10 жылда 14 әлем чемпионы шықты
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu

 Кіру / Тіркелу

10 жылда 14 әлем чемпионы шықты

  • Аман ЖАЙЫМБЕТОВ

АЛАҚАНДАЙ АҚПАРАТ

«Польшаның Румиа қаласында армрестлингтен кәсіпқойлар арасында әлем кубогі үшін байрақты бәсеке өткен болатын. Сайысқа әлемнің 52 мемлекетінен 364 саңлақ қатысты. Қазақстан құрамасы сапындағы 7 спортшының 6-уы шардаралық спортшылар. Оғландарымыз финалға дейін Латвия, АҚШ, Франция, Германия, Украина, Польша құрамаларының аптығын басты. Ал, финалда Ресей құрамасын мойындатып, кәсіпқойлар арасындағы әлем кубогін тұңғыш рет жеңіп алды. Польшадағы жарыста ел намысын қорғаған білекті балуандардың тек біреуі ғана Тараздан барған Дмитрий Трубин болмаса, қалған алтауы - Медет Оразбеков, Талғат Ақтаев, Қайырхан Шәмиев, Мағжан Шәмиев, Шынболат Райханов, Қыдырғали Оңғарбаевтар ОҚО Шардара ауданынан».

«ҚазАқпарат» таратқан осы бір алақандай ақпардың астарына үңіліп көріңізші. Иә, Әлем кубогынан үмітті 52 мемлекеттен қатысқан кіл «сен тұр, мен атайын» 364 саңлақ спортшының арасынан суырылып шығу деген... Және барлығы дерлік бір ауданнан... Аудан болғанда да елдің бір түкпіріндегі Шардарадан... Азулы мемлекеттер арасынан Әлем кубогын жеңіп алу, бір қарағанда мүмкін емес сияқты. Бірақ бұл шардаралық құрыш білекті спортшылардың бағындырып отырған бірінші биігі емес. Бұған дейін де талай байрақты бәсекелерде бағы жанып, дүйім елдің назарын аударған. ОҚО армрестлинг федерациясының вице-президенті Нұралы Сапаровтың сөзімен айтқанда «қазақстандық спортшылардың жетістігін әлемнің спорт мамандары жоғары бағалаған». Талай адам таң қалып, талай адам тамсанған.

* * *

«Кейінгі оншақты жылдың бедерінде Оңтүстік Қазақстан облысындағы Шардара ауданының қол күрес балуандары әлемде бірінші орынды ешкімге бермей келеді! Бұл құрыш білек балуандарды қол күресінен әлем чемпионы, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Шардара аудандық спорт басқармасы басшысы Арман Қарсыбаев жаттықтырып келеді. Тіпті қазақ қыздары арасында тұңғыш Әлем чемпионы да шардаралық Жазира Ақбаева!»

* * *

«Ақ маржан күрішімен күллі одаққа аты шыққан Шардара кейінгі кезде спорттың армрестлинг түрінен әлем назарына ілікті. Алақандай ауданнан соңғы он жылда 14 әлем чемпионы, 70-тен аса Азия чемпионы, 100-ге жуық Қазақстан чемпионатының жүлдегерлері шықты».

* * *

«Армрестлинг спортынан Корей еліндегі командалық жарыста Қазақстан 5-0 есебімен таза жеңіске жетті. Ал жекелей шыққан шардаралық әлем чемпионы Қыдырғали Оңғарбаев қатарынан 37!.. -кәрісті түгел жапырып шықты! Міне, қазақ жігіттерінің күштілігі! Алаштың армрестлинг арыстандарына Алла жар болсын!».

Әлеуметтік желілерге кірсеңіз міне осындай ақпараттардан көз тұнады. Қандай да бір дүбірлі дода болмасын қазақ елінің армрестлингтен алған олжасы айтылса оның қасында қабаттасып міндетті түрде Шардара тұрады. Шардара мен армрестлинг егіз ұғым сияқты. Ал, Шардараның атын шартарапқа танытқан армрестлинг спорты айтылса, онда міндетті түрде Арман Қарсыбаев та бірге айтылады. Армрестлинг-Шардара-Арман... Енді осы бір-бірінен бөліп қарауға болмайтын үштік ұғымға тереңірек үңіліп, тарқатыңқырап айтайық. 

ҮЛКЕН АСУЛАРҒА БАСТАҒАН АЛҒАШҚЫ ҚАДАМ

2000 жылдар. Арман Қарсыбаев ауданның балалар және жасөспірімдер спорт мектебінде жас маман. Өзі құралпы жастарды жанына жиып, мектептің қуыстай бір бөлмесінде жаттығу жасайды. Ара-арасында спорт жайлы қызықты әңгімелер айтады. Бір сөзбен айтқанда, жастарды сиқырлы спортқа баули біледі. Көп ұзамай еселі еңбек өз нәтижесін бере бастады. Үлкенді-кішілі жарыстарда шардаралық спортшылар топ жарып жүрді. Бір күні Жапонияның Токио қаласында өтетін халықаралық жарысқа жолдама берілді. Бұл – бүгінде көптеген елдерде болып, жеңіс тұғырынан көрініп, қазақ елінің абыройын асқақтатып жүрген шардаралық құрыш білектілерге берілген алғашқы мүмкіндік еді. Айлықтан басқа басы артық табысы жоқ жас маман өзінің мініп жүрген «Волгасын» сататын болды. Жарысқа баратын жолкіре жасау үшін. Шыны керек сол кезде көптеген жастар жылдар бойы жұмыс істеп әрең қол жеткізетін «темір тұлпарды» бір жарысқа бару үшін сатамын дегені қызық көрінді. Сөйтсек, әріден, тым әріден ойлайтын Арманның бұл өз арманына жету жолындағы алғашқы әрекеттері екен. Тәуекел етпесе бүгінгідей жетістіктерге жету қайда?

ЖАПОНИЯДАН ЖЕТКЕН ЖЫЛЫ ХАБАР

Көп ұзамай Жапония жақтан жылы хабар жетті. Токио төрінде болған байрақты бәсекеде қазақ жігіттері намысты қолдан бермей, жеңіс тұғырынан көріне білді. Республикалық телеарналар мен газеттер дүйім елдің құлағын көтеріп, сүйінші-хабар таратып жатқанда жергілікті билік бұл жеңісті ұсақ-түйекке балағандай сыңай танытты. Спортшыларды күтіп алу рәсімінде де ата-аналар мен бір-екі бапкерлері болмаса, билік өкілдерінен бір адамның төбе көрсетпегені кіршіксіз көңілдерге кәдімгідей қаяу түсіргені рас. Тіпті барша шардаралықтарды шаттыққа бөлеген балуандарды аудан әкімінің қабылдауы да тым кешеуілдей берді емес пе? Ақыры аудан әкімінің бір жапырақ қағазынан қайыр болмаған соң елдің намысты азаматтары бір жағадан бас шығарып, «Шағала» дәмханасына дастархан жайып, спортшыларға қошемет көрсеткені бар.

Жалпы, жақсы мен жаман қатар жүретіні сияқты Арман Қарсыбаевтың бұл жетістіктері жолында көрген қошеметі қаншалықты көп болса, «тар жол тайғақ кешулері» де аз болған жоқ. Шыңға шыққан сайын көзге түсетінің рас. Кейбіреулер мұндайда «жұлдыз ауруына» шалдығып жатады. Тағы біреулері саясаттың «құрбанына» айналады. Атақ-абыройыңды пайдаланынғысы келетін пысықайлар пайда болады. Міне, осындай пендешіліктірге бой алдырмасаң ғана абыройыңды сақтап қаласың. Біздің сөз етіп отырған жігіттер әл-әзірге мұндай «ауру-сырқаудан» аман.

КОРЕЯДАН КЕЛГЕН ҚОНАҚТАР

Осы өткен жазда Кореядан бір топ қонақтар келді. Әрине, ел болған соң келім-кетімсіз болмайды. Бірақ, бұл жолғы қонақтардың қиыр шеттегі Шардараға келгені де қызық. Бейресми келген бесеу облыс орталығына аялдапты. «Сіздерде спорттың армрестлинг түрі ерекше дамыған. Біз соны өз көзімізбен көрсек дейміз. Олар қалай жаттығады және кім жаттықтырады? Мүмкін спортшыларды зор жетістіктерге жеткізетіндей бұл өңірдің климаты керемет шығар? Әлде басқа бір сыры бар ма?» Осылай деген кореялық қонақтарды Шымкенттегі бапкерлер Шардараға бастап барады. Шет-шегі көрінбейтін ен дала, аңызақ-аптап. Шілденің шіліңгір ыстығы...Шынын айтқанда қонақтарға онша ұнай қоймайды. Бір кезде бір мектептің «жертөлесінде» жаттығып жатқан құрыш білекті балуандарды көргенде тіпті естерінен тана жаздапты. Өйткені ол жерден әлемді мойындататындай чемпиондар шығару мүмкін емес. Ми қайнайтын ыстық, тынысыңды тарылтатын тар жер... Жанкештілікпен жаттығу жасап жатқан жігіттер... Қонақтар таң қалысады. Елдеріне барған олар кейіннен саяхат барысында алған әсерлерін көпке дейін айтып жүрген көрінеді.

БАПКЕРГЕ СЕНІМ АРТҚАН БАСШЫ

2006 жылы ақпан айында Шардараға әкім болып Серік Ибадуллаев келді. А.Қарсыбаевты қатардағы мұғалім болып жүрген жерінен спорт бөлімін басқаруға шақырды. Болайын деп тұрған баланы жазбай таныған Сәкең осылайша спорт жанашырын басшылыққа әкелу арқылы осы саланың өркендеуіне жол ашты. Міне содан бері қанша жыл өтсе де ауданның спорт бөлімі тек алғы шептен көрініп жүр. Жастарды спортқа баулу үшін, жарыстарда жеңіс тұғырынан көріну үшін тек жаттықтырып қою жеткіліксіз. Оларды ынталандыра түсу керек. Тіпті керек болса әлеуметтік жағдайына да араласуыңа тура келеді. А.Қарсыбаев жаттықтыратын жастардың біразы спортта жеткен жетістігі үшін жоғары оқу орнын грант негізінде оқуға қол жеткізді. Біразы осы саланың білікті маманы – тәжірибелі бапкеріне айналды. Жастарды артынан ерте білген Арман бірте-бірте өзінің бастапқы, бала кезіндегі арманына қол жеткізіп келеді. «АрмСпорт» аталатын мектеп ашты. Екі жүзден астам жеткіншек жаттығып жүр. Демек, Шардараның армспорты әлі талай биіктерді бағындырады. Тек Арманның арманы сарқылмасын деңіз...

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.

Пікірлер  

Ерболат
0 Ерболат 08.01.2016 16:54
Польшадағы жарыс туралы ақпарат ең бірінші "Оңтүстік Қазақстан" газетіне шыққан. "Қазақпарат" кейінірек алған болар. Әлде, "Оңтүстік Қазақстаннан" алдық деуге намыстандыңдар ма?
Жауап беру
Зәмзәгүл
0 Зәмзәгүл 08.01.2016 17:01
Ерболат, алдымен мақаланы оқып алсайшы, астында тұр ғой, Қазақпарат таратқан ақпарат деп. Әйтеуір тиісіп қалу иә армандарың))
Жауап беру
Ешкім
0 Ешкім 11.01.2016 14:08
Қайдан алса да мықты мақала.
Жауап беру
Наверх

Басқа бас мақалалар

БАҚ: Баян Есентаева күйеуімен ажыраспақ болған

Күйеуі сабап қана қоймай, пышақтап, пышақ жарақатын алып ауруханадан бір-ақ шыққан Баян Есентаева жолдасының көзіне шөп салған болуы мүмкін.  NewTimes.kz ақпараттық агенттігі  WhatsApp арқылы таралып ...

Korrespondent.kz Оқиғалар

Әскерде "асылып өлді" деген сарбаздың мойны үзіліп, басы жарылып, денесі тігілген болып шықты

Ақмола облысынан әскерге аттанған сарбаз үйіне табытпен оралды. Жамбыл облысы, Отардағы бөлімде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген жігіт казарма ішінде асылып өлген. Бірақ, бұл мәйітті туған жеріне әк...

Korrespondent.kz Оқиғалар

ОҚО-да ҰБТ-дан шектік балл жинай алмаған бойжеткен өзіне қол салды

Оңтүстік Қазақстанда мектеп бітіруші түлек Аида Сапарбай өзіне қол салып, қайтыс болды.

Korrespondent.kz Оқиғалар

«Дипломмен ауылға» барғандарға не береді?

«Дипломмен ауылға» бағдарламасы ауыл десе ат-тонын ала қашатын жастардың қарасын азайтуға қаншалықты үлес қосуда? Қаладан шалғай орналасқан елдімекендерге жастар шынымен ауылды көркейту үшін бара ма? ...

Мақпал ТӨРЕБЕК Экономика

Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  DivideGroup — сайт әзірлеуші

  

E-mail: [email protected]

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter