Қазақстанда өлім жазасы қайта енгізілуі мүмкін
- Бекжігіт МӘУЛЕНОВ
ҚР Парламент Сенатының депутаты Серік Ақылбай өлім жазасынан мораторийді алып тастауды ұсынды. Артынша Жоғарғы соттың судьялары да 13 жыл бұрын жарияланған мораторийді алып тастау керек деп мәлімдеме жасады. Яғни, лаңкестер мен өзге де ауыр қылмыс жасағандарды өлтіру қажет деп санайды.
Ақтөбедегі терактілерге қатысты пікір білдірген сенатор Серік Ақылбайдың айтуынша қылмыстық кодекс қайта қаралу үшін, бір топ депутат үкіметке ұсыныс тастауы қажет. Әзірге бұл іс қолға алынбаған, десе де билік тарапы бұл бастаманы көтергелі отыр,-деді. Іле шала осы бастамаға үн қосқан Астана қалалық Апелляциялық сот алқасының төрағасы Асқаржан Кенжеғарин өлім жазасын енгізу заман талабы екенін алға тартты. 5 маусымдағы оқиғадан соң ҚР президенті қолына қару алып, адам өлтіргендердің қөзі жойылу керектігін айтқан еді. Сондықтан, судья өлім жазасын осы экстремистерге ғана қолдану қажет дейді. Бірақ, мұнымен мәселенің түпкіліктіі шешілеріне күмән келтірушілер де табылды. Онсыз да өлімге бел буғандарды өлім жазасына кесу ұсынысы баланы кәмпитпен қорқытқанмен тең дейді олар. Ал, танымал заңгер Евгений Жовтис содырларды өмір бойына түрмеге қамап тастау керек деген пікірде. Өйткені, адамның ең басты құндылығы оның еркіндігі мен бостандығы. Оның үстіне біздің мемлекет БҰҰ-ның Ассамблеясында өлім жазасынан бас тарту туралы декларацияға қол қойғанын еске салды.
«Ақтөбеде болған жағдайдан кейін өлім жазасын қайта енгізу туралы ұсыныстар айтылып жатыр. Құқық қорғау органдары террористердің тізімінде қайта-қайта қателіктер анықталып жатқанда ондай үзілді-кесілді қадамға баруға болмайды. Жазықсыз адамдар өлім жазасына тартылса, ол «қатені» түзету мүмкін емес. Ол бүкіл қоғамның мойнындағы ауыр күнә болып қалады», – деп жазды қоғам белсендісі Мұрат Әбенов желідегі жеке парақшасында.
Елімізде өлім жазасына 2003 жылы мораторий жарияланған. Ал, оған дейін тіпті, алаяқтық пен зорлау, жалған ақша жасап, пара алғаны үшін де ату жазасы кесілетін. Сол уақытта елімізде 536 адамға өлім жазасы қолданылған. Қазір әлемнің 58 елінде өлім жазасы әлі қолданылып келеді.
- Қазақстан
- өлім жазасы
- Серік Ақылбай