуандық, бірақ...
- Тұтқабай ФАЗЫЛБЕК
Газетіміздің өткен санында ғана «Оңтүстіктегі ең өзекті мәселе – жұмыссыздық пен қылмыс» деп мақала жазып едік. Араға нөмір салмай, «Оңтүстік Қазақстан облысы жұмыспен қамтылу бойынша елімізде көш бастап тұр» дегелі тұрмыз. Өйткені облыс әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева осылай деп мәлімдепті. Оның айтуынша, бұл көрсеткіш жұмыспен қамтылған азаматтардың 86 пайызының міндетті зейнетақы жарналарын аударғандығы арқылы анықталып отыр екен.
Айтсын-айтпасын, аталмыш өңірдің табиғи-климаттық жағдайы экономиканың алуан-алуан салаларын өркендетуге қолайлы-ақ. Иә, мұнай мен газ өндірілмейтін шығар, бірақ маңыздылығы жөнінен олардан мысқал да кем түспейтін байлықтар мұнда жетіп-артылады. Мәселен, уран өндірісі жөнінен ОҚО әлемдік көшбасшылардың қатарынан саналады. «ҚазАтомӨнеркәсібі» ұлттық компаниясының мүйізі қарағайдай кәсіпорындары осында орналасқан.
Республика бойынша мақта өсіретін жалғыз облыс екені де өтірік емес, ал «ақ алтыныңыз» – қашаннан-ақ стратегиялық тауар санатында. Арыстың бойына жағалай өскен, мың бір дертке дауа дермене бір замандарда мұнда фармацевтика зауытын ашуға түрткі болғаны бар, кейін кластерге айналды. Оған көкөніс пен жеміс-жидекті қосыңыз. Жергілікті жұртшылықтың еңбекқорлығы ше?! ОҚО-ның шағын және орта бизнесті дамытуда республикада өзгелерден озық тұрғаны тектен-тек емес.
Бірақ солай бола тұра, оңтүстікқазақстандықтардың еліміз бойынша қалтасы жұқалардың қатарында жүргені өкінішті. ҰЭМ-нің Статистика комитетінің деректеріне сенсек, бұл аймақ орташа айлық жалақы көлемі жөнінен Жамбыл (98834 теңге) және Солтүстік Қазақстан (99948 теңге) облыстарынан кейінгі орынға жайғасқан: 103200 теңге. Жұмыссыздық пен еңбек миграциясы дейтін мәселелер күн тәртібінен ешқашан түскен емес. Ат жалын тартып мінуге шамасы келетін ер азаматтың талайы басқа жаққа барып тер төгіп, шаңырағын асырап жүр. Бірі Алматы мен Астанада жүк тасиды, бірі үй соғып, жолға асфальт төсейді, бірі Атырауды көгалдандырумен әлек. Арасында қалтасын қомпайту қамымен алыс-жақын шет мемлекеттерге кетіп жатқандар да табылады.
Бұл тұста «Оңтүстіктің тұрғындары ең көп еңбекақы алатын атыраулықтар (265195 теңге) мен маңғыстаулықтарға (237327 теңге) қарағанда, аз немесе нашар жұмыс істейді» деп ойласаңыз, қателесесіз. Күйбең тірліктің ауыр-жеңілдігі немесе проблемалар барлық жерде бірдей, бірақ жалақы мөлшері 2 есе кем. Мысалы, ОҚО-дағы тоқымашылардың қанша алатынын білесіз бе? Біз де білмейтінбіз, өңірге жасаған сапары барысында Елбасымен кездескен тоқымашы әйелдердің өздері жамырай айтып берді. Олар 40-50 мың теңге көлемінде айлық алып, тұрақты жұмыспен қамтылып отырғаны үшін өздерін бақытты сезінетін көрінеді.
Шынын айту керек, осыдан кейін әлеуметтік желілерде Қазақстанның өзге аймақтарындағы біраз жұрт жағасын ұстап жатты. «Егер Шымкенттегі кейбір жекеменшік жоғары оқу орындарында оқытушылардың жалақысы – 35 мың теңгенің о жақ-бұ жағы» десек, талай адам «талып» қалатын шығар-ау. Айтпақшы, облыс тізгінін қолына алған соң, былтыр қыркүйек айында Сайрам ауданындағы сүт өңдеумен айналысатын «Сайрам-сүт» ЖШС-нің тыныс-тіршілігімен танысқан Бейбіт Атамқұловтың сондағы жұмысшылардың 35-40 мың теңгеге күнелтіп жүргеніне таңғалып, зауыт директорына шүйліккені де – есімізде. «Осы ақшаға өзің өмір сүріп көр. Жұмысшылардың еңбекақысын қайта қарастырып, жалақыларын көтеру мүмкіндігін іздеу керек деп есептеймін. Менің саған деген қарым-қатынасым осыған байланысты болады, біліп қой!» деп еді ол...
Автобусқа міну арманға айналмасын
«Арық атқа қамшы ауыр» демекші, өкінішке қарай, ОҚО-да қымбатшылық дендеп барады. Мысалы, биыл мамыр айынан бастап Шымкент қаласындағы қоғамдық көліктердегі жолақы құны 50 теңгеден 70 теңгеге өсті. Бәлкім, астаналықтар мен алматылықтар мырс етіп күлетін шығар. «Ашынатын нәрсені тапқан екенсіңдер, бізде де көтерілді ғой, ештеңесі жоқ, өмір сүріп жатырмыз» деп. Алайда Алматы (187292 теңге) мен Астана (205547 теңге) қалалары тұрғындарының орташа жалақысын шымкенттіктердікімен салыстыру күлкілі емес пе?! Жергілікті атқамінерлердің үлкен резонанс тудырған бұл әрекетін көпшілік әліге дейін ақылына сыйдыра алмай дал. Тіпті қоғамның көзі қарақты өкілдерінің ішінде «Жолақының бірден 40 пайызға қымбаттауының нақты негізі жоқ» дейтіндер де табылады. Көптің көкейінде «Неге маңызды шешім қабылдарда тәуелсіз сарапшылар тартылмады? Неге қоғамдық тыңдау өткізілмеді?» деген сықылды мың сан сауал кептеліп тұр.
Бірақ шенеуніктердің жауабы әу бастан дайын ғой. Мысалы, Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қуатжан Жұматаев мынадай дәлелдер келтіреді: «2015 жылдың аяғында тасымалдаушылардан жолақы тарифін өсіру жөнінде ұсыныс түсті. Негізгі себеп – автобустардың қосалқы бөлшектерінің қымбаттауы. Бізде тариф соңғы рет 2012 жылы өзгерген-тін – 35 теңгеден 50-ге артты. Содан бері шаһарға жаңадан 500-дей автобус әкелінді. Басым бөлігі – Қытайдыкі. Ал, ол жақтан жеткізілетін қосалқы бөлшектердің бағасы доллар бағамының өсуіне орай 2 есеге дейін шарықтады. Біздің мақсатымыз – сол қоғамдық көліктердің қаңтарылып тұруына жол бермеу. Оның үстіне автопаркті де жаңалау қажет». «Мен де аң-таң, апам да аң-таң»: су жаңа автобусты жөндеудің не керегі бар? Әлде «арзанның сорпасы татымастың» кері ме? Егер бүгін алған көлік ертең дымға арзымай жатса, «қалаға пәлен жаңа автобус сатып алынды» деп, кімді алдап жүрміз? Көзбояушылық не үшін керек?
«Жығылғанға – жұдырық», биыл азық-түліктің де қаны жерге тамбай тұр. Әлеуметтің ең негізгі талғажуы – ұн, май, қант, шай, ет, сүтіңіздің бәрі әжептәуір қымбаттады. Қалай ойлайсыз, осыдан кейін адам сияқты өмір сүруге бола ма? 45 мың теңгеге? Шен-шекпенділердің мұны есептеуге ақылы жететін шығар...
Әй, бүйте берсе, қалтасы саяз қара халық автобустан күдер үзіп, жаппай велосипедке отырады-ау. Соңғы уақытта әкімқаралар шайтанарбаны қатты насихаттап кетіп еді...
Жалақы бар, бірақ аз
Сонымен, оңтүстікқазақстандықтар неліктен шайлығына жетпейтін аз-маз айлық алады? Сарапшылар бірнеше себебін атайды. Біріншіден, еңбек өнімділігі төмен. Екіншіден – өзін-өзі лайықты бағаламайды. Яғни жұмыс берушіден маңдай теріне арзитын, тәп-тәуір жалақы талап етуге дағдыланбаған. Мардымсыз ақшаға келісіп алады да, салдарынан басын тауға да, тасқа да соғып жүргені сол. Басына тартсаң – аяғына, аяғына тартсаң, басына жетпейді. Содан қосымша табыс көзін іздей бастайды.
Психологтар «Дымсыз отырғаннан жақсы» деген қағида посткеңестік елдердегі азаматтардың геніне әбден сіңіп қалғанын да жасырмайды. Өйткені халықтың көпшілігінде жұмыссыз сенделіп қалған жағдайда өзек жалғайтын қор жоқтың қасы. Қайтеді енді, аш-жалаңаш өлсін бе, тиімді ұсыныс пен қомақты жалақы төлейтін жұмысты күтпей, аз-маз нәпақаны қанағат тұтады. Ал еуропалықтардың бұл мәселеге «подходы» мүлдем керісінше: ыңғайлы вакансияны айлап күтуге әзір.
Кеңес заманының психологиясынан аулақтай алмай жүруіміздің төркіні түсінікті де: иә, ол дәуірде еңбекақы көп емес-тін, бірақ баспананы ешкім сатып алмайтын, кезекпен берілетін, медицина мен білім беру тегін еді, коммуналдық қызметтер тиын тұратын, пансионаттар мен санаторияларға жолдаманы мекеме төлейтін. Сонда тапқан қаржыңыз тек азық-түлік пен киім-кешекке ғана жұмсалады. Ал бүгін ше? Басқасының бәрін былай қойғанда, қалтаңызда теңгеңіз болмаса, әжетханаға да кіре алмайсыз. Осыдан кейін ОҚО-ның тұрғындары «өз үйі – өлең төсегі» жайлы қалай армандасын?! Оған ақша қайда?! Жалақының сиқы – анау. Оны өсіруге талпыныс та байқалмайды.
Есесіне бұл «советский подход» жұмыс берушілерге рахат болып тұр. Олардың жұмысшыларға берген айлығын «жалақы» дегеннен гөрі «садақа» деген дұрыс шығар. Егер шындап кіріссе, әрі-сәрі ахуалды кәсіподақтар реттей алар еді, өкінішке қарай...
Жұмыс орындарының жетіспеушілігі де – екі қолға бір күрек таппай жүргендерге әжептәуір соққы. Ал, жергілікті билік «Қазақстанда баламасы жоқ, керемет өндіріс ошақтарының» ашылғаны туралы жар салады да жатады. Әйткенмен көп ұзамай ол кәсіпорынның тұралап қалғанын естисің. Кім кінәлі? Бюрократиялық сөзбұйда ма, әлде дағдарыс па? Бәлкім, жоғарыға жалған ақпарат беруге тым әуестеніп кеткендігіміз бе?
Қалай десек те, там-тұм табыс пен соған сай қалың бұқараның төлем қабілеттілігінің нашарлауы жергілікті экономиканың ілгерілеуіне едәуір қолбайлау болып тұр, ішкі нарықтың тынысы тарылып барады. Экономиканың көсегесі көгеруі үшін не керек? Өндірілген затты сатып алуға мүмкіндігі бар, қалтасында тиын-тебеннен гөрі қағаз ақшасы басымырақ тұтынушылар керек. Өз кезегінде жалақыны көтеру үшін экономикалық өсім қажет.
Ал, біз «ОҚО халықтың жұмыспен қамтылу саны жөнінен республикада көш бастап тұр» деп мақтанамыз...
- статистика
- ОҚО
- жұмыссыз
- Әсия Темірбаева
- қызық ақпарат