«Корреспондентті» тонаған үш әріп пе ?
- Бекжігіт МӘУЛЕНОВ
«Корреспондент» газетінің тұрақты оқырмандары редакцияға ұры түскенінен хабардар. Сәуірдің 28-інен 29-ына қараған түні басылым кеңсесі тоналды. Содан бері екі жарым ай өтсе де, тергеу әлі нақты бір нәтижеге қол жеткізген жоқ.
Ара-тұра редакция өкілдері осы іспен айналысып жатқан Шымкент қалалық Әл-Фараби аудан-дық ІІБ қайта қайта хабарласып, мән-жәйді сұрағанымен, мардымды жауап ала алмай келеді. Құлап жатып сүрінгенге күлетін қазіргі қоғамда бұл істі сан-саққа жүгіртіп жатқандар да баршылық екен. Біреулер «атын шығару үшін бұл жалған ұрлықты редакцияның өзі ұйымдастырып отыр» деп ой топшылап та қойыпты. Ондай азаматтарға айтарымыз: көкірегі ояу адам «Корреспонденттің» ондай арзанқол «абырой» мен атақты қумайтынын газеттерімізде жарық көріп жатқан мақалалардан-ақ пайымдап алады. Сондықтан оған пәлен деп ақталудың да қажеті шамалы.
Біздің көз жеткізгіміз келіп отырғаны – басқа мәселе. Не бұл ұрлық биліктегі шенділер туралы шындықты айта бастаған жаңа басылымға сес көрсету ретінде, тапсырыспен жасалды, не біздің құқық қорғау органдарының жұмысы әлі де жөнге қойылмаған. Екеуінің бірі. Әйтпесе, электронды техниканың ізін кесуге мүмкіндік беретін технологиялар дамыған заманда сол қылмыстан бір хабар шығатын уақыт болды емес пе? Немесе қылмыскер әлдеқашан табылған. Тек тәртіп сақшылары «көз қысты, бармақ бастымен» өз сыбағасын алып, оны босатып жіберді ме деген күдік көңілді мазалайды. Әрине, бұл – көңілдегі күмән.
Құрметті Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық ІІБ басшылары, мұны ресми сұрау салу деп қабылдап, «Корреспондент» газетінің редакциясында болған ұрлық туралы тергеу органдарының қолында бар мәліметпен бөлісер деп сенеміз.
- тонаған
- Полиция