Супермаркеттің «арамдығы» базардағы саудагерден асып түсті
- Жан КЕНЖЕ
Алматының ірі сауда орталықтары да жұртты алдап жүр. Төмен баға деп жарнамалайтын супермаркеттер таразыдан жеп, пайда табады екен. Тауарлардың салмағы қорапта көрсетілгеннен әлдеқайда аз екені арнайы тексеру барысында анықталып отыр. Әсіресе, кем өлшенетін - қант, май, макарон өнімдері. Қулыққа ірі дүкендер ғана емес, жанармай бекеттері де барған. Олар бензинді тиісті мөлшерде толтырмай, жүргізушілердің қалтасын қағыпты.
Тұтынушыларды алдап, пайда тауып келген – Алматыдағы аты дардай сауда орындары. Олар да базардағыдай таразыдан жеп, тауарды тиісті мөлшерінен азайтып сатыпты. Алаяқ дүкендер әсіресе жұрт жиі тұтынатын қант, шемішкі май, макарон сияқты азық-түліктерді кем өлшеген.
Гүлназ Халықова, Техникалық реттеу және метрология комитетінің Алматы қаласы бойынша департамент басшысы:
-Бір супермаркеттің өзінде 11 тауар топтамасының салмағы кем болып шықты. Қанттың бір қалтасында 54 грамм жеткіліксіз. Ал, жұрт жиі алатын тәтті тағамның 13 грамын жеп қалған.Сол сияқты макарон өнімдері де жетпейді.
Әдетте, бағамыз арзан деп жарияға жар салатын дүкендер табысқа осылай кенеледі екен. Негізі сауда орындарында бақылау таразысы болуы қажет. Бірақ, оны біздегі дүкендерден көрмейміз. Тіпті, тауардың бағасын еселеп сататын сауда орындары да бар екен.
Артық Сейітқалиева, «Адал» тұтынушылар құқығын қорғау қоғамдық бірлестігінің президенті:
-Әртүрлі. Кейде 100 пайыз қосуы да мүмкін, кейде 200 пайыз қосуы да мүмкін. Сатып алғанда 50,60,100 теңгемізді сол сатушыға тастап кететін шығармыз. Оны ешкім тексеріп те жатқан жоқ. Біздің тұтынушылар оны тексермейді.
Мұндай қулыққа жанармай бекеттері де үйреніп алған. Әзірге жүргізушілердің ақшасын жеп, бағасы онсыз да аспандап кеткен бензинді толтырмай құятын 2 бекет анықталды. Одан қалды, жұрт емделуге баратын медициналық мекемелердегі заң бұзушылық та шаш етектен. Көбі арнайы тексеруден өтпеген құралдармен жұмыс істеген. Қазір осындай кәсіпорындар әкімшілік жауапкершілікке тартылып жатыр. 2 мыңға жуық өлшеу құрылғысын қолдануға тыйым салынып, заңсыздық анықталған 72 мекемеге ірі көлемде айыппұл салынған.
- супермаркет
- базар
- саудагерлер
- баға
- қызық ақпарат