«Асатаяқ та бір атылады»
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu

 Кіру / Тіркелу

«Асатаяқ та бір атылады»

  • Бекжігіт МӘУЛЕНОВ

Қазақстанда қару-жарақ дүкені осымен екінші рет содырлардың нысанасына ілігіп отыр. 2011 жылы – Таразда және биыл – Ақтөбеде. Бұл жайттың қайталануы қоғамда түрлі пікірлердің белең алуына түрткі болды. Соның бірі – атыс қаруын сататын дүкендерді жауып тастау. Бұл бастаманы көтерген – «Нұр Отан» партиясы төрағасының 1-орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед. Бірақ, онымен экстремизм мәселесі шешіле қояр ма екен?

Бүгінде Қазақстанда 123 қару-жарақ дүкені бар екен. Соның 80 пайызы ыңғайластырылған ғимаратта орналасқан. Бірі – көпқабатты үйде, біразы – спорт дүкендерінде. Егер талап әлемдік тәжірибеге сай өзгерсе, сол дүкендер өзінен-өзі жабылады.

«Қорамсақ» қару-жарақ қауымдастығы вице-президенті Сергей Катнов «бұл мәселеге байыпты қарау қажет» дейді. Өйткені Қазақстанда бүгінгі күнде ең тиімді саланың бірі болған аңшы қаруын сатуды шектеу қазынаны қомақты қаражаттан қағады. Қала берді, көп кәсіппен бірге дағдарысты басынан өткеріп отырған саланың тоқырауы өзге де кәсіпке кесірін тигізеді. Әсіресе, аңшылыққа. Бүгінде Қазақстан бойынша, әуесқойы бар, кәсіби аңшысы бар, 300 мың азамат саятшылар дүкенінің тұтынушысы екен. Оған күзет қызметін, ату спортын, тирлер мен атыс полигондарын қосыңыз. Егер қару-жарақ дүкендері жабылса, осы салалардың барлығы дағдарысқа ұшырайды. Олай болмаған күнде, аңшы қаруы мен оқ-дәрі контрабандасы өршіп кетеді. Осы орайда, ескеретін бір мәселе бар. Қару дүкендеріне шабуыл жасағанда содырларды ең алдымен қызықтыратыны аңшы қаруы емес, қауқары одан күшті ұңғымалы атыс жарақтары. Сондықтан, бес жыл бұрынғы басбұзарлардың әрекетінен соң қару дүкендері қауіпсіздік шарасын қарастырып та қойған екен. Атап айтқанда, ұңғымалы қаруды атыс күйіне келтіруге қиын болатындай жағдайда сақтауға көшіпті. Сергей Катновтың айтуынша, Ақтөбеде содырлар аңшы қаруымен бірге ұңғымалы қаруды да қолға түсіргенімен, одан оқ ата алмаған. Алайда, қанды оқиға аңшы қаруымен де адам өмірін қиюға болатынын көрсетті.

Дей тұрғанмен, Ақтөбе оқиғасынан кейін аңшы қаруын сатуға тыйым салынбағанымен, оны саудалайтын дүкендерге қойылар талаптарды күшейту қолға алынатыны анық болды. Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов бұл жұмыстардың үш бағытта жүргізілетінін мәлімдеді. Оның біріншісі – заңнаманы өзгерту; екінші – күзет пен нысанды техникалық тұрғыдан күшейту; үшінші – ұйымдастыру мәселелері. Елдің бас тәртіп сақшысының айтуынша, күзет агенттіктеріне қойылатын талап та қатаңдатылады. Бүгінде нысандарды күзету полицияның құзыретінен алынып, бәсекелес ортаға берілген. Яғни, ол коммерциялық қызметке айналды. Күзет агенттіктері қызметкерді өздері таңдап, өздері дайындап, өздері қаруландырады. Ал, оның да сапасы ойдағыдай деуге келмейді. Төмен жалақы мен өмірге төнген қатерден бұл салада қызметкерлердің ауысуы жиі орын алады. Демек, тәжірибелі маман туралы айту – қиынның қиыны. Сондықтан оқыс жағдайда күзет қызметі құтқарады деп сеніп қалуға да болмайды. Бұл орайда, «Дүкен қызметкерлерін де қаруландыру мәселесін қарастыру қажет пе?» деген сауал туындайды. Бұл мәселе бұған дейін айтылған. Қызу талқыға да түскен. Кезінде құқық қорғау саласында қызмет еткен тәжірибелі мамандар оны жақтаса, дүкенде кілең «оқ дәрі иісін танитындар» қызмет етпейтінін алға тартқан екінші тарап қарсы шыққан. Сөйтіп, бұл мәселе дүкен иелерінің өз еркіне қалдырылды.

Соңғы бірнеше жылда ІІМ қазақстандықтардың қаруын кері сатып алу шарасын өткізіп жатыр. Тіркелмеген атыс қаруын, аңшы мылтығын, тіпті былтыр травматикалық құралдарды да сатып алды. Дегенмен, осының арқасында ресми деректер бойынша елімізде қылмыс 80 пайызға азайды алайда, жеке мүлікке қатысты қылмыс, яғни, ұрлық-қарлық, тонау көбейген. Осыдан келіп, әлде де алысқа бармай-ақ жақын шет елдерден үлгі алуды ұсынушылар жетерлік. Мәселен, Литва, Латвия, Эстония, Грузия, Молдова секілді елдерде қорғану үшін ұңғымалы қару ұстауға рұқсат етілген. Ал, Беларусьте тапаншаны спорттық мақсатта алып жүруге болады. Сол себепті бұл елдерде қылмыс мөлшері әлдеқайда аз екенін алға тартатындар жетерлік. Ол аз десеңіз, Литвада көшедегі қылмыс саны күрт төмендеген. Өйткені, баукеспе қарақшылардың өздеріне қауіп төне бастаған – кісіні тонаймын деп жанынан айырылып қалуы мүмкін. Әлемге кең таралған қарудың авторы Михаил Калашников «өлтіретін қару емес, өлтіретін адам» дегені бар. Сондықтан, негізгі күш адами факторды жоюға бағытталуы керек. Бұл, қаруды ашық әрі еркін сатуға рұқсат берілсін деген сөз емес. Үйдегі ілулі тұрған қару түбі бір атыларын да ескеру қажет. Аңшылардың тілімен айтқанда, жылына бір рет асатаяқ та атылады. Оның үстіне Қазақстанда қару сатып алудың да машақаты мол.

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.
Наверх

Басқа бас мақалалар

Error: No articles to display

Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  DivideGroup — сайт әзірлеуші

  

E-mail: [email protected]

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter