Гастарбайтерлердің кесірінен талай қазақ жұмыссыз қалды
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu

 Кіру / Тіркелу

Гастарбайтерлердің кесірінен талай қазақ жұмыссыз қалды

  • Аман ЖАЙЫМБЕТОВ

Жұмыссыздықты жою бүгінде ең өзекті мәселелердің бірі ретінде жиі айтылады. Елімізде екі қолға бір күрек таппай, жетім бұрышты жағалап жүргендер аз емес. Сөйте тұра, қолымызға бір-екі теңге түссе, жалдамалы жұмысшының қызметіне жүгінетін жаман әдетіміз бар. Дәл қазіргі құрылыстың қызған шағында шет елден келіп, жалданып жұмыс істейтін гастарбайтерлерді кез-келген ауылдан кездестіруге болады.

Ресми дерек бойынша, біздің ел еңбек мигранттарын қабылдау көрсеткіші жөнінен әлемде 9-шы орында тұр. Үкіметтік емес ұйымдардың мәліметтеріне қарағанда, Қазақстандағы еңбек мигранттарының саны 700 мыңнан асады. Оның бар болғаны 6-ақ пайызы ресми тіркеліп, заңды түрде жұмыс жасайды екен. Демек, мигранттардың басым көпшілігі ресми тіркелмей, ешқандай салық төлемей еңбек етуде. Егер осы мәліметтерді негізге алып, ресми тіркелген 40 мың адамның ең төменгі жалақысы 60 мың теңге мөлшерінде деп санасақ, келімсектер айына елімізден 2 млрд. 400 млн. теңге қаржы жинайды. Бұл тек ресми тіркелген мигранттарды ең төменгі жалақымен есептегенде шыққан қаржы. Ал шындығында олардың саны 40 мың адамнан әлдеқайда көп екені баршаға белгілі. Бұл дегеніміз елден қаншама қаражат сыртқа кетіп жатыр деген сөз. Бұл – бір. Екіншіден, сырттан келіп, сазға отырғызып кететіндер көп. Түрлі қылмыстық оқиғалар да келімсектердің қолымен жасалып жатқанын күнделікті өмірде көріп жүрміз.

Жалпы, қандай заң қабылдасақ та, көршілердің көңіліне қарайтынымыз бар. Таяуда еңбек миграциясы туралы заңға түзетулер енгізілгені белгілі. Алайда бұнымен бұл мәселе толық шешімін таба қояды деу қиын. Себебі, заңгерлер бұл жобаны көрші Ресейдегі құжаттың көшірмесіне ұқсатады. Біздегі жағдай Ресейден мүлдем өзгеше екенін Үкімет те, Парламент те түсіне алмағаны таңдандырады. Саясаттанушылардың айтуынша, Ресейде қазір демографиялық ахуалдың төмендігі байқалады. Міне, сол себепті де Ресей қосымша еңбек күшіне мұқтаж. Ал Қазақстанда демографиялық өсім бар болғандықтан, өз азаматтарымыздың мүддесі бірінші кезекте тұру керек. Яғни, сырттан тек кәсіби деңгейі жоғары, елімізде жетіспейтін мамандар ғана тартылуы тиіс.

Әрине, әр мемлекет ең әуелі өз елінің мүддесін ойлауы керек. Өзінің ана тіліне, мемлекетіне, халқына тиетін қауіп-қатерді қашан да бірінші орынға қоятын көрші мемлекеттердің ұпайы түгел. Ал біздегі жағдай қандай? Рас, кешегі түзету мен толықтырулар миграция туралы заңның олқы тұстарын толтырғандай болды. Атап айтсақ, жеке тұлғалардың үй шаруашылығына бір мезгілде бесеуден артық еңбек мигранттарын тартуына шектеу қойылды. Оған қоса еңбек көшіп-қонушыларына дактило-фототіркеу енгізілді. Жалдамалы жұмысшыға берілетін рұқсаттың 12 айдан аспайтын ең көп мерзімін белгілеуді қарастыру бойынша да өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенін айта кетейік. Жаңа рұқсат еңбекші көшіп-қонушыға алдыңғы рұқсатының мерзімі біткеннен кейінгі 30 күнтізбелік күннен кейін ғана беріледі. Шетелдік жұмысшыларды әкелу үшін жұмыс беруші бір ай мерзім ішінде тиісті біліктілігі бар жұмысшыны іздестіруі тиіс. Одан басқа енгізілетін түзетулер салық кодексі мигранттардың жеке кіріс салығын төлеу және оны есептеу тәртібін реттейтін нормалармен толықтырылады. Мигрант әр айға алдын ала ЖКС бойынша 2 ең төменгі есептік көрсеткіш мөлшерінде төлем жасайды да, соған рұқсат рәсімделеді.

Көріп отырғанымыздай, мигранттардың мемлекетке салық төлеп, аталған тәртіпті бұзған азаматқа айыппұл салу, бір айға ғана рұқсатнама беру ел экономикасына оң әсерін тигізетініне талас жоқ. Алайда сырттан келген жұмысшы ол тек жұмыс күші ғана емес, ол қоғамның мүшесі болғандықтан, өзінің тілін, мәдениетін, ділін, ұстанымын да әкелетінін естен шығармау керек.

ОҚО-ДА ӨРІП ЖҮР

Әрине өмір болған соң көрші мемлекеттермен өзара барыс-келіс пен алыс-беріс болатыны белгілі. Соның ішінде біздің бүгінгі сөз етіп отырған еңбек мигранттарының мәселесі де жоқ емес. Олардың бірі заңды жолмен келсе, бірі заң шеңберін айналып өтеді. Мигранттар Қазақстанда екі қолға жұмысты тез табады. Содан болар, жалдамалы жұмысшылардың дәурені жүріп тұр. Олар жұмыссыз жігіттердің нағыз бәсекелесіне айналған. Жаңа жоғарыда айтқанымыздай өзі жұмысқа жарымай отырса да қара жұмысты өзіне қол көрмейтіндер көп. Есесіне халық көрші елдерден келетін еңбек күшін пайдаланады. Біріншіден, арзан. Екіншіден, таңнан кешке дейін бір тынбайды. Оның үстіне біздің Оңтүстік Қазақстан облысы Өзбекстанмен шекараласатындықтан көрші мемлекеттен келетін еңбек мигранттары «алыстан арбалағанша, жақыннан дорбалағанды» тәуір көреді.

ОҚО ІІД көші қон полиция басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Нұрдәулет Төлегенұлының мәлімдеуінше, жыл басынан бері облысымызға 20 мыңнан астам жалдамалы жұмысшы келген болса, оның 2778-і рұқсаттарын екінші рет ұзартып отыр. «Бізге еңбек мигранттары негізінен Өзбекстаннан келеді, - дейді Н.Төлегенұлы. – Биылдың өзінде ол елден 30 мың мигрант келді. Ресейден – 1324, Қырғызстаннан – 2343, Түркиядан – 1406, Қытайдан – 1020, Ираннан – 95 адам тіркелді. Жалдамалы жұмысшылардың 16 653-і құрылысқа тартылса, 783-і кафе-асханаларда жұмыс істеп жүр. Ал, екі жарым мыңға жуығы үй бағбаны ретінде тіркелген».

Көрші елден келетін гастербайтерлер біздің оңтүстікті өздеріне қолайлы көруінің тағы бір себебі – мұнда өзбек ұлтының өкілдері көп. Солардың арасында жүріп өздерінің гастербайтер екенін оңай жасыра алады. Тәртіп сақшыларына да заңсыз еңбек мигранттарын анықтау оңайға түспейді екен. «Құрылыс орындарынан, базардан босқындарды тауып, заңсыз әрекетін әшкерелеу қиын. Сол үшін жиі рейд ұйымдастырып отырамыз. Түрлі қылмыстық оқиғалар да кейде солардың қолымен жасалып жатады. Заңсыз мигранттардың алдын алу үшін ОҚО ІІД көші-қон полиция басқармасы өңірде екі рет рейд жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде құқық бұзушылық жасаған шетелдік және Қазақстан Республикасы азаматтарына 13 млн 804 мың теңге айыппұл салынды. Төлқұжат, тіркеу ережелерін бұзған 1082, шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланған 87, жалдамалы жұмысшыларды өз меншігіндегі тұрғын үйге тіркеген 9 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - дейді жергілікті тәртіп сақшылары.

Көрші елдерден келетін арзан жұмыс күші халыққа тиімді шығар. Алайда мамандар мигранттарға қатысты 3 қатерлі тізімді алға тартады. Әуелі көші-қоннан төнетін қауіп. Екіншіден, көрші елдеріміздің тұрақсыздығы. Үшіншісі криминалдық мәселе.

Сырттан келген жұмысшылар уақытша тіркелген жердің мекен-жайында тұруға тиісті. Көптеген жұмысшылар осы талапты сақтай бермейді. Екінші мәселе, жеке мақсатпен келіп, заңсыз түрде еңбек етеді. Заңбұзушылықтарға жол береді. Сондай-ақ, рұқсат мерзімі өтіп кетсе де қайта создырмай жүре беретіндер бар. Заң бойынша мерзімі бітетін күні ол өз еліне өтіп кетуі керек. ОҚО ІІД көші-қон полиция басқармасының мәліметінше, 2016 жылдың 5 айында жедел алдын алу рейдтерінде көші-қон заңдылығын бұзған 4918-ден астам құқық бұзушылық іс тіркелген. Оның 3490-ы шетелдік азаматтардың үлесіне тиесілі. Әкімшілік қылмыс жасаған мигрантқа қолданар жаза елден аластату. Бұл әрекет әкімшілік қылмыстық және әкімшілік азаматтық іс жүргізу кодекстері негізінде жүзеге асады.

Тағы бір айта кететін нәрсе, Еуразиялық одаққа мүше елдерге жүріп-тұру жеңілдеді. Жұмысшы мигранттар елімізде 30 күнге дейін тіркеусіз бола алады. Жеке тұлға өзіне 5 адамнан аспайтын жұмысшыны жұмысқа ала алады. Ал заңды тұлғаларда еңбек етуге рұқсат жоқ.

КЕЛІМСЕКТЕР – ЕРІНШЕКТЕР ЕМЕС!

Елімізге астыртын және заңды түрде келіп жатқан мигранттардың белгілі кәсіби білімі де, тіпті орта білімі жоқ десек қателеспейміз. Бірақ оларда білсем, істесем екен деген талап бар. Көбісі орта мектепті жаңа бітірген жастар. Олар ортаға тез бейімделеді. Тіл меңгеру де қиынға соқпайды. Қолынан келмесе де кісінің көңілін аулауға ынтығып тұрады. Тал түске дейін керіліп жатып алмай ерте тұрады. Есік алдына су сеуіп, айналаны абаттандырып қояды. Осылайша құрылысқа келген «маман» қалайда сіңісіп кету үшін барын салады. Тіпті, білмегенін де жұмыс істеп жүріп үйренеді. Бір сөзбен айтқанда, өзінің еңбекқорлығының, ізденімпаздығының арқасында аз уақытта сіңісіп кетеді. Яғни, келімсектер – еріншек емес. Бірақ, олар тарапынан болатын үлкен қауіп – осы қарқынмен келіп, сіңісе берсе көп ұзамай-ақ үлес салмағы жергілікті халықты басып озуы да ықтимал...

Тағы айта кететіні, мигранттардың туу-өсу көрсеткіштері Еуропаның өз халқының көрсеткіштерінен біршама көбірек. Міне, осыдан, алдағы 3-4 онжылдықта Еуропаның өз халқы бірте-бірте аз ұлтқа айналады деген де қауіп бар. Қазіргі еліміздегі демографиялық жағдайымыз, бүгінгі күні Қазақстанға да сол Еуропадағыдай қауіп төніп тұрғанын көрсетеді. Халықтың басым бөлігі қазақтар болса ғана, Қазақстан тәуелсіз, егемен мемлекет ретінде өмір сүре алады. Демек, келетін басқа ұлттар мен ұлыстар толқынына тосқауыл қою керек.

Иә, еліміздегі мигранттар айлап, тіпті, жылдап та өмір сүріп, күнін көріп жүр. Олардың басым бөлігі жалдамалы жұмыспен жан бағып жүргендер болса, тағы біреулері сауда саласының өкілдері. Тіпті арасында қылмыстық топтарға қатысы барлар да жоқ деп айта алмаймыз. Яғни, барлығында қаражат көзі бар. Сондықтан заңсыз мигранттар үшін қатаң жазалау тәртібін қолданған дұрыс. Өз бетінше жан бағып жүрген гастарбайтерлерді де, оларды жалдаған жұмыс берушілерді де назардан тыс қалдырмау керек. Ал заңды түрде жұмыс істеп жүрген гастарбайтерлерді мүмкіндігінше азайтқан абзал. Өйткені еліміздің экономикасын көтеретін де, өсіретін де өзіміздің азаматтар болуы тиіс. Сондықтан жұмыссыз жүрген азаматтарымызды жақсы жалақы төлеу арқылы жұмысқа тартуды ойластырған дұрыс.

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.
Наверх

Басқа бас мақалалар

БАҚ: Баян Есентаева күйеуімен ажыраспақ болған

Күйеуі сабап қана қоймай, пышақтап, пышақ жарақатын алып ауруханадан бір-ақ шыққан Баян Есентаева жолдасының көзіне шөп салған болуы мүмкін.  NewTimes.kz ақпараттық агенттігі  WhatsApp арқылы таралып ...

Korrespondent.kz Оқиғалар

Әскерде "асылып өлді" деген сарбаздың мойны үзіліп, басы жарылып, денесі тігілген болып шықты

Ақмола облысынан әскерге аттанған сарбаз үйіне табытпен оралды. Жамбыл облысы, Отардағы бөлімде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген жігіт казарма ішінде асылып өлген. Бірақ, бұл мәйітті туған жеріне әк...

Korrespondent.kz Оқиғалар

ОҚО-да ҰБТ-дан шектік балл жинай алмаған бойжеткен өзіне қол салды

Оңтүстік Қазақстанда мектеп бітіруші түлек Аида Сапарбай өзіне қол салып, қайтыс болды.

Korrespondent.kz Оқиғалар

«Дипломмен ауылға» барғандарға не береді?

«Дипломмен ауылға» бағдарламасы ауыл десе ат-тонын ала қашатын жастардың қарасын азайтуға қаншалықты үлес қосуда? Қаладан шалғай орналасқан елдімекендерге жастар шынымен ауылды көркейту үшін бара ма? ...

Мақпал ТӨРЕБЕК Экономика

Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  DivideGroup — сайт әзірлеуші

  

E-mail: [email protected]

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter