Көкірекбаев Жамбылды қайда апара жатыр?
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu

 Кіру / Тіркелу

Көкірекбаев Жамбылды қайда апара жатыр?

Осыдан 3 жылға жуық уақыт бұрын Кәрім Көкірекбаев Жамбыл облысына әкім болып тағайындалғанда өңір жұртшылығы ол туралы «Жамбыл циркіне директор болатын-ақ адам еді» деп күбір-сыбыр ете қалған-тын. Өкінішке қарай, содан бері халықтың көзқарасы пәлендей өзгере қоймапты. Оның үстіне әкімнің де өз жерлестерінің көзіне әдемі көрінуге күш салып, абырой-беделін арттыруға тырмысып жатқаны да шамалы сияқты.

Иә, К.Көкірекбаевыңыз – бір қарағанда «идеальный» әкім-ақ. «Қаңғып келген шүрегей» емес, өзі басқарып отырған аймақтың тумасы. Яғни «свой». Алматы теміржол көлігі институтын «жол қатынастары инженері» мамандығы бойынша бітірген ол қызметте ең төменгі баспалдақтан жоғары қарай өрлей отырып саналы ғұмырының басым бөлігін теміржол саласына арнаған. «Құрметті теміржолшы» деген атағы бар. «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясында вице-президент, басқарушы директор, даму жөніндегі вице-президент, бас инженер болды. Атқарушы билік органдарындағы тәжірибесі анау айтқандай мол болмаса да, К.Насбекұлы әр жылдары Жамбыл облысындағы Мойынқұм ауданының әкімі, Табиғи ресурстар және қоршаған ортаны қорғау вице-министрі лауазымдарын атқарды. Оның түр-тұрпаты сырт көзге мықты аймақ басшысы ретінде әсер қалдыратыны да жасырын емес. Облыс әкімдігінің ресми сайтындағы К.Көкірекбаевтың блогына үңілген кез келген жан одан мін таппай қиналар. Бәрі озат оқушының дәптеріндей: таза әрі ұқыпты. Сондықтан жамбылдықтардың оны алдыңғы басшылары Қанат Бозымбаевпен салыстырып, түртпектеп, отырса – опақ, тұрса – сопақ етуі жай тәлпіштік болып көрінетіні рас. Білуімізше, жергілікті жамағат бір кездері Қанекеңді де тіксіне қарсы алған-ды, бірақ оның қазіргі әкімнің қасында әулие екенін енді сезіне бастағандай. Яғни «Әндіжанда бір апам бар, ол менен де өткен сорақының» кері.

Егер әлеуметтік желілердегі пікірлерге сенсек, Кәрекең бүкіл жамбылдықтардың емес, облыстағы тек ат төбеліндей топтың ғана «өз адамы» екен. Оған дәлел: Қ.Бозымбаев әкім болып тағайындала салысымен өзінің орынбасарын – экс-теміржолшыны ауыстырғысы келген ұқсайды. Алайда, аузы дуалы жергілікті ақсақалдар аймақ басшысын райынан қайтарып, К.Көкірекбаевқа араша түсіпті-міс. Қ.Бозымбаев та мәрт екен, шалдардың сөзін жерге тастамай, «замын» орнында қалдырыпты, бірақ маңызды істерге жолатпай қойған көрінеді.

Қ.Бозымбаевтан эстафетаны алып қалғанына қарағанда, оның «қам-қоршылары» шынында да осал емес-ау...

Жалпы, «ҚТЖ-да» еңбек еткен жылдары К.Көкірекбаевтың есімі бірқатар даулы оқиғаларға қатысты аталып қалатын. Әсіресе, пәтерлер «махинациясына», ұрлық-қарлыққа, кадрларды қудалауға байланыстыларында. Тіпті БАҚ беттерінде оның бір емес, бірнеше қылмыстық істерде фигурант болғаны да жарияланды. Әйтсе де соттың алдына барып, бірде-бір рет жауап бермепті.

Мемлекеттік қызметке келген соң да Кәрекеңнің артынан түрлі әңгімелер ере бастады. Әсіресе, облыс әкімінің орынбасары ретінде ол «курировать» ететін өнеркәсіп пен құрылыс салаларында дау-дамай жиі-жиі дүңкілдеп жататын. Оған мысалды «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы мен «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізі құрылыстарынан іздесеңіз, адаспайсыз.

К.Көкірекбаев жүргізіп отырған кадрлық саясатқа да елдің көңілі толмайды. «Оның командасы облыстың желкенді кемесін қандай аласапыран болса да, жағаға аман-есен алып шығатынына күмәніміз бар» деседі базбіреулер. Айтса, айтқандай-ақ, жергілікті басылымдардың бірі әу баста-ақ К.Насбекұлының мінезі қарапайым еместігін, сәл-пәл уақыттан кейін оған жақпайтын кісілердің бұл сөздің растығына көзі жететінін және әкімдіктер мен басқармаларда Көкірекбаевқа адал шенділердің ғана қалатынын болжаған-ды. Сол жорамал ондыққа дөп тиді. Мәселен, былтыр сәуір айында ғана денсаулық сақтау басқармасына басшы етіп тағайындаған Ерлан Масәлімовы өзінің сыбайластарымен бірге жүйелі түрде пара алып келгені үшін араға тұп-тура жыл салып құрықталды. Тергеу барысында оның қылмысы дәлелденді де. Облыстың бас дәрігерінің кебін жергілікті экологтар да киіп отыр. Және бұл тек сойқанның басы ғана сияқты, себебі әкімнің біраз кадрлары шынайы бет-бейнесін көрсетіп алғандай. Бірді-екілі деректер келтіре кетейік.

Өзі «таққа» қонжиғаннан кейін 4 күн өткенде К.Көкірекбаев оған дейін Тараз қаласының әкімі болған Бекболат Орынбековті облыс әкімінің 1-орынбасары етті. Жұрт аң-таң: «Әй, бір ай бұрын ғана бұл шенеунік бюджет қаржысын игермегені үшін «сыбағасын» алып еді ғой» дейді дымды да түсінбей...

Ал, 2014-тің қазанында тағы бір орынбасары етіп Тимур Жанкені тағайындады. Жап-жас жігіт, бірақ көп жерде аз-маз жұмыс істеп үлгеріпті. Оған аймақ үшін аса маңызды салалар – кәсіпкерлікті дамыту мен инвестиция тарту ісі жүктелді. Қаншалықты рас-өтірігін қайдам, әйтеуір, К.Көкірекбаев халықпен есепті кездесулерінде шетелдік компаниялармен экономикалық ынтымақтастыққа қатысты үлкен-үлкен цифрларды тілге тиек етіп жүр. Әрине, тиісті мәліметтерді осы орынбасары ұсынатыны сөзсіз. «Бақсақ, бақа екен» демекші, шынтуайтында, ауыз толтырып айтып жүрген әңгіменің барлығы ешкімді ештеңеге міндеттемейтін меморандумдарға қатысты екен.

Бір жыл бұрын К.Көкірекбаев тағы бір орынбасарын ауыстырды. Бұл лауазымға ауыл шаруашылығы басқармасын басқарып, бюджет қаржысын игере алмағандығы үшін сыннан көз ашпайтын Нұралы Абдалиевті лайық көріпті. Нұрекең Байзақ ауданында әкім болып тұрғанында өзінің тамыр-таныстарына түрлі жауапты қызметтерді шүлен таратқандай үлестіргені үшін көзге түсіп еді. Сондай-ақ жер телімдерін бөлу және жергілікті аурухана мен су таратқыштың бітпейтін құрылысынан туындаған у-шуда да әжептәуір аты шыққан.

Былтыр облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына Ерік Көшербаев тағайындалды. Осымен екінші мәрте. Алғашқысында Қ.Бозымбаевтың «қаһарына» ұшыраған-ды. Әрине, негізсіз емес. Е.Көшербаев басқарма басшысы бола тұра, мемлекеттік қызметшіге қойылатын талаптарға пысқырмапты. Нақты тапсырмаларды былай қойғанда, ақылға қонымды қағидалардың өзін орындамаған. Мысалы, жаңадан бой көтерген «Бәйтерек» шағынауданын орталықтандырылған жылу жүйесіне қосуға арналған техникалық құжатты әзірлеуді бір жыл сағызша созуының өзі не тұрады?! Сөйтсек, осы мерзімде Е.Көшербаев экономикалық та, экологиялық та тұрғыдан пайдасы көк тиын автономды 12 қазандықтың құрылысын «лоббировать» етіпті. «Орталықтандырылған жылу жүйесі магистралі шағынауданнан бар-жоғы 4 шақырым жерден өтіп жатыр, сонша автономды қазандық салудың не керегі бар?!» деп, сол уақытта Қ.Бозымбаев ашуға мінген-ді. Алайда не ойлағанын кім біледі, К.Көкірекбаев беделіне дақ түскен сондай шенеуніктің жолын ашып қойды. Тізе берсек, мұндай мысалдар ұшан-теңіз.

Осындай-осындай қолайсыз көріністерге куә болған соң, кейде ойға шомасың «Заңды белден басқан ақ жағалыларды облыс әкімі өзгелерге қарағанда артық көреді-ау, сол үшін де үлкен лауазымдармен ғана емес, мемлекеттік марапаттармен де жарылқайды-ау» деп. Жо-жоқ, біз мұны келеке үшін айтып отырғанымыз жоқ. Әңгімеміздің жаны бар. Мәселен, былтыр желтоқсан айында К.Көкірекбаевтың ордендер мен медальдарды қалай табыстап жатқаны хақында жергілікті басылым біраз мәлімет беріпті. Мақалада орден-медальдарды негізінен обләкімдік аппараты мен оған қарасты ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ әкімнің Шу ауданындағы жерлестері молынан иеленгені жазылған. «Байзақ ауданының әкімі Мұратхан Шүкеевтің кеудесіне «Құрмет» орденінің тағылғаны тіпті күтпеген жағдай болды. Себебі, жақында ғана ол сыбайлас жемқорлыққа қатысты дау-дамайдың бел ортасынан табылған-тын. Артынша ондаған шенеунік қызметінен қуылды, арасында аудан әкімінің жұбайы да бар. М.Шүкеев пен оның алдындағы әкім, қазіргі облыс әкімінің орынбасары Н.Абдалиевтің салғырттығынан қолдан жасалған құжат бойынша Байзақ ауданында 270 баспана заңсыз салынған, міне, осыған байланысты қозғалған іс әлі жабылған жоқ. Құқық қорғау органдары айналысып жатыр, бірнеше адам абақтыға жабылды, ал әкімдерді жеңіл-желпі үркітіп қана қойды» делінген газет бетінде.

Қарамағындағылардың осылай дандайсығанына қарап К.Көкірекбаевтың да тазалығына шүбәлана бастайды екенсің. Бірақ қоғамның көзқарасы оның қыртына да кірмейтін сияқты. Түк болмағандай аудандарын аралап, түймедей жетістігін түйедей етіп мақтанып, орындалу мерзімі бір Құдайға ғана аян уәделерді үйіп-төгіп, шындықтан алшақ жатқан жобаларды қиялдап, «спокойно» жұмыс істеп жүр. Ал, жұмыссыз сенделген қарашаның қамын кім ойлайды сонда? Республика бойынша ең төменгі орташа айлық жалақы Жамбыл облысында екені де өңір басшысын толғандырмайды ма екен?

«Қайта алдыңғы әкім Қ.Бозымбаевтың алға қойған мақсат-мұраты бар еді. Горбачевтің қайта құруы тұсында-ақ «ұйқыға» кеткен облысты оятуға талпынған-тын. Ал, К.Көкірекбаевтың өз жерлестерін қайда бастап бара жатқаны түсініксіз. Сірә, әкім аймақтың аса өзекті проблемаларын шешуге бет бұрмайынша, бұл түсініксіздік созыла беретін секілді» дейді білетіндер. Соған қарағанда, жамбылдықтардың «Облыс әкімі К.Көкірекбаев көзбояушылықпен айналысқанды жақсы көреді. «Что-то» нақты әрекет байқалмайды» деген ашынысында негіз бар-ау...

Әділ АЙТАР

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.
Наверх

Басқа бас мақалалар

Error: No articles to display

Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  DivideGroup — сайт әзірлеуші

  

E-mail: [email protected]

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter