Жараланса да, қылмыскерді құрықтаған Ерасыл
- Мақпал ТӨРЕБЕК
«Ер жігіт ел үшін туады, ел үшін өледі». Қазақта да ел мен жер жолында жанын қиып, атажаумен алысқан, алыспай беріспеген батырлар қаншама... Азаттық әперіп, қазақты мәре-сәре қылған оларға «батыр», «қаһарман» деген бір ауыз сөзді қалай көп көрейік. Керуендей көшкен күндер, айлар жылдар... Өтпейтін өмір жоқ. Ал бүгінгі алмасқан ұрпақтың арасында бейбіт күннің батырлары бар ма?
Үш жыл бұрын қылмыскерді құрық-тап, он жеті жасар жігіттің қолынан ауыр жарақат алған жамбылдық жігіт естеріңізде ме? Бір сәтте өмірінің уысынан сусып шығып бара жатқанын сезініп үлгерген Ерасыл Тілемеспен біз де тілдескен едік. Бүгінде аға лейтенант атанған ол 1989 жылы Жамбыл облысына қарасты Тұрар Рысқұлов ауданы, Абай ауылында туған. Бес балалы шаңырақтың сүт кенжесі Алматыдағы Қазақ Ұлттық университетінде заң факультетін тәмамдап, 2013 жылы Ішкі Істер органдарына жұмысқа қабылданады.
Бүгінгі елдің тыныштығы тәртіп сақшыларының жалғыз ғана міндеті емес. Кейде оларға тіпті қылмыскермен бетпе-бет келетіндіктен, кейде өзгенің өміріне араша түсуге, кейде өз өмірлерінен айырыла жаздауға да тура келеді. Оған ел Тәуелсіздігінің 25 жылында 900 полицейдің мемлекеттік наградалармен марапатталғаны дәлел. Ал 100 шақты «Даңқ» және «Айбын» ордендерін иеленгендердің арасында қыз-мет кезінде жан тәсілім еткен ерен ерлеріміз де жетерлік. Ал, Ерасылдың көрер жарығы бар екен. Үш жерінен жарақат алып, оны айлап аурухананың төсегіне таңған оқиға ол жұмысқа тұрған жылы орын алады. Олай болса, оқиғаның анық-қанығын өз аузынан естігендеріңіз жөн шығар.
«Көктем болатын. Түнгі сағат он бірлер шамасы еді. Алматы-Ташкент жолында бал сататын сауда павильонынан учаскелік бөлімшеге қоңырау келіп түсті. Дүңгіршекке бұзақылар қайта-қайта тас атқан соң хабарласқан ғой. Бұл жерде мұндай оқиға одан бұрын да болып тұратын. Үш қызметкер болып айтылған мекенжайға барып, хабарласқан азаматшадан сұрағанымызда, олардың егін алқабына қарай қашып кеткенін айтты. Жарықтың арқасында біраз жерден көлеңкесі көрінген жігіттерге қарай жүгіре жөнелдік. Жақындаған соң тоқтатып, күдіктіден жөн сұрап, құжатымды көрсеттім. Бөлімшеге жүруін өтінгенімде келіскен жоқ. Бастапқыда қаруы барын білген жоқпын, айғайлап жігіттерді шақырғанымша болған жоқ пышақ сұғып үлгеріпті»,-дейді ол.
Қасым Қайсеновтің естелі-гінде: «…Соғыста өзі адам өлтірмейтін күнің сирек болады, бірақ адам оған үйреніп кетеді екен. ... Біз де жауды аямайтынбыз. Қолға түскенін аман жібермедік. Мына қолдарыммен кемінде жүз адамды өлтірген шығармын. Қазір соның бәрі жанымды жегідей жейді, адамдардың қаны тыныштық бермейді, өйткені олардың барлығы да фашист болмаған шығар» деген жолдар бар еді. Жауын жайратқан Қасымның өзі осылай қамықса, он жеті жасар жігіттің бармағын тістемеуі мүмкін бе? «Жазаның ауыр түрін қолданбауды өтіндім. Дегенмен заңның аты – заң, қылмыстың аты – қылмыс. Жазалану керек, жазасын алу керек. Бірақ ол жігіттің істеген іс-әрекеті қылмыс болып тұрғанымен, бұл оның жастықпен жіберген қателігі шығар...» дейді ол. Ал қылмыскер оған дейін қылмысты болмағандықтан, жақсы тәртібі үшін берілген мерзі-мінен бұрын абақтыдан аман шыққан көрінеді. Осыдан кейін ойыңызға үш бірдей қызметкердің ішінен неге ол жарақат алады? Оның үстіне қызметіне енді ғана кіріскен жігіттің осындай ерен ерлік көрсеткенінің өзі күдікті деген әңгүдік ой келмей ме? «Көз жеткізгің келсе, күдіктеніп үйрен» демеуші ме еді мұндайда... Сонымен, батырымыздың өмірін қия жаздаған батырлығы қалай бағаланды? Мүмкін, сонан соң оның шені жоғарылаған шығар?
«Бізде «сен жарақат алдың екен» деп ешкім шен тарата бермейді. Елбасының жарлығымен «Ерлігі үшін» медалін алдым. Облыс Департаменті мен қала, аудан көлемінде де марапатталдым. Соның өзі маған дәреже ғой. Ал қызметімде дәрежем өскен жоқ, өсірудің де қажеті жоқ шығар. Өйткені ол менің азаматтық борышым, міндетім ғой»,-дейді Ерасыл. Расымен де, біздегі полицейлердің шені – уақыттың еншісіндегі құзырет. Ал АҚШ-та сақшының шені жұмыстың атқарылуына байланысты өседі екен. Ең сорақысы, бұл жақтағы 90 пайыз полиция қызметкері зейнетке шықпай, сол бастапқы шенімен қалып қояды-мыс. Ал қызмет бабымен басқа басқармаға ауысатын болса, онда шендік мәртебесі қайтадан бірінші сатыға түседі.
«Қару күшті емес, Қару ұстаған күшті»,-деуші еді ғой дана қазақ. Шынында да, бала күнінен қару асынып, әскери формамен жүруді армандамайтын бала кемде-кем шығар. Ерасыл да, өткен жылы қара жерге аманаттаған әкесіне есейіп, ержетсе де еліктейді. Ананың ақ сүтімен келген антына деген адалдығы, ағаларынан алған азды-кемді өнегесі оны күні бүгінге дейін өрге сүйреп келеді. Тәуекел етіп, тас жұтпаса да, атақ-абыройдың еңбекпен келетінін ол бес саусақтай біледі.
«Жұмыстың аты – жұмыс. Ол тікелей біздің міндет болғаннан кейін барлық жерге қылмыскерді құрықтау үшін барамыз. Сақтанамыз ғой, бірақ жұмыспен кетіп бара жатып маған біреу пышақ сұғып ала ма екен, я болмаса қару кезенеді ме екен деп ойланбайсың ғой» деген ол өз мамандығының ғана емес, кез келген саланың өз ауыртпалығы барын алға тартады. «Өмірімнің өзгеріп кеткен ештеңесі жоқ. Атақ еңбекпен келеді екен. Ажал жетпесе, ешкім де өлмейді. Сондықтан өзімді батыр санамаймын, менің басымнан өткен жайт жанымдағы екі азаматтың бірінің басынан да өтуі мүмкін еді»,-деп сөзін түйіндеді ол.
«Жауынгерге жара да жарасады». Алған жарақат, бәлкім, ер азаматтың көзсіз батырлығының бір айғағы шығар. Бір сөзбен айтқанда, батырлық атадан балаға берілетін аманат та, мирас та емес. Ол – әрбір жеке адамның ержүректігімен жететін жетістік. Сонымен батыр дегеніміз кім? Күні кеше ауыр жараланса да, ұрыс даласын тастамағандарды, қауіп-қатерді елемей, қан майданда қасық қаны қалғанша айқасқандарды, өзгенің өмірін құтқару үшін өз өмірін құрбан етуге дайын болғандарды күні бүгінге дейін батыр, қаһарман деп келеміз. Ал бүгінгі бейбіт күннің батырлары қызметіне Ерасылдай адалдық таныта білетіндер, ел басына күн туса, өлімге бас тігетіндер, ақ сөйлеп, адал күлетіндер, шындықты жақтап жүретіндер шығар...
- Ерасыл
- қаһарман
- қылмыскер
- Ерасыл Тілемес
- Полиция
- қызық ақпарат