Нағашың көк тіреп тұрса, көрінген жерден айлық аласың...
Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігіндегі жылдам ауыздардың таратып жүрген қауесеттері рас болса, осы әкімдіктің баспасөз бөліміндегі бір лауазым иесі өзінің заңды жалақысынан өзге тағы бір жерден жалақы алатын көрінеді. Қай жерден дейсіз ғой? Естуімізше, оған білім басқармасы тарапынан да айлық төленетін көрінеді.
Бұл қалай? Бұл сұрақты біз де қойғанбыз. Сөйтсек, әкімдіктегі ұзынқұлақтар: «жігіттің жақсы болуы нағашысынан дегендей, нағашыларың көк тіреп тұрса, кез келген жерден қосымша айлық ала беруге болатын сияқты ғой. Оның үстіне болашақ құдалардың арасында бір-екі кісінің артық еңбекақысы жүреді де» деп, ызаланып, көре алмағандай жауап қатады. Түк түсінсек бұйырмасын. Болашақ Құдасы несі? Әлгі қос-қос айлық алатынның нағашысы мен білім басқармасы құда болған ба? Ондай болса, білім басқармасы құда-құдағидың үрім-бұтағына ақша тарататын мекеме болғаны ма? Әй, қайдам. Басқа басқа, ұзынқұлақтардың бұл қауесетіне түк сене алмадық. Егер рас болып шықса, онда екі жақты Құдай ұрған екен...