«Менің қолымнан бәрі келеді»
- Мақпал ТӨРЕБЕК
Алла Тағала өзінің сүйген құлын сынайды. Осы сөзді бес саусақтай білетіндер көп десек те, қиыншылыққа сабыр ету кез-келгенге оңай соқпайтыны бесенеден белгілі. Екі қолсыз өмірге келген Анар Бексұлтанова жеке кәсібін ашып, өз ісін дөңгелетіп әкеткендердің бірі. Бүгінде оның жігері мен қажыр-қайраты көп адамға үлгі болуға арзиды.
Қазіргі таңда Тараздың тумасы екі қыз тәрбиелеп отыр. Анар туралы: «Шынымен, тігу, кестелеу, техниканы басқару, сурет салу, әзірлеу, кез-келген үй шаруасымен айналысу оған еш қиындық тудырмайды»,-дейді нұр.кз сайты. Сондай-ақ, өзінің есімімен аттас тігін шеберханасын басқаратын 37 жасар оның: «Менің қолымнан бәрі келеді»,-дегенін жазыпты. Осы тірліктің бәрін аяғымен тындыратын әйел Талас ауданындағы тату-тәтті, көпбалалы отбасында дүниеге келген. Білуімізше, жүкті кезінде анасы қатты ауырған, сондықтан Анар қос қолсыз өмірге келген көрінеді. Қарапайым ауылда мектепті бітірген ол өзін сүйіспеншілігі мол шаңырақта өмірге келгендіктен бақытты сезінеді.
Сонымен қатар оған дәріс оқуға, көрмелер ұйымдастыруға көптеген шақыртулар да келеді. Осыдан үш жыл бұрын өзінің жиған-тергенін тігін тігуге жұмсап, ол бүгінде сол шешімінің берекесін тауып отыр. Бастапқыда 3 миллион теңгеге екі өнеркәсіптік, бір тұрмыстық, бір компьютерлендірілген машиналар сатып алыпты. Сөйтіп, өз пәтерінің бір бөлігін шеберханаға айналдырған. Өмір сынаған сайын талпынысын азайтпаған ана Бішкекке барып тауар әкеліп, көрпе-төсек сынды дүниелерді тігеді. Анар мұнымен тоқтап қалмай, алдағы уақытта осы шеберханаға қосымша ғимарат, қойма салып, кәсібін кеңейтуді мақсат етіп отыр.