Кедейге ылғи дағдарыс
- Korrespondent.kz
Қазір елдің аузындағы ең әйдік сөз не екенін білесіз бе? Иә, дәл сол – қу дағдарыс. Біреу естігесін, біреу шынымен кесірін көргесін айтып жүр. Бірақ, осы дағдарыс кімді дағдартып тұр? Айлығы шайлығынан артылып көрмеген, отбасын әзер асырап келген қарапайым еңбекшіні ме әлде пара алып, қазынаны ұрлап, небір қулық-сұмдықпен байыған, сол байлығын ертеңіме салған инвестициям болсын деп неше түрлі ойын-сауық орталықтары мен бизнес ашып тастап, енді саудасы мен қолы онша жүріңкіремей, мазасы қашқан жаңа қазақты ма?
Осы сұрақ біраздан бері көкейде жүр еді, өткен аптада ауылға барып, көрші-қолаңмен әңгімелесіп отырып, жауабын тапқандай болдым. Шыны керек, ауылдағы ағайын біз ойлағандай сауатсыз емес. Теледидар, газет, интернет арқылы елдегі болып жатқан барлық жаңалықтардан хабардар. Заңды да, саясатты да бір кісідей біледі. 30 жылдан бері дәнекерлеуші болып нәпақасын тауып жүрген бір ауылдас ағамыз дағдарыс туралы қарапайым ауыл қазағының тілімен біраз шындықтың бетін ашып берді.
«Дағдарысты сезініп жатқан кім екенін білесің бе? Байлар!»,-дейді. Әбден миллиардтап пайда тауып үйреніп қалған «бейшараларға» жаман қиын тиіп жатыр екен. Дағдарыстың салқыны өтіп кеткені соншалық, миллиард деген сөзді миллионға ауыстырыпты.
– Біздің жылағанымызды қойшы, анау бейбақ байлардың жылағанын көргенде шынымен біткен жеріміз осы екен деп қалады екенсің. Аяйсың. Қосыла жылағың келеді. Пәленбай гектар жерге жоңышқа еккен әлгі байға өткенде барып, қарызға 50 пресс жоңышқа берші, пәленшенің үйінің «паровойын» істеп берген соң әкеліп беремін десем, шарт ашулансын. «Қарызға бере берсем менен кім қолма-қол сатып алады? Маған ақша керек емес пе? Мені бай, ақшасы көп деп ойлайсыңдар ма? Менде түк қалмады осы шөптен басқа»,- деп, тоқтай алмай, біраз ашуланды. Бермесең берме дедім де кетіп қалдым. Бұл байлардың Құдай пейілін алып қойған негізі. Көкеңнің қанша жері, қанша малы бар екенін білесің бе? 100 гектар жері бар. Бір жылда пәленбай пресс жоңышқа алады. Мыңғырған бес мың қойы, қаладан сатып алып қойған 4 пәтері, жұмыс істеп тұрған дүкені бар. Ауылдан былтыр тағы бір там салып алды. Астына не мініп жүргенін менен жақсы білесің. Бірақ жылауық. Әсіресе биыл қатты жылауды шығарыпты. Менің алдымда қарыз сұрап барған туған інісін үйінен қуып шыққан. Алдындағы қарызды бермедің, енді ұялмай не сұрап тұрсың, дағдарыс қысып тұр мені, көзіме көрінбей құры деп. Інісі де бір жалқау екен. Бай ағасын пайдаланып, кезінде тірлік істеп қалатын адам ғой...
Жылауық байды жақсы танитын едік. Кезінде шопан болған. Кеңес үкіметі тараған соң өзі бағып жүрген совхоздың мың шақты малын түгелдей дерлік өзіне қаратып алып, бай атанып шыға келген. Содан малының басы көбейе берді. Әкім-қараны пәрелеп жүріп, 100 гектарға жуық жерді меншігіне өткізіп алды. Талай жыл «арендаға» беріп, арасында өзі де жартысына анау-мынау егіп, дәулет жиды. Байдың дүниесіне ауылдастар қызығып та, қызғанып та қарап жүретін. Сол кісінің осы бірнеше жылдан бері тірлігі кері кете бастапты дегенді бұған дейін де естігенмін. Көршімнің айтуына қарағанда ол әңгіме рас сияқты. Бірақ, соншалықты жер шұқып, ақырзаманды орнататындай тас кедейге айналған жоқ. Дәулеті ернеуінен аспаса да ортая қоймаған.
– Байдың дүниесін байғұсша қызғанып қайтеміз, тегін сұрағаным да жоқ. Аман болсам бір айдың ішінде қайтарамын дедім ғой. Сонша сараң болғанына қайран қалдым. Мұндайы жоқ-тын, не болғанын...,-дейді көрші.
– Дағдарыстың салқыны өздеріңізге қалай тиіп жатыр?
– Кедейге ылғи, өмір бақи дағдарыс қой, інім-ау. Осы уақытқа дейін тапқан табысым отбасының ас-ауқаты мен той-томалақтан оны қайта емес. Жеңгеңнің айлығы киім-кешекке зорға жетеді. Ілдебайлап өтіп жатқан өмір, әйтеуір. Жалғыз емеспіз, осы маңайдағының бәрі біз сияқты. Біріне жеткізсе, біріне жеткізе алмай, несие алып, айлығын құйып, айлықтан айлыққа дейінгі тіршілік. Осыған да шүкір. Кешегі 90-шы жылдардан әлдеқайда дұрыс қой қазір. Бірақ анау байлардың жылағанын көргенде жының келеді екен. Біздің өмірді көрсе өз-өзіне қол салатын шығар. Адам деген сонша боркемік болады ма? Аштан қатып, үй-күйсіз жүргендей сөйлейді. Дағдарыс бізді емес, соларды қысып тұр дегенім осы ғой жаңа. Біздің өмір кілең дағдарыстан тұрады. Етіміз әбден үйреніп кеткен. Титтей ақша ұстасақ тоба, шүкір дейміз. Сол азғантай ақшаның өзіне қуанып қаламыз. Қанағат еткен адамның ұйқысы тыныш болады. Ұйқымыз тыныш бастысы. Уайымдай берсең әлгі тобасын ұмытқан бай құсап жүйкеден айрыласың. Сосын бір ұққаным, Құдай пейілге береді екен. Жылаған көзге жас беремін дейтін де сол Құдай. Пейілімізді алмасын...
Міне, дағдарыс кімді дағдартып тұр деген сауалдың жауабы осы сияқты. Дағдарыс - байлығым ортайып қалатын болды деп, қараспанды су алдырып жүрген байлардың уайымы. Мәселен, мемлекет билігі келесі жылы жаңадан салынады деп жоспарланған біраз нысандардың құрылысын жүргізбейтін болды. Бұл – миллиардтап пайда тауып қалған әккі құрылыс компанияларының басшыларының қалтасын біраз ортайтайын деп тұр. Негізі, байқап қарасаңыз, елдегі бизнесмендердің көпшілігі мемлекеттік қолдаулардың, атап айтқанда – пайызы аз несие, субсидия, кәсіпкерлікті тексеруге қарсы мораторий жариялау тағы басқа жеңілдіктердің арқасында жұмыс істеп келді. Былайша айтқанда масыл болған. Енді өз күніңді өзің көр деп еді, шетінен жабылып жатыр. Жабылмағандары ендігі көрген күніміз не болады деп еңіреп, көз жасы көл болуда.
Иә, қарапайым халық та жетісіп жүрген жоқ. Бірді бірге жамай алмай жүргенде қымбатшылық келді ентелеп. Ертең жаңа жылдан кейін еңбекақыға қосылатын азын-аулақ теңге қай тесікке бітеу болары белгісіз. Бірақ, халық сонда да шыдамды. Нені алса да пейілімізді алмаса екен деп отыр. Пейілі тарылмаған адамға Құдай да тиісті нәпақасын беретін шығар. Дағдарысқа үйреніп қалған халқымыздың дәулеті артса екен...
- дағдарыс
- экономика