Кулагиннің «қайығы» неге шайқалмайды?
- Тұтқабай ФАЗЫЛБЕК
Классикалық кеңестік номенклатураның өкілі саналатын Сергей Кулагин еліміздің солтүстік өңірі үшін «незаменимый» кадрлардың бірегейі болып табылады. «Незаменимый» болмаса, Ақмола облысын екі мәрте басқару бақыты бұйырмас еді. Бәлкім, мұның сыры оның «местный» екендігіне де байланысты шығар (Атбасар қаласында туылған). Қостанай облысын да аз басқарған жоқ, табаны күректей 8 жыл отырды (2004-2012 жылдар). 60 жасқа қадам басқан шағында Мемлекет басшысының жарлығымен Сенат депутаты болып тағайындалуын «зейнеткерлікке қамданып жатыр екен ғой» деп топшылай бастап едік, 2014 жылдың мамырында өзі туып-өскен аймақтың «қожайыны» болып қайта оралды.
Өзінің сөзіне сенсек, бала Сергейді әкесіз өмір ерте есейтіпті. Шиеттей бала-шағаны сауыншы һәм шошқа бағушы болып еңбек ететін шешелері тәрбиелеп-өсіреді. Совхоздың қара жұмысына 14 жасынан-ақ араласа бастаған С.Кулагиніңіз араға 3 жыл салып Целиноград ауыл шаруашылығы институтының студенті атанған. Инженер-механик мамандығын игерген ол 1975 жылы баяғы Николаев атындағы совхозға инженер болып қызметке қабылданады. Көп ұзамай бас инженерлікке көтеріледі. Ал, 1980 жылдың ақпан айынан бері қарай кейіпкеріміздің саяси мансабы біртіндеп жоғарылай берді. Әуелі Целиноградтың Астрахань ауданындағы «Райсельхозтехника» өндірістік бірлестігінің басқарушысы лауазымын атқарған ол 29 жасында «Қызылжар» совхозының тізгінін қолына алыпты. 3 жылдан соң Алексеев аудандық халық депутаттары кеңесінің атқару комитетінің төрағасы, 1 жылдан соң аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болды. 1986 жылы облыс орталығына жол тартты. 1990 жылға дейін облыстық атқару комитеті төрағасының 1-орынбасарлығын облыстық агроөнеркәсіп комитетінің төрағалығымен қатар атқарды. Арасында Алматыдағы жоғары партия мектебін тәмамдап та үлгерген. 1990 жылдың тамызында Целиноградпен іргелес жатқан Торғай облысына «секірді». Алдымен облыстық халық депутаттары кеңесі төрағасының 1-орынбасары, 2 жылдан кейін өңір басшысы болды. Бағы бар екен, С.Кулагин Торғайдың экономикалық ахуалы құлдырай бастаған кезеңде С.Терещенко жетекшілік ететін Үкіметтен орнын тауып алды. Аграрлық саясатқа жауапты вице-премьер әрі Ауыл шаруашылығы министрі ретінде 1 жыл еңбек етті. Бәлкім, ұзақтау отырар ма еді, С.Терещенко отставкаға кетпегенде. Бірақ С.Кулагинді далада қалдырған жоқ, халықаралық «Интеграция-Целина» қорына президент етті. Осылайша мемлекеттік қызметтен 4 жылдай қол үзген ол тек 1998-дің қаңтарында ғана агросекторға жауапты кадр ретінде Министрлер кабинетіне қайта із салды. Әйткенмен бұл лауазымы тағы да баянды болмады, 8 айдан кейін Ақмолаға кетті. Әкім болып. Одан кейінгісін жоғарыда айттық. Қостанай облысын қанша жыл басқарғанын, Сенатқа қалай барғанын, қашан қайтқанын...
Қысқасы, С.Кулагин – жергілікті мемлекеттік басқару жүйесінің тіс қаққан кадры-ақ. Бәрінің басын қоссаңыз, облыс әкімі ретіндегі «стажының» өзі 16 жылдан асады. Бірақ осынау жылдардағы көрген-түйгенін ол «көзірге» айналдыра алмапты. Кулагиннің әкімдік еткен мерзімі неғұрлым ұзарған сайын халықпен тіл табысуы, көпшіліктің сөзіне селт етуі соғұрлым нашарлап бара жатқандай. Шендінің сөзінінің ауанына қарағанда, облыс тұрғындары оны «тойдырып бітіпті», сол себепті ол кез келген уақытта жұртшылықты «орнына қоюға» әзір екен. Нені меңзеп отырғанымыз есіңізге түскен шығар. «Ұйқыдағы» Калачи ауылының тұрғындарымен кездескенде мемлекеттік қызметшінің қызмет этикасын жиыстырып қойып, эмоцияға ерік бергені ше?! «Вы дурака не валяйте, вы мне уже надоели. Я вас предупреждаю, я вас возьму на контроль и буду за вами следить, я не угрожаю. Но вы если будете баламутить, я вас на место поставлю. Имейте в виду: я как аким говорю. Не баламутьте. Будете баламутить, развяжете свои языки, я вас на место поставлю и очень серьезно поставлю на место. Вы попомните потом меня». «Айтылған сөз – атылған оқ» демеуші ме еді, калачиліктердің ашуын туғызған бұл сөздер әп-сәтте Қазақстанның түкпір-түкпірін шарлап кете барды.
Әрине, С.Кулагин тұрғындарға дауыс көтере сөйлеуінің себебін кейін түсіндіріп: «Калачиде 4-5 адамның цехі мен бірнеше дүкені бар. Ұйқы басқан ауылдан көшпеу керек деп жұртты дүрліктіріп жүрген – солар. Ал, аурудың қайталанбайтынына кім кепіл? Калачиліктерге деп бюджеттен 2 миллиард теңге бөлінді. Есіл мен Державинкадан жаңа баспана салдық. Сонда осынша еңбектің, қаржының желге ұшқаны ма?» - деп ақталғансыды. Дегенмен даусы қаттырақ шыққанын мойындап, алдағы уақытта мұндай жағдай қайталанбайтынына сендірді.
Бірақ қалай десек те, көңіл-шіркін шыны тәрізді ғой, әлгіндей оғаш көрініске куә болып тұрып С.Кулагиндей әкімнің қоғамның әлеуметтік-саяси көңіл күйін бажайлап, халықтың жан дүниесіне үңіле қоятынына күдікпен қарайды екенсің.
Жалпы, шенеунік ретінде жүріп өткен жолы мінсіз көрінетін С.Кулагиннің беделіне ең алғаш көлеңке түсірген оқиға Қостанай облысында әкім боп тұрғанында орын алды. Рудный қаласындағы Иоанн-Богословск соборының бір жақ қабырғасына тұтастай бейнеленген фрескада Иса пайғамбар мен оны қуана қарсы алып тұрған әулие-әмбиелердің ішінде өңір басшысының тұрғанын бірқатар басылымдар біраз жерге дейін апарды. Тіпті бұл тақырып елімізде ғана емес, алыс және жақын шетелдерде да қызу талқыланды. Жалпақ жұрт шулап кеткендіктен, суретті салған шебердің Өзбекстаннан қайта шақыртылып, С.Кулагиннің бейнесі енді әулилер арасында болмайтыны жайлы ақпарат тараған. Алайда суреттің нақты қалай өзгертілгені жөнінде ешкім пәлен деп тіс жармаған-ды. Оның үстіне фрескада өзінің бейнесі салынғанын білгенде С.Кулагин «Бұл жағдайға менің қатысым жоқ» деп ат-тонын ала қашып, атышулы суретті салғандарды тура жолдан тайып, күнаһар атанды деп айыптап, «жағдайды түзету үшін шара қолданатынын» мәлімдеген. Сөйтсек, оның суреті алынбапты. Жауаптылар С.Кулагиннің бұрынғы бейнесіне мұрт өсіріп, сақал жапсырып, шапан кигізіп, өз қалауларынша өзгерте салыпты. Енді шіркеуге барғандар «Сергей Витальевич ертең зейнетке шығып, сақал-мұртын жіберсе, тура осы суреттегідей болады да қояды» деп күлетін көрінеді...
Міне, содан бері Ақмола облысының әкімін мысқылдағанда оның ныспысына «әулие» дейтін сөзді қосып айтатын «үрдіс» қалыптасты.
Бұдан бөлек Дәулет Қуанышпаев деген азаматтың әлеуметтік желілер арқылы «Зерендіге келіп демалған үш аймақ басшысы, яғни Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагин, Қостанай облысының сол кездегі әкімі Нұралы Сәдуақасов және Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ерік Сұлтанов саунаға театр әртістерін шақыртып, қойылымын тамашалады. Қырықтан асқан әпкемнің әкімдердің алдында моншада өнер көрсетіп, қорланғанына намыстандым» деп айыптауы да қоғамда үлкен дау туғызғаны жасырын емес. С.Кулагинге тағы да «өлләһи-білләһи» деп ақталуға тура келді. «Ешқандай театр әртістерін саунаға шақырған жоқпыз, бұл – жала» деп өзін айыптағандарға ренішін білдіріп, сол күні не істеп, не қойғанын тәптіштеп айтып бергені – есімізде. Сондай-ақ ол «Дәулет Қуанышпаевты сотқа беруге уақытым жоқ. Ол азаматпен кездесіп, көзбе-көз тілдесуге әзірмін. Өзімді қаралағандармен соттаса берсем, жұмысты кім істейді. Бос уақытымда ешқайда бармаймын, той-томалақтарда көңіл көтермеймін» деген-ді. (Өкінішке қарай, кездейсоқтық па, әлде басқа себебі бар ма, содан көп өтпей Қостанай облысының Н.Сәдуақасов лауазымынан босады).
Иланғандай болдық. Бірақ бәрібір аты дардай шенеуніктің соңынан мұндай әңгіменің еруі «неприятно». «Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» дейтіндердің аузына қашанғы қақпақ боласың?!.
Ақтөбедегі жантүршігерлік терактіден кейін С.Кулагин тағы да сын садағына ілікті. Бұл жолы негізсіз емес. Ол өзінің әріптестері секілді тым болмаса ырымын жасап, лаңкестікке қарсы комиссияның шұғыл жиынын да өткізбепті. Кім біледі, бәлкім, «үрейленетін дәнеңесі жоқ» деген шығар. Әлде кежегесі кейін тартып, ерінді ме екен? «Үрейленетін дәнеңесі жоқ» дейін десең, өңірдегі ахуал тып-тынышқа келмейді. Жаңылмасақ, осыдан бір жыл бұрын ғана лаңкестікті насихаттап, әлеуметтік, ұлттық, діни араздық пен алауыздықты өршіткені үшін Көкшетау қаласының тұрғынына қатысты қылмыстық іс қозғалған-тын. Төрт жылға абақтыға жабылды. Сотталушы облыс тұрғындарын теракт жасауға, мемлекет заңдарына бағынбай, қарсылық білдіруге үгіттеп, тыйым салынған діни әдебиеттерді таратып, жұртшылықтың миын айналдырған. Осының бәрінен хабардар бола тұра, Жер кодексіне қатысты халықтың наразылығы туып жатқанда, әкімнің енжарлық танытуына қалай баға берсек екен?..
Әйтпесе әлеуметтік желілеріңіз буырқанып жатты. Ал, С.Кулагиніңіз жайбарақат қана абаттандыру һәм ЭКСПО-2017 өткізу мәселелерімен айналыса берді. Айтпақшы, ұмытып барады екенбіз ғой, Виталийдің ұлы «жердің бір гектары да шетелдіктердің уысында кетпейді» деп уәде ету үшін мамырдың басында ақсақалдармен, мәдениет қайраткерлерімен жолыққан-тын. Сірә, «жанжалды бір шығарса, осылар шығарады» деп ойласа керек, әлде «атқарылған жұмысқа» есеп берудің төте жолы осы болды ма екен? Бәлкім, «қалың бұқараға шал-шауқандар мен әртістердің сөзі өтеді» деп топшылаған шығар.
Жер демекші, Ақмола облысы әкімінің өзі мен туыстарына тиесілі 80 мың гектар жері бар екен. Ол мұны Көкшетауда өткен Жер комиссиясының кезекті отырысында өз аузымен айтты. Соның бәрін игеріп отыр ма, жоқ, жалға алып, өзгелерге жалға беріп отыр ма, ол жағы белгісіз. Оның жері мұнан да көп болуы мүмкін. Өйткені кейбір деректерде С.Кулагиннің жері миллион гектарға таяу екені айтылады. Бізде шенеуніктер дүние-мүлкін өз аттарына жазбайтынын ескерсек, бұл гу-гудің жаны бар сияқты.
Сонымен қатар оның тек жермен ғана емес, мұнай, газ, түсті металл өндірістерінде де ықпалды тұлғалардың бірі екені ауық-ауық тілге тиек етіледі. Оның ресейлік газ компанияларында, мұнай өңдеу зауыттарында үлесі бар екені де талай рет жазылған. Тіпті қазақстандық шенеуніктің солтүстіктегі көршіміздің миллиардерлерімен тонның ішкі бауындай екенін, Кремльдің ішкі әлеміндегі өзгерістерден уақтылы хабардар болып тұратындығын, Ресейдің министрлері мен шенеуніктері С.Кулагин десе, ішкен асын жерге қойып, ерекше құрметпен қарсы алатындығын арагідік құлағымыз шалып қалады.
Түйін.
Мың жерден «әулие» атанып, «саунада театр әртістерінің өнерін тамашаласа» да, калачиліктердің орны қайда екенін көрсетіп, доқ қылса да, лаңкестікке қарсы комиссияның шұғыл жиынын өткізбесе де, С.Кулагиннің атынан ауып түсер түрі көрінбейді. Соған қарағанда, ел аузындағы «Ол Ақордамен байланысы айрықша мығым әкімнің бірі ғой» дейтін әңгімелер бекер емес-ау. Бәлкім, гәптің төркіні тым әріде ме екен? Әйтеуір, С.Кулагиннің біз білмейтін құпиясы көп-ақ...
- Сергей Кулагин
- Ақмола облысы
- депутатты
- қызық ақпарат