Сіз кімсіз, Қ мырза?
- Бекжігіт МӘУЛЕНОВ
«Қ» деп отырғанымыз – Қажыгелдин. Ол прапорщиктен премьер-министр шеніне дейін көтерілді. Атышулы «Қазақгейт» дауының кейіпкері болды. Үш жыл Қазақстан Үкіметін басқарып, ақыры шетелге қашып кетті. Енді сол жақтан ақыл айтып, атамекенін қалай басқару керек екенін үйретіп жүр. Әкежан Қажыгелдиннің КГБ-ның шекпенінен шығып, Қазақстан Үкіметін басқарған алғашқы шенді екенін білетін бе едіңіз? Білмесеңіз, біле жүріңіз. Кәрім Қажымқанұлын «чекист» деп қағытып жүргенімізде бұл соқпақ баяғыда-ақ сүрлеуге айналған екен.
Құпия майданның қызметкері
КСРО-ның КГБ мұрағат-тарындағы деректерге сүйенсек, Польша халық Республикасының территориясында орналасақан №12225 әскери бөлімде Отан алдындағы парызын өтеп жүріп Әкежан Қажыгелдин «особистердің» - КГБ-ның арнайы бөлімі берген жедел тапсырмаларын орындаған. Сол кезде оған «конспирация сақтауды біледі, адамдардың сеніміне оңай кіріп, КГБ-ны қызықтырған мәселелерді анықтай алатын қабілетке ие» деп мінездеме беріпті. Осы тәжірибесін прапорщик шеніндегі Әкежан Мағжанұлы 1976 жылдың мамыры мен 1978 жылғы шілде аралығында Семейдің КГБ-сында сыртқы бақылау барлаушысы ретінде жалғастырған. Бұл саладағы қызметі өрге домалаған прапорщик 1987 жылы КГБ-ның Мәскеудегі басқарушы құрамды дайындайтын мектебіне қабылданады. Ал, 1989 жылдың шілдесінде ол комитеттен қуылды. Себеп – болашағынан үміт күттірген офицер «Созидатель» кооперативінің қаржылай қамқорлығында болған. 90-шы жылдары мұны «рэкет» деп атай бастады. Көрінбейтін майдандағы «майталмандығының майы таусылған» Әкежан саясатқа бас сұғады. Уақыттан озып айта кетейік, мемлекеттік жалақыдан өзге нәпақа табу таланты оған бұл салада да үлкен көмегін тигізді. Сонымен, чекистіктен шеттетілген Қажыгелдин саяси карьерасын Семейдегі партияның Калинин аудандық комитетінде нұсқаушы боп бастап, Қазақстан Республикасының премьер-министрі орынтағына отырды. Үкіметті үш жыл басқарған Әкежан Мағжанұлының қызметі елдегі кей нысандарды жекешелендіруге қатысты жанжалмен есте қалды. Бәлкім, Америка Құрама Штаттарының басшылығының оған деген сүйіспеншілігінің де сыры сонда болар?!
Күлшелі бала
Үкіметті басқарып отырған тұсында Қажыгелдин шетелдік компаниялармен әріптестіктің тың жүйесін өз қолымен жасап шықты. Оның мәні мынада: Қазақстандағы жетекші өндіріс орындарын батыстың инвесторларына беру. Өзінің жекеменшік ноу-хауынан сол кездегі премьер-министр әр кәсіпорын үшін үлкен «сыйлық» алуды да қалайтын. Бұл бір емес, «екі асап, биге шығудың» нарықтық тәсілі еді. Сол үлкен сыйлықтың алғашқысын қазақстандық ірі кәсіпорынды шетелдіктерге беру үшін құжат әзірленіп жатқанда алса, екінші «сыбаға» бақылау толық солардың қолына өткенде беріліп жатты. Кей деректер бойынша, осы келісімдер кезінде ол Қазақстанға төленуі тиіс бонустардың 60%-ға дейінгі сомасын қолма-қол алып отырған. Отандық өндірісті шетелдіктерге бергені үшін қолына тиіп отырған «майлы бәліштің» сомасы одан бірнеше есеге көп екенін түсініп отырған шығарсыз.
Осы тұста тағы бір қызықтың құлағы көрінеді. Сол сатылған кәсіп-орындардың құны Қажыгелдиннің өзі бекіткен министрлер кабинетінің қаулысы негізінде жүзеге асырылды. Жұмыс істеп, табыс тауып тұрған нысан өз құнынан 10-12 есе арзанға үлестірілді. Оны сатып алған шетелдік компаниялардың арасында танымалы да, мүлдем ешкім білмейтіні де бар еді. Мысалы, Соколов-Сарыбай хром кенішін, Ермаков ферроқорытпа зауыты мен электр стансасын, Хромтаудағы Донской кен байыту комбинатын сатып алған «Жапон хром» деген фирманы кейіннен күншығыс елінің ресми өкілі мүлдем естімегенін айтты. Бұл кәсіпорындар кешені әлем бойынша өндірілетін хромның 30%-ын беріп отырған. Ал, бір кездері Қажыгелдиннің отбасы қожайындық еткен Бельгиядағы зәулім сарай сол «JapanChrome» менеджерінің бірінің атына рәсімделгені кездейсоқтық емес, әрине (бұл үйді Қажыгелдин 1995 жылы қазақстандық кәсіпкерге 2,5 миллион долларға алдырғаны кейіннен белгілі болды). «Маңғыстаумұнайгаз», Құмкөл мұнай кеніші, елдегі көптеген бетке ұстар өндіріс нысандары осы кепті киді.
Жекешелендіру атаманының ақыры
Табысты өндірістерді тиынға сатқан тұлғаға тықыр «Трактебель» деп аталатын бельгиялық фирмамен жасақан келісімнен кейін таяды. 1996 жылдың соңында бұл компания Қазақстан үкіметімен елдегі ең ірі газ құбырын басқару туралы келісімге келді. Келісімшарт құны 85 миллион доллар болғанымен, Қазақстаннның қазынасына оның 30 миллионы ғана жетті. Біздің биліктің өтінішімен Бельгия тарапы тексеруді бастайды. Қалған 55 миллион долларды бірнеше адамның өзара бөлісіп алғаны сол кезде ашылды. Олардың арасында «Трактебель» компаниясының топ-менеджерлері, Қазақстанның премьер-министрі және елге танымал атақты «үштік»: Александр Машкевич, Патох Шодиев пен Әлімжан Ибрагимовтар бары анықталды. «JapanChrome» фирмасы ресейлік ағайынды кәсіпкерлер Черных пен ағайынды Рубендердің иелігіндегі TWG фирмасы мен Машкевич-Шодиев-Ибрагимовтардың «Еуразиялық тобының» ортақ меншігі боп шықты.
Тексеріс қорытындысы бойынша Бельгия жандармериясы ақша жасыруға қатысты қылмыстық іс қозғады. Оның ізі Женева мен Цюрихтен шыққасын Швейцарияның құқық қорғау органдары да тергеуді бастады. Іс халықаралық коррупцияны тергеу маманы, ресейлік саясаткер Павел Бородин мен Борис Ельцинге пара берді деп айыпталған албан мультимиллионері Беджет Пакколлидің ісін жүргізген судья Даниэль Девоға тапсырылады. Швейцариядағы қазақстандықтарға тиесілі банк шоттарын тексеру кезінде қазақ билігіндегі лауазымды тұлғалардың америкалық мұнай компанияларынан пара алғаны анықталды. Оған нью-йорктық заңгер әрі банкир Джеймс Гиффен делдалдық еткен. Ісіне өте ұқыпты щвейцариялықтар тергеу материалдарын АҚШ әділет министрлігіне жібереді. Атышулы Қазақгейт ісі де осыдан басталып еді.
Джеймс Гиффен – «Меркатор» коммерциялық банк директорлар кеңесінің төрағасы, әрі Қазақстан президентінің штаттан тыс кеңесшісіне, 62 тармақтан тұратын айып тағылып, сотқа тартылады. Айыбы дәлелденсе, 20 жылға дейін сотталып кетейін деп тұрған Гиффен АҚШ-тың орталық барлау қызметінің араласуымен болмашы жазамен құтылып кетті. Өйткені, сол кезде банкир Американың арнайы қызметінің тапсырмаларын орындағаны белгілі бола бастап еді.
HumanRightsWatch халықаралық ұйымы келтірген деректер бойынша, 1997-98 жылдары Гиффен халықаралық мұнай компанияларынан делдалдық «қызметі» үшін 114 822 577 доллар мөлшерінде ақша алған. Оның жартысы, яғни 55 869 000 доллары Қажыгелдиннің бақылауындағы шоттарға аударылады. Одан бөлек, Лихтенштейндегі SanCelestinoFoundation қорынан Қажыгелдин үшін ашылған шоттарға 1997 жылы Гиффен 6 миллион доллар аударған. Әрине, ол ақша кейіннен оффшорға ағып кетеді. Осыдан кейін Әкежан Қажыгелдин отставкаға кетті. Оның осы қылмысы үшін жауапқа тартылмауы АҚШ-тың белді шенділері мен арнайы қызметінің арқасы деген дерек те бар.
Қашпақ болсаң – ала кет
«Қазақгейт» қазақ билігі үшін аса бір маңызға ие оқиға болмаса да, әжептәуір бас ауруға айналды. Жағдайды ушықтырмау осы оқиғаға қатысы бар барлық тарапқа тиімді еді. Бірақ, әрқайсысы одан өзіне пайда келер тұсын іздеді. Ашылған айыбы ұмытылар деп үміттенген шетелдік компаниялар осыдан кейін қазақ жерінде экономикалық жеңіліктерден дәмеленсе, саяси күштер мұны елдегі ахуалды өзгертуге қолданбақ болды. Осы жанжалдан соң Әкежан Қажыгелдиннің бірден қамауға жабылмай, әлі де болса президент кеңесшісі қызметінде қалуы оған «өзі жаққан отты өзіне сөндіруге» мүмкіндік берілуімен ғана түсіндіруге болады. Алайда, екінші премьер «артық қимылдар» жасап қойды. 1998 жылы Әкежан Қажыгелдинге қызмет бабын асыра пайдаланғаны, пара алғаны, мемлекет қаржысын жымқырғаны және салық төлемегені үшін айып тағылды. Мемлекетке келтірілген шығын сол кезде 11,3 миллиард долларға бағаланды. Ол кезде Әкежан Мағжанұлының Қазақстанда ізі де жоқ еді. 2001 жылы Қазақстанның жоғарғы соты оны сырттай 10 жылға соттады.
Халықаралық іздеу жарияланған Әкежан Қажыгелдин екі рет ұсталды. 1999 жылы – Мәскеуде және 2000 жылы – Римде. Алғашында КГБ-ның мектебінен өткен экс-премьер епті әрекетінің арқасында құтылып кетті. Екінші рет, ол кезде өзін саяси қуғындалушы ретінде танытып үлгерген Қажыгелдинді Италия билігі Қазақстанға беруден бас тартты.
Батыстың арнайы қызметтерінің араласуының кесірінен шетелдік шоттарында нақты қанша ақша бар екенін анықтау мүмкін болмады. Бірақ, экс-премьердің кей мүліктерін анықтаудың сәті түсті. Бельгиялық полицияның материалдарында Әкежанның әйелі - Наталья Қажыгелдина (Быкова) Нидерландыдағы холдингтік компанияның қожайыны екені айтылған. Дәл осы компания 1996 жылы Леулада құны 2 миллион долларлық үй, Ле-Мапуардан 700 мыңға жер телімі мен 2 миллион долларлық вилла сатып алған. Ал, Қажыгелдинаның фирмасының өзі екі мыңыншы жылдары 4,5 млн долларға бағаланған.
Жуырда ғана әлемдегі біраз адамның ақшасын әшкере еткен «Панамагейт» құжаттарында да Әкежанға қатысты деректер шықты. Онда бұрынғы үкімет басшысының қызы Диана Баттальяға тиесілі ZarekInvestmentsLimited компаниясы 2003 жылы Лондондағы ХІХ ғасырда салынған қамал үшін 6,5 миллион доллар төлеген.
- Үкімет
- Әкежан Қажыгелдин
- КГБ
- қызық ақпарат