Жүйкеңіз сыр беріп жүрген жоқ па?
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu

 Кіру / Тіркелу

Жүйкеңіз сыр беріп жүрген жоқ па?

Жүйкеңіз сыр беріп жүрген жоқ па?
  • Мақпал ТӨРЕБЕК

Дана қазақ о бастан уақытты сағатсыз-ақ анықтап, «ақшам ауғанда», «сүт пісірім уақыт» деп жобалаған. Сол сынды аурудың қозатын уағын «жиде гүлдегенде» деп бағамдайды екен. Бұл болжамды дәрігерлер де жоққа шығармайды. Әйткенмен адамдар арасында психологиялық ауытқушылық көктемсіз-ақ төбе көрсетеді. Расымен, қазір жүйкесіне «жүк» түспеген адамды табу – қиынның-қиыны. Күнделікті күйбеңмен алысып жүріп өзіміз де жүйкенің қалай жұқарғанын байқамай қаламыз.

Бүгінде Оңтүстіктегі облыстық жүйке аурулары диспансерінің жұмыс істеп келе жатқанына да 40 жылдан асыпты. Аталмыш ауруханада былтыр, жыл соңында 29505 адам есепте тұрған болатын. Жыл өткен сайын дөңгелене түсетін бұл сандардың көрсеткішінің құрамында жасы ұлғайып, тағдырдың тауқыметін көргендер ғана емес, жастар да жетерлік. Мысалы, аталмыш көрсеткіштің 8060-ын 18 жасқа дейінгі балалар құрайды. Сондай-ақ жүйкесі сыр беретіндердің санатына көбіне әйелдер кіреді екен. Өйткені мимен жұмыс істеуге бейім әрі уайымшыл келетін олар ер адамға қарағанда жиі күйзеліске ұшырайды. Психотерапевттердің айтуынша, диспансерлерде ем алып жатқан адамдардың 90%-ы – невроз ауруына шалдыққандар. Олардың сөзіне сенсек, олар жүйкесінің шаршағанына мән бермей, басқа дәрігерлерге сабылып уақыттан ұтылады. Ал ең сорақысы, жүйкенің жұқаруы түрлі ауруларды қоздырып, тіпті мүгедектікке дейін алып келуі мүмкін. Жүрек ауруына шалдықтырып, өміріңді күрт қысқарту қаупі де жоқ емес. Сосын психикалық ауытқушылыққа тап болған адамдар көбіне оқуға құлықсыз, еңбекке жарамсыз бола бастайды екен.

Жүйке жүйесінде ауытқушылық барын қалай білуге болады? Мысалы, ондай кезде адамның көңіл-күйі жиі бұзылып, тез шаршайды. Бойды әлсіздік билеп, ашушаңдық пайда болады. Тамаққа тәбет болмай, ұйқы қашады. Егер бұл өзгерістер екі аптаға созылса, уақыт оздырмай дәрігерге қаралған жөн. Себебі дер кезінде мұның алдын алмаса, ол өмірге деген қызығушылығын жоғалтып алуы мүмкін дейді дәрігерлер. Оңтүстік Қазақстан облыстық жүйке аурулары ауруханасының бас дәрігері Қобланбек Оңалбековтің айтуынша, дерт адамға себепсіз жабыспайды. «Адамдардың жүйке жүйесі ауруына шалдығуына көптеген факторлар әсер етеді. Біріншіден, сыртқы жағдайлар (ми жарақаттары, ісіктері, су жиналу, неврологиялық аурулар), яғни мидың органикалық зақымдануы 47,8 пайызды, тұқым қуалаушылық себептерімен, яғни эндогенді аурулар 19,7 пайызды, күйзеліске байланысты 1,6 пайызды, мінез-құлықтың қоршаған орта факторларына байланысты өзгеруімен 0,3, психологиялық тежелу 4,4 пайыз, құрсақіші даму кезінде түрлі факторлардың әсерінен туа пайда болатын ақыл-ес кемістігі 24,5 пайызды құрайды»,- дейді ол. Демек, бұл дегеніңіз, психологиялық ауытқушылықтың деңгейінің алаңдауға арзитынының бір дәлелі.

Дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымының деректерi бойынша әлемде 450 миллионнан аса адам түрлi жүйке ауруларымен ауырады. Ал оның үш жүз мыңға жуығы – қазақстандықтар. Сондай-ақ әлемде жыл сайын 10-15 миллионға жуық адам өз-өзiне қол жұмсаса, соның салдарынан 1 миллионы көз жұмады екен. Мамандардың айтуынша, бұл да бір жүйкенiң сыр беруінен болатын дерттің түрi.

Ал, ең сорақысы, Американың психиатрлар қауымдастығы биыл селфиге құмарлықтың психологиялық ауытқушылық екендігін ресми түрде растады. Психиатрлардың мәліметінше, selfies дерті өзін суретке түсіруге деген әуестік пен сол суретті әлеуметтік желіге қоюға деген құмарлық шектен шықса, психологиялық ауытқушылық болуы бек мүмкін. Адамдар мұндай қадамға көбіне өзіне деген құрмет кемігенде көп баратын көрінеді. Ал енді бүгінде жаңбырдан кейін қозықұйрықтай қаулаған желіге байланған жастардың қаншалықты қаптағанын есептей беріңіз... Ең жаманы, әзірге бұл ауытқушылықтан айығудың жолдары жоқ.

Осы орайда, жуырда ғана бір кісінің: «Демек айналамызда психологиялық ауытқушылығы бар адамның өріп жүрген болуы бек мүмкін ғой. Ол ауруханаға барып, өзі тексерілмесе оны біліп жатқан ешкім жоқ» дегені ойға оралады. Мұның алдын қайтіп алмақ керек? Дағдарыстың салдарынан айлығын шайлығына жеткізе алмай, енді бірі баспана таппай тентіреген, енді бірі бала-шағасының ішерге асын, киерге киімін күйттеуден қажыған адамдардың психологиялық ауытқушылыққа тап болмадым ба екен деп ойлануға да уақыты жоқ шығар. Ал енді біреу-міреудің бойынан жоғарыда көрсетілген белгілерді байқап, «сен психологиялық ауытқушылыққа тап болғансың ғой» деп көріңізіші... Бұл дегеніміз, адамдардың әлі де болса психолог пен психология ұғымын аса бір қажеттілік деп санамайтынын аңғартады. Ал бұл тығырықтан шығу үшін үлкендерге үгіт-насихат жүргізбесек те, мектептегі жасөспірімдермен психологтар тығыз байланыс орнатса, нұр үстіне нұр болар еді. Сонда, бәлкім, ертеңгі күні алмасқан ұрпақ психологиялық ауытқушылықтың алдын аларлықтай болып есейетін шығар...

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.
Наверх

Басқа бас мақалалар

Архимедті Архимед қылған кім?

Ол Ақтөбе облысының әкімі болып тағайындалғанда 40 жасқа да толмаған-тын. Аты-жөні де республикаға анау айтқандай мәшһүр емес, ары барса, бір өңірдің жұртшылығы ғана біледі. Сірә, содан да болар, Мемл...

Тұтқабай ФАЗЫЛБЕК Саясат

Ипотека арқылы үй алудың машақаты аз емес

Жуырда ғана LSM.kz сайты жүргізген зерттеу нәтижесіне көз салсақ, әр банктың ипотека беру шарттары әртүрлі. Мысалы, «Сбербанк Қазақстан» басқарма директоры Мақсат Нұриденұлының айтуынша, бұл банктен А...

Жан КЕНЖЕ Қоғам

Қай облыс несімен мақтанады?

Қазақстанның әр өңірінің өз ерекшелігі бар. Соған орай өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы да әрқилы дамыған. Қазақстанда өнеркәсіптің дамуына жер асты байлықтары кең мүмкіндіктер берді. Елімізде қазба ба...

Жан КЕНЖЕ Экономика

Ақбура әулие

Қазығұрт тауының етегіндегі Ақбура әулие жайлы жергілікті тұрғындардың бірінен естідік. «Бала кезімізде көп баратынбыз» деп сөзін бастаған Жанеркенің айтуынша, жаз маусымында су астынан жыландар мен б...

Мақпал ТӨРЕБЕК Мәдениет

Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  DivideGroup — сайт әзірлеуші

  +7 (702) 5361474

E-mail: [email protected]

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter