Хан ұрпағы қайда жүр?
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu

 Кіру / Тіркелу

Хан ұрпағы қайда жүр?

  • Korrespondent.kz

Биыл жыл басынан бері ел болып, қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтіп жатырмыз. Бұл да болса өткенге көз жүгіртіп, тарихты тірілтіп, жалпақ әлемге паш етіп, біздің де ілгеріде ұлы мемлекет болғанымызды дәлелдейтін тұс. Алайда, сол хандықты құрғандар турасында Кеңес үкіметі билік еткен жылдары аз айтылып келді. Ұрпақтары жайлы деректер тіптен аз. Неге бұлай? Хан ұрпақтары қайда? Неге оларды іздемейміз?

Қазақтың мемлекет болып қалыптасуына, қазақ ұлтының пайда болуына, Алтайдан Атырауға дейінгі сары даланы сары майдай сақтап қалуға тәнін ғана емес, жанын да пида еткен хандардың ұрпақтарын, аты аңызға айналған Тәуке мен Тәуекел, Есім хан мен Қасым хан, Абылай мен Әбілқайырдан қалған тұяқтардың бар-жоғын, олардың тыныс-тіршілігінен қаншалықты хабардармыз? Хандық дәуірді аңсамасақ та, солардан өрбігендер хақында неге аз айтылып, аз жазылып жүр? Жазғанда да, айтқанда да осы биыл, Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтер тұста ғана еске алып жатқандаймыз.

Бүгінгі таңда жер бетінде 20-дан астам монархиялы ел бар көрінеді. Біразы кәрі құрлықта, біразы сары құрлықта жатыр. Батыстың демократшыл Ұлыбритания, Нидерланды, Швеция, Дания секілді менменсінген тәкаппар елдері де бар арасында. Ел тұтастығының символы іспетті корольдер мен ханзада, патшайымдар формальды түрде болса да аталмыш елдердің заңды қожайыны саналады. Олардың ағайын жамағаттары да өз атақ-абыройымен өмір сүріп, халықтың ықыласына толықтай бөленген. Тіпті, құлатылғанына бір ғасыр уақыт өткен Романовтар әулетіне қатысы барлардың өзі дүниенің төрт бұрышына шашыраса да, барлығының тізімі жасалып, өзара ағайын туыс ретінде аралас-құралас жиындар өткізіп, аман саулықтарын білісіп тұрады екен. Қазақтан басқада жоқ-ау деп жүрген «қарға тамырластық» дәстүрін Еуропаның Бурбон, Романовтар әулеті осылайша ұтымды пайдаланып, қоғамда, әлем тарихында өздерінің толық құқылы орны бар екенін көрсетіп қана қоймай, мойындатып та жүр.

Қалай десек те, хан біткеннің барлығының Шыңғыстан тарағанын, қазақтың ұлт болып қалыптасуына бүкіл өмірін арнағанын, қан кешу қасап заманда қол бастаған сардар болғанын, жерінің көлемділігінен әлемдегі 9-шы мемлекетті ұрпағына аманаттағанын ешкімнің жоққа шығара алмасы кәдік. Сонымен, қазіргі қазақ жерінде қалған хан әулеттерінің, ұрпақтарының саны қанша, сапасы қандай, қай жерде қалай күн кешіп жатыр? Бұл сұрақтардың жауабын санаулы ғана шежіреші ғалымдар мен сол ақсүйек тұқымдарынан қалған көнекөз қарттарынан басқа ешкім де білмейтін секілді. Әйтеуір олардың өте аз екенін ішіміз сезеді.

Елін біріктіремін деп басынан айрылған Кенесарыдай тарланнан кейін қазақта құдіретті хан болған жоқ. Абылайдың Бұқарға жорытқан түсі шындыққа айналып, соңғы ұрпақтары ұсақталып, шашырап, бірте-бірте өзінің «ұйытқы», «ақсүйек» статусынан айрылды. Алайда мүлдем зым-зия жоғалған жоқ еді. Өткен ғасырдың басында Әлихан Бөкейханов, Мұхамеджан Тынышпаев, Бақытжан Қаратаев секілді хан ұрпақтары елдің туын биікке көтерді. Мейлі, жеңілсін, мейлі, атылсын әйтеуір көсемдік көрсетіп, шешендік танытты. Ұлтты ұйыстырудың ақырғы әрекетін жасады. Бүгінгі таңда ел үшін ардақты, танымал осынау апталдай азаматтардың бірінен ұрпақ қалса, бірінде атымен жоқ.
Қариялардың сөзіне сүйенсек, Оңтүстік Қазақстан облысының аумағында да хан ұрпақтары баршылық көрінеді. Мәселен, Ордабасы ауданына қарасты Төреарық ауылында төрелер, соның ішінде қазақ хандарынан тарағандардың ұрпақтары кездеседі екен. Арнайы барып, зерттеу жұмыстары жасалмағасын бұл айтылғандардың қаншалықты рас екені белгісіз. Сондай-ақ, Созақ жеріндегі Қызылкөл маңында, Төлеби ауданында да төрелер көп қоныстанған елдімекендер баршылық. Егер сонда барып, қарияларға шежіре таратып беруін сұрап, арғы-бергі тарихтарын ақтарсақ біраз жайттың беті ашылар ма еді дейміз. Себебі, мұнда да хан тұқымынан тараған ұрпақтары болуы мүмкін.
Шыңғыстың қай ұрпағын түгендей бересің дейтіндер табылары анық. Шежірешілердің айтуынша Қазақстанда әрі кетсе бір мыңның төңірегінде ғана хандар мен сұлтандардың ұрпақтары өмір сүріп жатыр. Нақты қарым-қатынас болмағаннан соң, олар туралы мәліметтерді шежіреге кіргізу дәл қазір мүмкін емес көрінеді. Бұл шежірешілердің сөзі.

Негізгі айтылмақ ой – өзінің тектілігімен, бекзада болмысымен дараланып, сонысы арқылы бүтіндей бір елдің тұтастығын қамтамасыз етіп келген атақты хандарымыз бен сұлтандарымыз артында қалған ұрпағын қалың қазаққа аманаттап кеткен еді. Кеңестік шектеулердің ықпалымен ақсүйек біткенді қудалап келдік. Енді бүгінгідей жаймашуақ заманда өлгенімізді тірілтіп, жоғымызды түгендегеніміз абзал.

«Мәдени мұра», одан кейінгі басқа да бағдарламалардың негізінде осы тақырыптағы зерттеу жұмыстарының бар-жоқтығы беймәлім. Тарихты тірілтіп жатырмыз дейтін ғалымдарымыз хан ұрпақтарының шежіресін зерттеп, ғылыми еңбектер жазса екен дейміз. Қанша дегенмен, бүгінгідей алып елдің қожайыны болып отырғанымыз сол бір кесек тұлғалардың арқасында екенін ешкім теріске шығара қоймас. Болашағын ойлайтын, тарихын қастерлейтін ел екеніміз рас болса, елі үшін өмір сүргендердің ұрпағына оң қабақ танытқанымыз, өз дәрежесінде ұлықтағанымыз дұрыс болар.

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.

Пікірлер  

Айдын
0 Айдын 01.04.2016 18:04
Расымен де? Хан ұрпағы қайда жүр?
Кейінгі Қазақ энциклопедиясында Кенесарының ұрпақтарына, Бекмахановтың туыстарына байланысты тақырып бар. Оқысаңыздар, таң қаласыздар.
Төрелердің шежіресі бар ма? Көрсеңіздер, айтыңыздаршы
Жауап беру
Наверх

Басқа бас мақалалар

Error: No articles to display

Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  DivideGroup — сайт әзірлеуші

  

E-mail: [email protected]

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter