Бұға берсең, сұға береді немесе коллекторларға қой дейтін ешкім жоқ па?
Ғаламдық экономика-дағы дағдарыстың салдары Қазақстанға да кері әсер етіп отыр. Мұндай жағдаяттар қалыптаса бастағаннан бизнес өкілдерінің ойлағаны табыстан қағылмау болса, халықтың қамы – күнкөріс. Тіпті, жан сақтау десек артық айтқан болмас. Әрине, әркімнің күйттегені әрқилы. Дей-тұрғанмен, қарапайым тұрғынның назарын аударуды мақсат етіп отырған мәселеміз көпшіліктің көңіліне дөп келер деп ойлаймыз.
Осыдан бірнеше жыл бұрын «Альянс Банк» деген мекеменің болғаны, оның «қаржылық құлдықтың қорасын» айқара ашып қойып, халыққа оңды-солды несие таратқаны, әрі берген қарызының ресми сыйақы пайызынан бөлек жасырын-жанама пайыздарды қосқанда жалпы мөлшерін 44 пайызға дейін көтеріп, көпшілікке қарыздың қамытын кигізіп қойған, заң бұзушылықтары паш етілген соң лицензиясынан айырылып тынғаны баршаның есінде.
Дегенмен, банк құрып кеткенімен, «қаржылық құлдық қорасында» қалған азаматтардың несие қарыздарын өндіру 2011 жылы атауында «қаржы», «бюро» деген сияқты сөздері бар жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің еншісіне тиген екен. Оған сонау банк пен кейінгі ЖШС-лар арасында қарызды сатып алу туралы келісім-шарттар негіз болыпты, яғни банк алдындағы қарыздарды аталмыш ЖШС-лар өздерінің пайдаларын көздей отырып өндіруге «жанталаса» кіріскен.
Сол мақсатта «өндіргіштер» қарызы бар адамдарға дамыл таптырмай хабарласып: «Ең болмағанда азғантай ғана, шамаңыз жеткеніне қарай азын-аулақ болса да, төлеп қойсаңызшы! Кейін ары қарай бөліп-бөліп төлей берерсіз»-деп айтып, заңмен белгіленген өндіріп алу мерзімінің өтіп кеткеніне қарамастан, басқаның алдындағы баяғы қарызды өз қарызы ретінде мойындатып алып, ары қарай сотқа талап арызбен жүгініп отырды.
Қарызды талап ету мерзімі жайлы айтар болсақ, Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 178-бабы 1-тармағына сай, ол үш жыл деп белгіленген. Енді, Осы кодекстің 179-бабы 3-тармағының ережесіне сай, талап қойғанға дейін талап қоюдың мерзімінің өтіп кетуі соттың талаптан бас тарту туралы шешім шығаруына негіз болады.
Алайда, заң нормасының бұл ережесін соттар да елемей, сотта өз құқығын қорғауға сауаты жетпегендіктен азаматтар да айтпай, ескерусіз қалып отырған. Оның үстіне, іс жүзінде сырттай қаралған сот ісі жауапкердің өзінің қатысуымен қаралғандай өткізіліп, тіпті тұрғылықты жерінің соты емес, өзге аумақтың сотымен қаралып кеткен. Өзіне қатысты қайсыбір соттың шешімі бар екенін азамат тек сот орындаушысынан немесе жұмыс орнының есеп-қисап бөлімінен, не басқа несиесін төлеу үшін банкке барғанда ғана кездейсоқ біліп қалатын жағдайға жеткен. Бұл жағдайда, азамат талап ету мерзімінің өтіп кеткендігі туралы арызбен сотқа қалай жүгінсін?!
Осы, соңғы кездерде, банк не қаржылық мекемелер сотқа талап арызбен жүгіне қалса болғаны, соттар істерді үстірт қарап, істің мән-жайын егжей-тегжейлі анықтамастан, ондай мекемелердің талаптарын толық немесе ішінара қанағаттандыру үрдісіне көшкен бе деп қаласың.
Бұлай деуімізге мынадай мысалдар дәлел. Түркістан қаласының екі азаматшасына қатысты, әрқайсысына бөлек, облыс орталығындағы соттардың шешімдері шығып, алғашқылардан қаржы мекемелерінің пайдасына қыруар қаржы өндіріліп, ол шешімдер сот орындаушысы тарапынан орындалып та кеткен жағдайлар болған.
Алайда, ол борышкерлердің дер кезінде білікті заңгерлер көмегіне жүгінуі және облыстық сотқа шағымдануының арқасында өз құққтарын қорғап, заңсыздықтың жойылуына қол жеткізді. Басқа да азаматтарға қатысты мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. «Ештен – кеш жақсы!» дегендей, кешігіп болса да азаматтар өз құқықтарының қорғалуына қол жеткізіп жатса – ол да әділдіктің бір орнағаны!
Қорытындылай келе, Қазақстан Республикасының Ата заңында бекітілген құқықтар мен заңды мүдделерді басшылыққа ала отырып, «Қорғануға құқылысың, ағайын!» - демекпіз.
Асылбек Құдияров,
Ербол Төлегенұлы,
заңгерлер
- коллектор
- экономика