Газ қоры мол болғанымен, қызығын көре алмай отырмыз
- Жан КЕНЖЕ
Қазақстанда табиғи газ ХХ ғасырдың басында ғана өндіріле бастапты. Қазір ол еліміздің құнды табиғи байлықтарының бірі саналады. Калориясы жоғары, тасымалдануы жеңіл, бағалы химиялық шикізат өндірісте пластмасса, химия талшықтарын, синтетикалық каучук, азот тыңайтқыштарын алуда қолданылады.
Қазіргі кезде республикамызда 100-ге жуық газ қоры барланған. Бірақ оның 40 пайызы – Қарашығанақ кен орнының үлесінде. Келесі ірі кен орындарына – Қашаған, Теңіз, Жаңажол жатады. Газдың негізгі қоры көбінесе мұнай-газ кен орындарында мұнаймен бірге кездеседі. Оңтүстігімізде Шу-Сарысу газ алабы біртіндеп қолға алынып, игеріле бастады. Қазақстан газ өнеркәсібіне республика аумағы арқылы өтетін Бұқара-Орал-Орта Азия-Мәскеу, Бұқара-Шымкент-Тараз-Бішкек-Алматы магистральды газ құбырлары, сонымен бірге газ пайдалану бірлестігін реттеп отыратын Бозой, Полторацкий және Ақыртөбе жер асты газ сақтау қоймасы кіреді. Сондай-ақ, республикада жекелеген газ құбырларымен газ тасымдалдап, жеткізу жұмыстарын «ҚазТрансГаз», «ҚазТрансОйл», т.б. компанияларының бөлімшелері атқаруда.
Қазақстан газ өнеркәсібінің дамуы 1991 жылы жаңа деңгейге көтерілді. Сол жылы «ҚазақГазӨнеркәсіп» мемлекеттік газ концерні құрылды, кейін ол «Қазресгаз» ұлттық газ компаниясы деп аталды. Қазақстан жері газға бай. Каспий, Мойынқұм, Шу-Сарысу ойпаттарында, Қарашығанақ пен Теңізде газдың мол қоры бар. Барланған табиғи газ қоры – 4,0 трлн текше метр болса, жасанды газ қоры – 1,2 млрд текше метр.
«Қазіргі таңда әлемде мұнай бағасы құбылып тұрғанымен, Қазақстанда газ өндіру саласының жағдайы тұрақты» дейді мамандар.
«Қазақстанда газ өндіру көлемі айтарлықтай төмендеді деп айта алмас едім. Біздегі ақпаратқа сәйкес, газ өндіруде бұрынғы қарқын сақталып отыр. Яғни, бұл сала басқа өндірістермен салыстырғанда тұрақты. Қазақ елінде газ өндіру мұнайға тәуелді. Өздеріңіз білесіздер, екі рет қара алтын бағасы өзгерді. Сондықтан, Қазақстанда мұнай өндіру көлемі өскен жоқ. Газ өнеркәсібінде де өзгерістер байқалмады, - деді Chemtex Group компаниясының вице-президенті Ажай Дашпутре. Дегенмен, мұнай мен газ жөніндегі ақпараттық-талдау орталығының мәліметінше, 2015 жылдың сәуір айымен салыстырғанда, газ өндірісі – 6,6%-ға, ал, табиғи газ өндіру – 15,4%-ға азайған.
Оның үстіне, газ бағасы әр өңірде әрқалай. Мысалы, Ақтөбе өңірінде газдың текше метрі – 7 тг болса, ОҚО-да – 32 теңге. Ал, Астана мен Қарағанды, басқа да солтүстік аймақтарда газ құбыры мүлде жүргізілмеген. Жеріміздің ұлан-байтақтығынан табиғи байлығымызды тиімді пайдалана алмай, қызығын жөнді көре алмай отырмыз.