Асыға күткен аламан да басталды
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu

 Кіру / Тіркелу

Асыға күткен аламан да басталды

  • Аман ЖАЙЫМБЕТОВ

Иә, көптен күткен жазғы олимпиада басталатын сәт те келіп жетті. Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өтетін жазғы олимпиада ойындары біздің уақыт бойынша бүгін түнде жалауын көтерді. Төрткүл дүние назарын тіккен аламан бәйгеге біздің елімізден 104 спортшы қатысып, спорттың 26 түрінен өнер көрсетеді. Қазақта «баласы атқа қонса, әкесі үйінде отырып тақымын қысады» деген сөз бар. Үкілі үміт артып, спортшыларымыздың тілеуін тілеп, жеңіспен оралуын сұрап отырған жанкүйерлерде есеп жоқ.

Рио-де-Жанейродағы жазғы олимпиада біздің спортшылар үшін қаншалықты сәтті өтеді? Ел намысы сынға түсетін аламан бәйгеде қоржынымыз қаншалықты майланбақ? Спорттың қай түрінен біздің спортшылардың жұлдызы жарқырай көрінеді? Жалпы, Қазақстанның атынан қатысып жатқан спортшылардың алтын, күміс, қола медаль олжалау мүмкіндігі қандай?

Рас, бүгінгі болжам кемі екі алтын мен оншақты күміс, қола медальдарды олжалаймыз дегенді айтады. Әсіресе қазақ жанкүйерлерінің басты үміті боксшыларымыз – 69 келі салмақтағы Данияр Елеусінов, 75 келідегі Жәнібек Әлімжанұлы және 64 келідегі Абылайхан Жүнісов пен 91 келі салмақтағы Василий Левит пен жоғары салмақ дәрежесіндегі Иван Дычкода. Қазақстан осы уақытқа дейін спорттың бұл түрінен жақсы жетістіктерге жетіп жүргенін ескерсек, Рио-де-Жанейродағы олимпиададан да біраз жүлде алуымыз бек мүмкін.

Әрине, спорт ең алдымен елдің намысын сынға салады. Одан кейін спортшыларға берілетін қомақты жүлде көпшілікті қызықтырса керек. Осы орайда кімге қанша сыйақы төленетініне де тоқтала кетейік. Міне, Рио Олимпиадасы басталуына санаулы сағаттар қалғанда спортшылар мен олардың бапкерлеріне берілетін қаржылай сыйлықтың көлемі де белгілі болды. Сонымен, Олимпиада қорытындысы бойынша 1-6 орындарға ие болған спортшыларға мемлекет тарапынан қаржылай сыйлықтар беріледі. Бірінші орынға — 250 мың доллар, екінші орынға — 150 мың, үшінші орынға — 75 мың, төртінші орынға — 30 мың, бесінші орынға — 10 мың және алтыншы орынға 5 мың доллар сыйақы төленеді.

Қазақстан Олимпиада ойындарында жүлде алған спортшыға жоғары сыйақы тағайындайтын 3 елдің бірі болып отыр. Бірінші орында Әзірбайжан. Олар алтын алған спортшыға 510 мың доллар көлемінде сыйақы береді. Одан кейінгі орында — Таиланд. Таиландтық чемпиондар 314 мың доллар сыйақы алады. Дегенмен, Таиланд қазынасы ол сыйақыны бірден емес, 20 жылға бөліп төлейді. Нақтылар болсақ, олимпиада чемпионы 20 жыл бойы қазынадан айына 1300 долларға жуық ақша алып тұрады. Үшінші орында — Қазақстан. Ал төртінші орындағы Филлипин олимпиада чемпионы атанған спортшыға 237 мың доллар төлейді. Бірақ бұлар да Тайланд секілді бөліп-бөліп береді. Бесінші орында біздің көршіміз — Өзбекстан. Өзбектер Олимпиада чемпионына 200 мың доллар сыйақы береміз деп алақандарын ысқылап отыр екен. Ресей чемпион атанған атлетке — 60 мың доллар, Қытай — 50 мың доллар, АҚШ — 25 мың доллар береді. Біздің тағы бір көршіміз — Қырғызстан Олимпиада чемпионына 104 мың доллар сыйақы төлесе, Тәжікстан 38,1 мың доллар көлемінде сыйақы тағайындапты. Ең «сараң» ел Ұлыбритания болып отыр. Бұл ел өз жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне ештеңе де төлемейді.

Айта кетелік, біздің елімізде Олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне ақшалай сыйақыдан бөлек, пәтерлер бөлу де қарастырылған. Оларды баспанамен қамту жергілікті атқарушы органдарға жүктеледі. Сондай-ақ, Қазақстан Олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне сыйақы көлемін 2008 жылғы Пекин Олимпиадасынан бастап көбейтті. Оған дейінгі Олимпиадаларда алтын медаль үшін — 100 мың доллар, күміс медаль үшін — 50 мың доллар, ал қола медаль үшін 30 мың доллар сыйақы төленіп келген еді.

Бұдан бұрын Қазақстаннан Рио-де-Жанейро олимпиадасына 105 спортшы қатысатынын хабарлаған едік. Өкінішке қарай, олимпиаданың басталуына санаулы сәттер қалғанда, олардың саны бір адамға кеміді. Еліміздің бірінші ракеткасы Юлия Путинцева Канаданың Монреаль қаласында өткен «Роджерс Кап» турнирінде иығын жарақаттап алып, Олимпиадаға бармайтын болды. Ол Риода жекелей сында өнер көрсетуі керек болатын. Қазақстандық теннисшілердің еншісінде енді екі ғана жолдама қалды. Бастапқыда олардың жолдамаларының саны төртеу болатын, Путинцевадан бұрынырақ Михаил Кукушкиннің де жарақатына байланысты олимпиадаға бармайтыны белгілі болды.

Сонымен бірге, жолдама санына кері әсері болмағанмен, олимпиада қарсаңында тағы бір спортшымыз жарақат алып, Риоға бара алмайтын болды. Ол — велошабандоз Алексей Луценко. Алексей шілденің соңында Франциядағы жаттығулар кезінде автокөлікпен соқтығысып, аяғынан жарақат алды. Сөйтіп, үш аптаға кереуетке таңылды. Орнына Павлодар велоспорт мектебінің тәрбиеленушісі, «Astana Pro Time» командасының шабандозы Андрей Зейц олимпиадаға қатысуға жолдама алды. Ал, енді ең көп спортшы апаратын ойын түрлеріне тоқталатын болсақ, жеңіл атлетика құрамасы — 26, боксшылар — 12, байдарка есу мен каноэ құрамасы — 11, ауыр атлетика құрамасы 8 спортшы апарады.

Қазақстандық спортшылардың жетістігі төңірегіндегі болжамдар да әр түрлі болып тұр. Бірі Лондондағы табыстарын қайталай алады деп нық сеніммен айтып отырса, енді бірінің бір-ақ алтынмен оралатынын айтып, еңсесі түсіп отыр. Әлбетте, қай болжамның расқа шығарын уақыт көрсете жатар, әзірше аламан бәйгеге ат қосып, бақ сынағалы тұрған спортшыларымызға сәттілік тілеуден басқа айтарымыз жоқ.

Айтпақшы, қай спортшылар үмітті ақтайды деген сұрақ төңірегінде де пікір таластырып жатқандар бар. Олардың айтуынша,жаңа біз жоғарыда айтып кеткен бес боксшы мен бірге жеңіл атлет Ольга Рыпакова, ауыр атлеттер — Александр Зайчиков пен Жазира Жаппарқұл, балуандар — Алмас Кебісбаев, Досжан Картиков, Нұрмахан Тынәлиев, дзюдошылар — Елдос Сметов пен Максим Раковқа деген сенім бар.

Ауыр атлеттерге қатысты допинг дауынан кейін қазақ жанкүйерлері енді алтын жүлделерді, негізінен, боксшылар мен балуандардан күтетіні түсінікті. Жалпы, жазғы Олимпиадалар тарихында Қазақстан қоржынына мол олжа салып келе жатқан да осы боксшыларымыз бен балуандарымыз. Тәуелсіздіктен бергі барлық жазғы олимпиадалардың қорытындысы бойынша ел қоржынында 52 медаль бар болса, солардың 17-сі — боксшыларымыздың, 13-і — балуандарымыздың қосқан үлесі. Көріп отырсыздар, олимпиадаға қазақстандықтар 20-дан астам спорт түрі бойынша қатысып жүргенімен, жүлделердің 58 пайызын екі ғана спорт түрінен алдық.

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.
Наверх

Басқа бас мақалалар

Error: No articles to display

Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  DivideGroup — сайт әзірлеуші

  

E-mail: [email protected]

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter