Айыппұлды азайту жағы қаралып жатыр
- Бекжігіт МӘУЛЕНОВ
Астанада Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске енгізілетін өзгерістердің жобасы таныстырылды. Қоғамдық тыңдау кезінде жобаны әзірлеген Әділет министрлігі жоба ішінде әкімшілік айыппұл мөлшерін азайтуды көздейтін бірқатар нормалардың да бар екенін айтты.
Әкімшілік кодекске енгізілетін өзгеріс-тердің бір парасы құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған. Заңға енгізілетін өзгерістер қолданылатын әкімшілік жазаны жеңілдетуді көздейтін баптар мен әкімшілік істерді қысқарту тәжірибесінің қолдану аясын кеңейту, салынған айыппұл мөлшерін 30 %-ға дейін кемітуге мүмкіндік берілетін субъектілер тізімін кеңейтуді де қарастырады. Оның біразы – жол жүру ережесін бұзғандар үшін тағайындалатын айыппұлдар. Жиынға қаатысқандар мұндай жеңілдіктерді өзге салаларда да кеңінен қодануды ұсынды. Ал, қоғамдық тыңдауға ІІМ-нің атынан қатысқан өкілдер жол жүру ережесін бұзғандарға салынатын айыппұлды азайтуға қарсы. Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Әлібек Кеңісбаев «жолдағы қозғалыстың барлық қатысушыларының, соның ішінде жолда қауіпсіз жүргісі келетін жолаушылар мен жаяу жүргіншілердің де мүддесін ескеру қажет» деп санайды. Ал, Әділет министрінің орынбасары Зәуреш Баймолдина айыппұл мөлшерін төмендету туралы ұсыныс мемлекеттік органдардан түспегенін алға тартты. Оның пікірінше, жол жүру ережесін бұзғандар үшін салынатын айыппұл көлемін азайтуға мүмкіндіктер бар. Бұл мәселені әлі де болса жан-жақты салмақтап барып, шешім қабылдау керек.
Осы орайда, жүргізушілерге салынатын айыппұлдың мөл-шері ұлғайғанымен, жолдағы апаттың азаймай отырғанын тілге тиек етіп, айыппұл мөлшерін кеміту керектігін Мәжіліс депутаттары да айтып жүр.
Қоғамдық тыңдаудан өткен заң жобасы алдағы жылдың жазында депутаттардың қарауына жіберілетін болады.