Жаңа әкімге қуанғандар қуанғандарына өкініп жүрмей ме?
Өткенде Оңтүстіктің жаңа әкімі тағайындалғанда ОҚО мәслихатының кейбір депутаттары шәпкісін аспанға атып, «өзіміздің жерлес келді» десе, тағы біреулері «жасасын Түймебаев!» деп айқайлаған көрінеді. Мұны ұзынқұлақтардан естіген жоқпыз, «Рател.кз» дейтін интернет басылым жазған болатын.
Тілшісі сол процесте отырғаны рас болса, аталған сөздердің айтылғаны да рас болуы әбден мүмкін. Негізі мәселе олардың не айтқанында емес, жаңа әкімнің қуанып жатқандарға деген қарым-қатынасы, көзқарасы, бұдан кейін қалай қарайтынында. Түймебаевыңыз «Мен келгенде қуанып едің» деп, қуанғандардың басынан сипап жүреді деуге әлі ерте сияқты. Алдағанға көне салатын немесе Оңтүстіктің мінезін, ауа-райын білмейтін басқа өңірдің адамы емес. Кімнің не үшін қуанып отырғанын жақсы білетін шығар. Оның үстіне баяғы Мырзахметов сияқты «редко» күлетін шенеуніктердің сортынан-ау. Демек, Оңтүстіктің «қулары» күлгенге күлебағатын, қуанғанға күлше тарататын адамды тапқан екен. Бірер ай өтсін, сосын нағыз қуанғандар мен қуанғанына өкінгендердің өксігіне куә болып қалуыңыз әбден мүмкін.
- Түймебаев
- әкім
- ОҚО
- қызық ақпарат