Зер қадірін зергер біледі
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu

 Кіру / Тіркелу

Зер қадірін зергер біледі

  • Мақпал ТӨРЕБЕК

Алуан түрлі сәндік бұйымдар мен әшекей заттарды, яғни сақина мен сырға, білезік пен қаптырма сынды дүниелерді алтынмен аптап, күміспен күптейтін зергерлер жайлы біз не білеміз? Қоғам олардың жұмысына қаншалықты зәру? Өздеріңіз білесіздер, қазіргі заманның ағымына қарай мұндай бұйымдар механикалық әдіспен жасалады. Алайда, арамызда зергер жасаған, еш жерде қайталанбайтын дүниелердің құндылығы мен қадірін білетіндер де жоқ емес екен. Әдеттегідей сұраныс бар жерде ұсыныс бар.

Бүгінде күнкөрістің қамы үшін қос қолына сенетін шеберлер елімізде жетерлік. Біз бас сұққан базар ішіндегі қос шеберханадан ұққанымыз да, байқағанымыз да осы болды. Әйткенмен, олардан едәуір айырмашылықты да аңдадық. Аядай ғана адам айналып өте алмайтын шағын шеберханадан жасы елуді еңсерген кісіні кезіктірдік. Сақина мен сырғаны тазалап отырған Берден қария осыдан жиырма жылдай бұрын тұрмыстың тауқыметімен зергерлікке ден қойыпты. «Бала күнімнен игерген кәсібім ғой. Екі қолға бір күрек табылған соң кірісіп кеттім. Осынша жыл бір орында тапжылмай отырған соң тұрақты келушілерім де баршылық. Қолсағаттың бауын қысқарту, үлкен сақиналарды кесу сынды жұмыстарды істеймін. Ескірген алтын-күмісті тазалаймын. Жасым ұлғайған соң бұйымдар жасауды қойдым. Көз кеткен соң оның бәрі қиындай түседі екен. Қазір әйтеуір жүзіктер мен сырғалардың көзін салып берем, сондай ірілі-ұсақты тірліктерді істеймін», – дейді. Айтуынша, мұндай кішігірім жұмыстар 200-1000 теңге аралығында жасалады. Ал күнделікті табыс әртүрлі. Кейде келушілер толастамай, қалтасы қампиятын кездері болса, кейде тіпті бірер адамды қара кешке дейін тосумен күні өтеді. Сөз арасында: «Негізі көбіне әшекейді тағатын әйел заты ғой. Мен енді осы алтын-күмісті тазалап жүрген соң айтайын, оны тұрмыста пайдаланбауға тырысу керек. Әсіресе қамыр жайып, кір жуғанда шешіп қойған жөн. Өйткені оны тазалау өте қиын. Сосын, оны бір ыдысқа салып араластырмай, әрқайсысын жеке қораптарда сақтаған дұрыс. Ал майысса, ескірсе оны зергерге әкеліп, жаңартып алуларына болады», – дейді. 

Ал, жиырма жасар зергер жігіт атының бұл салада аталғанын қаламайтынын түсіндіріп әлектенді. Әйтпесе қолынан бүгінде бұйым жасау да, оны тазалап, әшекейлерді әрлеу де келеді екен. Бірақ бала күнінен дәрігер болуды армандаған ол бұл саланы тек өзінің хоббиі деп санайды. «Сондықтан ол туралы айтып жатқым келмейді. Биыл дәрігер мамандығына құжаттарымды тапсырамын. Ағам ұста болған соң қасында жүріп бәрін үйрендім. Қазір бұл жерден бөлек базардың кіреберісінде өзімнің ұстаханам бар. Ол жерге де келушілер көп. Келушілерге жарамсыз болған алтын-күмістерді сатып алатынымды ылғи айтып отырамын. Оны ерітіп, әшекей жасаймын. Жақында ғана жаңадан отау көтерген екі жас жұбай келіп, әйелінің жүзігіне күйеуінің, күйеуінің жүзігіне әйелінің атын жаздырып, неке сақиналарын істетті. Бір шетіне жүрек ойғызды. Осы жүректі ою қиын болды. Жүзіктің суретін қолдарына ұстап келген соң, оның үстіне екеуінің арнайы зергер іздеп келгенін көріп, барымды салып жасадым. Ал олар өздерінің мұны жасы үлкен зергерлерге айтып түсіндіре алмағандарын естігенде жас зергерлер де қажет екен-ау деп топшыладым», – дейді. Сөз соңын іліп әкеткен жас жігіт: «Қиын ғой, мен үшін солай. Бір орында тапжылмай, қара кешке дейін отыру жап-жас адам үшін ауыр. Оның ішінде шеберханада құралдың дызылы болмаса өлі тыныштық. Сондықтан, Алла бұйыртса, бұл саладан кетіп, медицинаға барғым келеді. Ақ халат киіп, таза, әдемі ғимараттың ішінде жүргенге не жетсін?!». 

Келесі кейіпкеріміз «темірге тіл, жаңқаға жан бітірген» Алматы облысының тумасы, жиырма тоғыз жасар – Алмас Мұстафа. Абай атындағы педагогика университетінде «Ағаш және метал» мамандығы бойынша білім алған. Бүгінде оның 50-ге жуық ұлттық аспаптар жасайтын «Дала сазы» атты шеберханасы бар. Осыған дейін сол шеберханадан 3500-ге дейін саз аспабын жасаған шебер өткен жылдың мамыр айынан бастап зергерлікке ден қоя бастапты. «Ол да бір өзінше қызық сала ғой. Оған дейін ағаштан түйін түйіп, домбыра жасадым. Дегенмен, екеуінің арасы жер мен көктей сияқты. Әйтсе де, екеуіне де талап пен жігер, оған қоса сабыр керек. Меніңше, зергер болу өз ынтасы болған адамға аса қиын емес. Алайда, көз майыңды тауысып жасаған жұмысың көңіліңнен шықса оның өзі бір рахатқа бөлейді»,-дейді. Ал зергердің бұйымдарының бағасы оның жасалу қиындығы мен материалдың сапасына қарай қойылады. Олардың жасалу уақыты да әртүрлі. Мысалы, жүзік болса 3-4 сағатта жасалуы мүмкін. Ал басқа дүниелер қиындығына, техникасына, формасына қарай біршама уақытты алады. Яғни шектеулі уақыты жоқ. Соған қарай баға да құбылмалы. Зергерлікке келгеніне аз уақыт қана болса да, бүгінгі таңда оның бұйымдарына деген сұраныс жоғары. «Авторлық бұйымдарымның бағасы 5-6 мыңнан басталса, 100-200 мыңға дейін барады. 200-300, 500 мың теңгеге дейін тапсырыс беретіндер де бар», – деп, Алмас сөзін қысқа қайырды. 

Зергер дегенді зерікпей жұмыс істейтін адам деп түсінетін жас маман өндірістік кәсібінің тасын өрге домалатып отырғанын мақтан тұтады. Бірақ, алға қойған мақсаттары әлі де аз емес. Сондай-ақ, ол: «Осындай өндірістік сала Қазақстанға өте қажет. Өйткені қазақты қазақ етіп танытатын төл туындыларымыз бен төл өнеріміздің бірі зергерлік»,-дейді. Сондай-ақ ол: «Кез-келген кәсіптің өз қиындығы мен артықшылығы болады. Менің домбыра жасаудан зергерлікке келгендегі түсінгенім осы. Зергер болу үшін төзім керек. Ал қазір төзімді, шыдамды адам аз. Ал ыждаһаттылық таныта білмеген адамды зергерлік жалықтырып жіберері сөзсіз. Ал мен үшін ауыртпалығынан артықшылығы көп. Ең алдымен ол менің жеке кәсібім, сүйікті ісім. Осының арқасында ел көрдім, жер көрдім, біраз елдің мәдениетімен, өнерімен таныстым»,-деп түйіндеді сөзін.

«Қолың ұста, сөзің қысқа болсын» деген қағиданы ұстанған зергерлермен тілдесу барысында біршама дүниені пайымдадық. Олардың әшекей бұйымдарды қалай тазалайтынын, тіпті алтын мен күмісті қалай ерітетінін де көрдік. Өте қызықты. Алдымен ол үшін құтыны отпен ысытып дайындап алып, оған алтынды немесе күмісті салып ерітеді. Алтын 163 градуста, ал күміс 900 градус-та балқиды екен. Ал ең қызығы, ерітіндіні қалыпқа құйғаннан кейін ол небәрі 20 cекунд ішінде қатып үлгереді. Одан соң зергер арнайы салынған ою-өрнекті күміс немесе алтынның бетіне жабыстырып, оны арнайы құралдармен қалыпқа келтіріп, әшекей жасайды. Ал ең жақсысы, осылай кез-келген адам базар мен дүңгіршектерден табыла бермейтін ерекше дүниені тағу мүмкіндігіне ие болады. 

Зергерлік өнер – қазаққа жат емес. Сонау қола дәуірінде андроновтықтар мен арилердің қоныстарынан археологиялық зерттеулер кезінде көптеген бұйымдар табылғаны мәлім. Ал темір дәуіріндегі осындай бұйымдарға қарап, ол кезеңде алтынның қолданысқа енгенін байқауға болады. Ұлтымыздың салт-дәстүрінде де зергерлердің орны айрықша болған. Мысалы, бір отбасы қызын ұзатып, құтты орынына қондыратын кезде зергерді арнайы шақыртып, оған бастан-аяқ қыз жасауына қосатын әшекей-бұйымдарды соқтырған. Оның көрінісі ретінде қазірдің өзінде той-томалақтарда сырға тағып, сырға салып жататын рәсімдердің соның ұшқыны екенін байқауға болады.

Соңғы жылдары елімізде ұлттық нақыштағы әшекей бұйымдар қайта сәнге айналып келеді. Ересектермен қатар жастар да осыған ерекше назар аударып, қызығушылық танытуда. Әсіресе қыздар ұзатылу тойында қазақы нақышпен әшекейленген көйлектер, әдемі тастармен зерленген бұйымдар тағуға құмартуда. Бұл, әрине, көңіл қуантады.

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.
Наверх

Басқа бас мақалалар

БАҚ: Баян Есентаева күйеуімен ажыраспақ болған

Күйеуі сабап қана қоймай, пышақтап, пышақ жарақатын алып ауруханадан бір-ақ шыққан Баян Есентаева жолдасының көзіне шөп салған болуы мүмкін.  NewTimes.kz ақпараттық агенттігі  WhatsApp арқылы таралып ...

Korrespondent.kz Оқиғалар

Әскерде "асылып өлді" деген сарбаздың мойны үзіліп, басы жарылып, денесі тігілген болып шықты

Ақмола облысынан әскерге аттанған сарбаз үйіне табытпен оралды. Жамбыл облысы, Отардағы бөлімде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген жігіт казарма ішінде асылып өлген. Бірақ, бұл мәйітті туған жеріне әк...

Korrespondent.kz Оқиғалар

ОҚО-да ҰБТ-дан шектік балл жинай алмаған бойжеткен өзіне қол салды

Оңтүстік Қазақстанда мектеп бітіруші түлек Аида Сапарбай өзіне қол салып, қайтыс болды.

Korrespondent.kz Оқиғалар

«Дипломмен ауылға» барғандарға не береді?

«Дипломмен ауылға» бағдарламасы ауыл десе ат-тонын ала қашатын жастардың қарасын азайтуға қаншалықты үлес қосуда? Қаладан шалғай орналасқан елдімекендерге жастар шынымен ауылды көркейту үшін бара ма? ...

Мақпал ТӨРЕБЕК Экономика

Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  DivideGroup — сайт әзірлеуші

  

E-mail: [email protected]

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter