5 күндік оқу жүйесі тиімді ме?
Биылдан бастап еліміздегі бастауыш сынып оқушылары 5 күндік оқу жүйесіне ауысады. Одан кейін бірте-бірте жоғары сыныптар да осы жүйеге көшеді. Біз ұстаздар мен ата-аналардың осы жаңалыққа қатысты пікірін білген едік.
Өмір Шыныбекұлы, №41 мектеп-лицейі тарих пәнінің мұғалімі, жоғары санатты ұстаз:
Адам ағзасы тәуліктік ритмдермен жұмыс істейтіні белгілі. Адам қаласа да, қаламаса да тәулігіне белгілі бір мерзімде демалуы қажет! Ағзаға зорлық жүрмейді. Оқу аптасын қысқартқанмен, тәулікті ұзарта алмайсың! 5 күндік оқыту жүйесіне өту үшін, кейбір сағаттар ғана емес, тіпті пәндер қысқаруға ұшырауы мүмкін. Ол қысқартулар баланың азамат ретінде қалыптасуына қалай әсер етеді? Болашақ маман дайындауға әсері қалай болмақ? Еңбек нарығында бәсекелестік қызып тұрғанда, балаларымызды білімсіз етіп алмаймыз ба? Екінші жағынан, көпшілік ата-аналардың мектеп жасындағы баласына тәрбие беру шеңбері «Ішкіздім, жегіздім, киіндірдім» - деген түсініктің шеңберіне қарай тарылып бара жатқанын айтатын жерде айтып жүрміз. Бала тәрбиесін түбегейлі мектепке артып қойған отбасылардың балалары 2 күн үйде отыра ала ма? Көше кезіп кетпесіне кім кепіл? Сұрақ көп, жауап жоқ! Яғни, 5 күндік оқыту жүйесіне өту әлі ертерек.
Әуесбайдың Қанаты, журналист
5 күндік оқу жүйесін қолдаймын. Британияда ұлым ағылшын мектебінде оқыды. Ол жақта 5 күндік білім жүйесі енгізілген. Англияда 5 күн оқыған бала көп шаршайды. Сол үшін келесі екі күн демалысқа беріледі. Ол weekend деп аталады. Яғни, аптаның аяғы деген сөз. Бұл екі күнді бала өзін-өзі дамытуға, шығармашылыққа, әке-шешенің қасында болуға арнау керек. Баланың миын тынықтырып, көңілін бір уақ сабақтан да басқа дүниелерге аудару қажет деп санаймын. Сондықтан 6 күн бойы оқытып, білімге жеге берсек, оқушыны зорықтырып аламыз. Сол арқылы баланың білімге ынтасы жоғалады. Осы тұрғыдан бес күндік білім жүйесі тиімді, меніңше. Бес күн оқып, екі күн демалыс беру керек.
- сайлау
- Өмір Шыныбекұлы
- Әуесбайдың Қанаты