Шымкенттің салқын сырасын іше алмай қалуыңыз мүмкін
- Бекжігіт МӘУЛЕНОВ
Сот «Шымкентсыра» АҚ-ын сыра шығаруға құқық беретін сегіз бірдей лицензиясынан айырды. Бұған дейін зауыттың бұрынғы қожайыны Тоқтар Төлешовтің өз басы дауға қалып, істі болып еді. Енді оның меншігінде болған өндіріс орнына да тоқтап қалу қаупі төніп тұр.
Бұған дейін банктен ірі сома алып, қарызданып қалған кәсіпорынды сот ресейлік азамат Агаджан Аванесовтың талабы бойынша лицензиясынан айырды. «Шымкентсыра» оған 4 млн. доллар қарыз екен. Бұл шешімді Шымкент қаласы Еңбекші аудандық соты 2016 жылдың 27 шілдесінде шығарған және мәселе тек технологиялық процеске қатысты. Зауыт заңгері «бұл шешім өндіріс орнының толығымен тоқтап қалуына әкеп соқтырады» дейді. Салдарынан 1100 адам жұмыссыз қалайын деп тұр. «Шымкентсыра» АҚ қазіргі директоры Камал Атажанов шымқалада шығатын сары сусын елде брендке айналып кеткендіктен, оны шығаруды тоқтату дұрыс емес деп санайды.
Өзінің 40 жылдығын атап өткелі жатқан Шымкенттің сыра зауыты үшін бұл жыл ауыр болды. Естеріңізде болса, жыл басында «Шымкентсыра» ЖШС қожайыны Тоқтар Төлешов тұтқындалды. ҚР ҰҚК оны «мемлекеттік төңкеріс ұйымдастырмақ болды және Атыраудағы митингілерді қаржыландырды» деп айыптап, қамауға алған еді. Қазір 13 бап бойынша айып тағылған кәсіпкердің ісі сотта қаралып жатыр. Бұл іс бойынша тағы 25 адам жауапқа тартылып, жүздегені куә ретінде қатыстырылған. Ал, жақында тараған Төлешовтың өз айыбын мойындағаны туралы ақпаратты оның адвокаты да растады. Көктемде банкке қарыз болғаны үшін зауыттың мүлкі саудаға қойылған еді. Ол 28 миллион теңгеге жуық сомаға бағаланған. Алайда, оны сатып алатын адам шықпағандықтан, аукцион өтпей қалды.
«Шымкентсыра» лицензиясынан айырылғанымен, Қазақстан сары сусынсыз қалмайды. Бүгінде ел аумағында 300-ге тарта ірілі-ұсақты сыра қайнататын кәсіпорын бар. Шымкенттің салқын сырасының орнын солар басар, сірә. Оның үстіне кей деректерде Қазақстанда сыра сату ауқымы азайып келе жатқаны айтылады. Оған бірнеше себеп бар. Негізінен, бұл сусын аптап ыстықта көп ішіледі. Алайда, соңғы кезде қазақстандықтардың сатып алу қабілеті төмендегендіктен, алкогольді сусынның осы түрін тұтынушылар азайған. Оның үстіне күн райы қатты қызатын оңтүстік өңірлерде халық дінге ден қоя бастады.
Жалпы алғанда, өндірістің бұл түрінен түсетін табыс құпиялардың қатарына жатады. Ешбір сыра өндіруші өзінің табысын ашық ақпарат көздерінде жарияламайтынын байқадық. Сондықтан, қаржылай түсімді болжаммен ғана айтуға тура келеді. «Шымкентсыра» зауытының қожайыны Тоқтар Төлешов төрт әйелінің әрқайсысына еңбек етпесе де, зауыттан ай сайын екі милион теңгеден астам жалақы төлеп отырғанына қарап-ақ, сыра бизнесінің табысын пайымдай беріңіз.
- шымкентсыра
- Тоқтар Төлешов
- қызық ақпарат