Ширек ғасырда адам түгілі аюды да қазақша сөйлетуге болар еді...
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu

 Кіру / Тіркелу

Ширек ғасырда адам түгілі аюды да қазақша сөйлетуге болар еді...

  • Аман ЖАЙЫМБЕТОВ

Биыл тәуелсіздік алғанымызға жиырма бес жыл толады. Яғни, сол жылы туылған сәби бүгінде ат жалын тартып мінетін азамат болды. Егер шындап кіріссе, осынау ширек ғасыр адам түгілі аюға да тіл үйретуге толық жетеді. Тек оған шынайы ықылас керек. Ал бізде қазақ тілінің көсегесін көгертуге атсалысқан сайын алға басқан қадамы артқа кететін кертартпа көрініс бар.

АБЫРОЙДЫ АЙРАНДАЙ ТӨККЕН ҚЫРЫҚ ҚАТЕ

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары жағдай бүгінгімен салыстырғанда біршама дұрыстау еді. Көше аттары жаппай қазақшаланып жатты. Қазақша атаулардан қате кеткендер аяусыз сынға ұшырады. Егер сол қарқынмен кете бергенде бүгінгі қоғамдағы қойыртпақ көріністер мен жарымжан жарнамалардың бірі де қалмаған болар еді. Алдымен теңгедегі ұлттық болмыс пен ұлы тұлғалардың суреті сыпырылып түсті. Одан кейін қазақ тіліне қосарланып орысша жазылатын болды. Бертін келе үштұғырлы тіл деген шықты. Бүгінде мән-мағынасы жоқ жарнамалар мен қатеден көз ашпайтын көріністер адым сайын алдыңнан шығады. Ең өкініштісі, сөздің сауатты жазылуына жауапты министрліктің өзі айналдырған төрт беттік қағазда қырық қате жіберіп масқара болды емес пе?!

Рас, бұл – үйреншікті жағдай. Тек қазақша келген хаттарға жауап берер кезде ғана сөздік ақтарып, керек еткені болмаса, былайғы уақытта орысша шүлдірлейтін шенеуніктер қазақшаға шекесінен қарайтынын несіне жасырамыз. Күнделікті керек етпеген соң жаңағыдай қателер кетіп қалуы – заңды құбылыс. Биліктің биік эшелонында жүрген мойны жуан шенеуніктер өзара орысша ұғысатындықтан, былайғы елден де тілді талап ете алмайды. Қазақша білуді қажетсінбеген қоғам тағы елу жылда да осы жүрісінен айнымайтыны анық. Ал, тіл меңгеруді алдымен мемлекеттік қызметкерлерден талап ету керек.

АҒЫЛШЫНША НЕ ТЕҢІҢ...

Тағы бір айта кететін нәрсе, үштұғырлы тілді алға тартып, мектеп оқушыларынан ағылшынша білуді талап етеміз. Өзінің ана тілінде сауат ашуы тиіс балаға қай-қайдағы ағылшыншаны тыққыштау ақылға сия ма? Егер ағылшын тілін меңгеру оңай болса, оны алдымен сол реформаны жасап жүрген министрлерден талап етейік. Алдымен солар үйренсін. Тіпті, «Болашақ» бағдараламасы арқылы Батыста білім алған «балапан шенеуніктердің» өзі қастарынан тілмаштарын тастамайды. Сөйтіп жүріп мектеп оқушыларынан ағылшынша білуді талап етеміз.

ҚАНША ҚАЗАҚ АНА ТІЛІНДЕ СӨЙЛЕЙДІ?

Мемлекеттік тілге қатысты қойылған сұрақтар бойынша, 115 мың қазақ ана тілінің орнына басқа тілді таңдаса, 15 жасқа толған қазақтардың 500 мыңы қазақ тілін тек қана түсінетін болып шықты. Бүгінде қазақ тілінің көсегесін көгерту үшін көптеген жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бірақ соған қарамастан жағдай неге мұншалықты мүшкіл хәлге түсіп кеткен? Демек, миллиондаған қаржыны шығындап жасап жатқан әрекетіміз әдірем қалғаны ғой. Енді қайтпек керек? Бәлкім, аты бар, бірақ орындалу барысы көңіл көншітпейтін заңды күшейту керек шығар?

Шынында да біз бұл мәселеде «Мемлекеттік тіл туралы» Заңға зәруміз. Рас, ҚР «Тіл туралы» Заңы 1997 жылы қабылданғанда қазақтар республика халқының жарым-жартысын ғана құрады. Аталмыш заңның осалдығы мен босаңдығы осы жәйтпен өз түсінігін табады. Бірақ қазіргі ахуал түбегейлі өзгерді. Тәубе, қазақтың үлес саны 70 пайызға жетті. Демек, алдағы уақытта еліміздегі мемлекеттік тіл саясаты батыл, кешенді түрде жүргізілуге тиісті. Осыған орай, Қазақстан халқын, оның ішінде қалың қазақты қанағаттандыратын жаңа заң керек.

Қазіргі билік басында отырғандардың басым бөлігі қазақ тіліне шорқақ. Себебі, жаңа жоғарыда айтқанымыздай, олар күнделікті жұмыста мемлекеттік тілді онша керек ете бермейді. Мемлекеттік қызметте жүріп мемлекеттік тілді білмейтін оларға «Бұның қалай?» деу заңға қайшы келеді. Өйткені, біздің заңнамаларда «Орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деген баптар бар. Заман талабына қарай бір кездері солай болған шығар, енді орыстар бар болғаны 20-ақ пайыз қалды емес пе, ендеше оның тілін тәуелсіз қазаққа қосарлау кімге керек?

Заң заман талабына қарай жетілдіріліп, жаңартылып тұрады. Егер жаңа заң қабылданатын болса, оған міндетті түрде «қазақ тілін жетік білетіндер ғана мемлекеттік қызмет атқара алады» дегенді қосу керек. Сонда ғана мансапсүйгіш, еліктегіш шенеуніктер аз уақыттың ішінде қазақша сайрап шыға келетін еді. Бұл бір жағынан қазақ тілінің бағын ә демей-ақ ашатын болса, екінші жағынан мемлекеттің миллиондаған ақшасын үнемдеуге сеп болар еді. Себебі, қазынаның қыруар қаржысы қазақ тілінің көсегесін көгертеміз деген сылтаумен желге ұшып жатыр емес пе?

ЛАТЫН АЛФАВИТІНЕ КӨШУ КЕРЕК ПЕ?

Тіл туралы сөз қозғай отырып, бұл тақырыптан аттап кетуге болмайды. Шынында да біздің қазаққа латын алфавитіне көшу керек пе? Тіл мамандарының айтуынша, латын алфавитіне көшу арқылы біз бүгінгі үстем тілден іргемізді аулақ салуымызға болады екен. Кеңестік кезеңде қайран тіл, қайран сөз жарты ғасыр бойы қарсыласып, өз кеңістігін қорғап бақты. Бірақ әлімжеттілік сая-саты қойсын ба, ақыры тұқыртып тынды. Қаны сорғалаған шындық, ана тіліміздің қазіргі жағдайы көптеген позициялар бойынша тіпті кеңестік кезеңдегіден де нашарлап кетті. Тілмен қоса, ұлттық сана төменшіктеп, солғындау шегіне жетті. Сондықтан жаңа Заң қабылдау керектігі, онсыз тіл мәселесі шешілмейтіні анық. Ол заңның жалпылама «Тіл туралы» емес, «Қазақстан Республикасының мемлекеттілік тілі туралы» деп аталғаны жөн. Жалпы, ең алдымен, Қазақстанның ішкі жағдайын түзеу қажет. Бұл мәселе мектеп ашып, қазақтарды өз ана тілінде сөйлетумен шектелмейді. Ең алдымен жергілікті ұлт өкілдерінің тілін күнделікті өмірде қолданылу аясын кеңейткен ләзім. Ол үшін қазақ газеттері бәсекеге төтеп бере алатындай болуы керек. Сондай-ақ, күнделікті көретін телеарналарымыз да орыстардыкінен кем болмауы қажет. Бізде қазір БАҚ та, телеарналар да кемшін қалып жатыр.

Жалпы, өз ана тіліміз бола тұра өзге тілде шүлдірлеуге неге құмармыз? Бұл намыссыздық емес пе? Өзге тілде сөйлеу арқылы өз ана тіліңді аяқасты еткенің қалай? Талай тақырыптарға арқау болған тіл тағдыры қашан оңалады? Бүгінгі биліктің қазақ руханиятын қажетсінбейтіні несі? Мемлекет құқықты, қоғам ерікті бола тұра, жағымпаз, жантық мінезді адамдардың саны еселеп артып барады. Салдарынан ұлттық құндылықтарымыз да құнсызданып бара жатқандай...

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.
Наверх

Басқа бас мақалалар

Error: No articles to display

Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  DivideGroup — сайт әзірлеуші

  

E-mail: [email protected]

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter