Нұркентті не үшін салып жатыр?
- Тұтқабай ФАЗЫЛБЕК
Қазақстанда жаңа шаһар бой көтеріп жатыр. Алматы облысындағы Панфилов ауданының Қытаймен шекаралас аумағында орналасқан қала, жоспар бойынша, келешекте ірі сауда-экономикалық орталық қана емес, жаңа Жібек жолының ошағына айналуы тиіс. Әрине, бүгін немесе ертең емес. 20 жылдан кейін. Елдімекеннің халқы сол кезде 100 мыңға жетеді деп күтілуде. Өз кезегінде үлкен сауда орталықтары, қонақүйлер, тұрғын үй кешендері, офистер, тіпті зауыттар салынбақшы. Және бәрі бірыңғай стильде һәм жаңа технологиямен жүзеге аспақ.
Іргетасы осыдан 4 жыл бұрын қалана бастаған қаланы картадан іздеп, әуреге түспей-ақ қойыңыз. Таппайсыз. Себебі, ресми құжаттарда көрсетілмеген. Жер телімі бойынша Панфилов ауданына қарағанымен, Нұркентте әкімдік жоқ. Басшылардың барлығы – таяқ тастам жердегі «Алтынкөл» станциясында. Жергілікті билік өкілдерінің сөзіне сенсек, бүгінде мұнда екі жарым мыңдай тұрғын өмір сүріп жатыр. Олардың дені – теміржолшылар, кеденшілер мен шекарашылар. «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағының құрылуына байланысты дүниеге келген елдімекеннің қазір өз балабақшасы (240 орындық), мектебі (600 орындық) мен дәрігерлік амбулаториясы (ауысымына 100 адам қабылдауға арналған) бар. Анадайдан үш қабатты 21 үй, 80 коттедж және 70 орындық шекарашылар жатақханасы көрінеді.
Айта кетерлігі, жиһазбен, тұрмыстық техникамен жабдықталған баспаналар мұндағы тұрғындарға тегін беріліпті. Электр жарығынан басқаға коммуналдық ақы төлемейді. Әйткенмен, азық-түлік пен дәрі-дәрмек үшін 30 шақырымдай қашықтықта жатқан Жаркентке баруға тура келеді екен. Жер құрғақта жарты сағатыңызды ұрлайтын бұл жолмен жүріп-тұрудың қыстыгүні әжептәуір машақаты бар көрінеді.
Өз кезегінде жергілікті жұртшылықтың талап-тілегі де жоқ емес. «Дүкендер ашылса, монша салынса, аурухана болса...» дейді олар. Аурухана демекші, мұндағы амбулаторияда кадрлар тапшы. Әсіресе, гинеколог пен стоматолог. Алғашқысының қызметін акушер атқарып жүр.
Болашақтың қаласы атану үшін...
Бұйыртса, Астанадан кейін болашақтың қаласына айналғалы тұрған Нұркентте тұрғын үй мен инженерлік инфрақұрылымға қатысты тырнақалды жобаларды жүзеге асыру, бас жоспарға сәйкес, келер жылдан басталмақ. Атқамінерлердің айтуынша, бұл жобалар төңірегінде менмін деген сәулетшілер, қала құрылысын жүргізушілер һәм инженерлер тер төгіп жатқанға ұқсайды. Шаһардың бір ерекшелігі, шығыстық, азиялық хай-тек үлгісінде салынады. 2035 жылға қарай баспанамен қамтамасыз ету бір адамға – 30, ал тұрғын үй қоры үш миллион шаршы метрді құрайды. Барлық жаңа тұрғын үй құрылыстары 5-7 қабатты болып жүргізілмек.
«Болашақта Нұркент барлық қажетті қызмет көрсету нысандарымен қамтамасыз етіледі» дегенге де шын сенеді шенеуніктер. 2035 жылға қарай мұнда 980 бала баратын 20 балабақша, үш мыңнан астам оқушыға жалпы білім беретін 16 мектеп салу жоспарланып отыр. Болашақ қала тұрғындарының денсаулығы да назардан тыс қалмайды: 2035 жылға дейін ауысымына 2600 адам келетін емханалар, 1300-ден астам төсекті стационарлар пайда болады деп күтілуде. Бизнес орталықтары мен банктердің, әкімшілік ғимараттары мен қонақүйлердің құрылысы жүргізіледі. Тұрғындар бос уақыттарын стадионда, мұз айдынында, театрда, мұражайларда, көрме залдарында өткізе алады. Шығыс базары, сауда кешені және ұлттық асүй мейрамханаларының желісі ашылады.
Айтпақшы, қаланың ішімен автокөлік мүлде жүргізілмейді, баршасы «екі аяққа қуат берсін» деп, жаяу жүреді. Бірақ бұл халық қоғамдық көліксіз қалады деген сөз емес. Кенттің ана шеті мен мына шетін жалғайтын трамвайға рұқсат етіледі екен. Бұдан бөлек электромобильдер де кәдеге асуы мүмкін. Шайтан арба тебетіндерге де шектеу жоқ, ол үшін арнайы жол төселеді.
Сәулетшілердің сөзіне сенсек, құмшауыт далада, тақыр жерден еңсе тіктеп жатқан қала келешекте жасыл желекке орануы тиіс. Бірақ «Нұркент моноқала болады» деп ойласаңыз, қателесесіз. Еркін экономикалық аймақ рөлін атқарады. Үш логистикалық тармақ қалыптастыру көзделген: қытайлық, ресейлік-еуропалық және қазақстандық. Бұлардың әрқайсысы келешекте толық қуатымен жұмыс істесе, еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі екі қолға бір күрек таппай сенделген әлеуметтің жұмыссыздық мәселесін шешуге септігін тигізеді деген үміт бар.
Нұркенттің төңірегі – парадокс
Шынында да Нұркенттің маңында, қолсозым жерде қоныс тепкен ауылдардың кескін-келбеті мүлдем басқа. Мұндағы жұрттың арман қаладағы нұрлы өмірді ойлауға уақыты да, мұршасы да жоқ. Себебі, жергілікті халықтың бірі – малдың соңында, бірі – егіс алқабында. Күнкөрістің қамы. Жүгерінің дәнін төкпей-шашпай, тез арада жинап, ұтымды бағамен өткізуі тиіс. Таң алагеуімен қас қарайғанға дейін белі бүгіліп еңбек ететін жұмысшылар күніне небәрі 1500 теңге алады. Онда да жүгері егістігіндегі жұмыс тек маусымдық сипатқа ғана ие. Сондықтан Пенжім сықылды ауыл тұрғындарының күллі арманы «Жаңа қала деген жақсы ғой. Ең бастысы, соғыс өрті тұтанып, ашаршылық жайламасын. Қалғанының бір мәнісі болар. Жаратқан ием Президентке қуат берсін. Уәде етсе, болашақтың қаласын тұрғызатын шығар. Ол жақта біздің балаларымыз өмір сүрер әрі жұмыс табар. Жолдар да жөнделер» дегеннен әріге бармайды...
Қалай десек те, «нұр» деген сөзге құмар шенділердің жоспары көп-ақ. Әйтеуір, Нұркент жобасы биліктің бұған дейінгі бірталай утопиялық бағдарламаларының кебін кимесін деп тілейік. 2035 жыл дегеніңіз не тәйірі, небәрі 19-ақ жыл қалды. Елбасыға көрсеткен қаланың макеті үшін ұялып қалып жүрмейік! Семіз сөйлеп, арық шыққанның қай жері жақсы?!
Ал әзірге «Нұркент» қаласының тұрғындары нұрлы болашақтан үмітті.
Сіз не дейсіз?
Оразалы СӘБДЕН, экономист:
– Жалпы, өркениеттің дамуы Шығысқа қарай аяңдап барады. Оның ішінде Қытай, Үндістан, Сингапур, Оңтүстік Корея, Жапония сынды елдер бар. ХХІ ғасыр аспан асты елінің ғасыры болмақшы, сол себепті біз Қытаймен арадағы қақпаны мықтап бекітуіміз керек. Иә, алыс-беріс жасау керек, бірақ көші-қонға барынша абай болған жөн. 1,5 миллиард халқы бар. Осы тұрғыдан алғанда, шекараға қала салу өте қажет-ақ.
1997 жылы Гонконгке сапар шектім, сонда Қытайдың бір миллиардерімен пікірлесіп қалдым. «Біз Қытай мен Қазақстан тарапынан 300 гектар жер бөліп, қала салсақ. Міне, мынау – жобасы. Осыны Елбасыға көрсетсеңіз» деп ұсыныс жасаған-ды. Әрине, ол қиын-қыстау кезең еді. Сондықтан сол уақытта жүзеге аса қоймады. Сірә, оңтайлы шақ енді туған шығар. Білуімше, жаңа шаһар «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағына кіреді екен. Бірақ өз басым ол жерге қандай зауыттар салынып, біріккен кәсіпорындар іске қосылатындығынан бейхабармын.
Ал қаланың атын Нұркент деп атапты. Меніңше, қазақтың шыққан тегімен қабыстырып, оны «Ғұн» деп атау керек еді. Бұл көне тарихты тірілтетін әрі келешекті ойлайтын ұғым болар еді. Яғни, стратегиялық тұрғыда оң шешім болар еді. Оның үстіне «Ғұн» дегенді қытайдың бәрі біледі. Басқаша айтсақ, экономикалық құндылықтардың барлығы рухани құндылықтардан нәр алып тұруы қажет.
Дос КӨШІМ, саясаттанушы:
– Бұл шаһарды Қытаймен арадағы сауда-саттықты арттыру үшін салғалы жатса керек. Мұндай жобалардың талайын естідік қой. Мысалы, осыдан 15 жыл бұрын Алматы мен Қапшағайдың аралығынан бес қала салынбақ болған-ды. Бұл да солар секілді сиырқұйымшақтанып кетпесе болғаны.
Ал шаһардың атауына келсек, соңғы жылдары Қазақстан билігінде жағымпаздық жаппай белең алып барады. Керек десеңіз, «нұр» деген сөзге қатысты «Тракторшы жігіт үйіне келіп: «Әй, нұрқатын, нұрбалалар қайда? Нұртөсекті салмайсың ба, нұрдастарқанды жаймайсың ба?!» – депті» деген ыңғайда анекдоттар айтыла бастады. Мұны пендешілік дейміз бе, әлде жағымпаздық дейміз бе, не дерімді білмей отырмын. Себебі, ол – бұрын қазақта болмаған қасиет. Сондықтан мен мұны қасиетсіздік деп бағалаймын. Пайымдауымша, бұл қасиетсіздік жеке басқа табынушылықтың әсерінен пайда болды. Әдепкіде күле қарайтын едік, бірте-бірте таңғалмайтын да болып барамыз. Азаматтық қоғам орнап, осы ісінің ыңғайсыз екенін адамдардың өздері сезінбейінше, оны санасына құю қиын.
Есіңізде шығар, былтыр еліміздің ең бай адамы Нұрлан Смағұлов «ЭКСПО-ға» арналған бір жиында Мемлекет басшысымен жүзбе-жүз кездескені бар еді. Сол жүздесу барысында Халықаралық көрме аумағында салынып жатқан зәулім ғимараттың атауына келгенде Смағұлов бірден «Нұрплаза» деп атауды ұсынған. Оның ұсынысын ұната қоймаған Елбасы: «Мұндайды қойыңдар, бұлай жағымпаздануды қайдан үйренгенсің-ей!» дегенде Смағұлов та саспай:«Өмір үйретті, Нұрсұлтан Әбішұлы» деп жауап қайтарған-тын. Елбасы «Қит еткен нәрсеге «нұрды» жалғап, жұрттың ығырын шығармаңдар» деген сайын шен-шекпенділер өршеленіп барады. Өзі жағымпаздарда ұят болмайтыны рас екен.
Айдос САРЫМ, саясаттанушы:
– Қытай қатты дамып жатыр. Қазақстанмен шекаралас аумақта орналасқан Қорғас қаласын алыңызшы. Соған балама болатын бір жаңа шаһар керек қой бізге де. Салынсын енді. Түбі шекара маңын бекітуіміз керек.
- Нұркент
- Алматы облысы
- шаһар
- қызық ақпарат