Жазғы олимпиадаға жеті күн қалды
- Аман ЖАЙЫМБЕТОВ
Төрткүл дүние назарын тіккен жазғы Олимпиадалық ойындардың басталуына да санаулы күндер қалды. Бір жетіден кейін жалауы желбірейтін Рио-де-Жанейродағы ойындардың «болғанынан боладысы қызық» болғаны да белгілі. Әсіресе, допинг дауының дүбірі әліге дейін басылмай тұр. Бұл енді өз алдына бөлек тақырып. Жалпы, бұған дейінгі Олимпиада ойындарында жеткен жетістіктеріміз аз емес, алдағы өтетін он алты күндік аламан бәйгеде де бағымыз жанып, қоржынымыз майланып қайтатын шығар деген үміт бар. Жанкүйерлер жағы қызыққа қиқу қосып, делебе қоздырғаны болмаса, әрине, үміттің үлкені спортшыларға артылып отыр. Ендеше, ел намысы сынға түсетін тұста бәйгені қолдан бермей, жеңіс жалауын желбірете алады деп үкілі үміт артқан оғландар кімдер?
Қазақстандықтар Олимпиадаға визасыз бара алады. Иә, Қазақстан Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Мұхтар Тілеуберді мен Бразилияның Қазақстандағы елшісі Деметрио Буэно Карвальо Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Бразилия Федеративтік Республикасының Үкіметі арасындағы екі ел азаматтарының визасыз сапарлары туралы ноталар алмасу нысанындағы келісімге қол қойды. Келісім қазақстан-дықтардың Бразилияға 30 күнге дейін визасыз баруларына мүмкіндік береді.
ДОПИНГ ДАУЫ
Халықаралық ауыр атлетика федерациясы енді Илья Ильиннің 2008 жылғы Бейжің олимпиадасында да рұқсат етілмеген дәрі қабылдағанын жер-жаһанға жар салуда. Яғни осыдан сегіз жыл бұрын алынған сынамадан станозол белгілері табылған. Егер мәлімет расталса Илья Ильин екі дүркін олимпиада чемпионы деген атақ-даңқынан айырылады. Сондықтан болар бұл мәселеге билік те бет бұра бастады. Үкімет отырысында допинг дауы қозғалып, елімізде осыған орай арнайы зертхана құру жайы талқыланды.
Илья Ильиннің атақ-даңқын асқақтатқан Бейжің олимпиадасы екені анық. Сегіз жыл бұрынғы сайыста тау көтерген толағай тұңғыш рет олимп шыңын бағындырған еді. Алайда араға аттай сегіз жыл салып бұл жеңісі жанжал тудыруда. Яғни халықаралық ауыр атлетика федерациясы Ильиннің сол кездегі сынамасынан станозол табылғанын хабарлады. Халықаралық жанжалдың ортасында қалған ауыр атлеттердің тағдыры бүкіл елді елеңдетіп отыр.
Осылайша Рио олимпиадасына санаулы күндер қалғанда төрт бірдей саңлақ спорттан шеттетілді. Яғни, Мая Манеза, Зульфия Чиншанло, Светлана Подобедова мен Илья Ильин жазғы ойындарға қатыспайтын болды. Мұны саңлақ спортшылардың жолын кесу үшін әдейі жасалған қитұрқы әрекетке балайтындар да бар.
ӨТЕШОВ ТЕ «ҚАРА ТІЗІМГЕ» ІЛІНДІ
Қазақстандық ауыратлет Алмас Өтешовтің 2012 жылғы Лондон олимпиадасы кезінде тапсырған допинг-сынамасынан тыйым салынған препарат табылды. Бұл туралы ақпарат Халықаралық ауыр атлетика федерациясының ресми сайтында 27 шілде күні жарияланды. Айта кетейік, бұған дейін WADA мамандары Өтешовтің 2015 жылғы Әлем чемпионаты кезінде тапсырған сынамасынан да тыйым салынған препараттарды анықтаған еді.
Қазақстандық ауыр атлеттен өзге Ресей, Молдавия, Түркия, Армения, Грузия және Әзірбайжанның спортшыларының да допинг пайдаланғаны анықталған. Атап айтқанда, 2012 жылы Лондонда Илья Ильиннен жеңіліп, екінші орын алған ресейлік Александр Иванов та Алмас Өтешовпен бірге «қара тізімнен» табылған еді.
ҮМІТ АУЫР АТЛЕТТЕРДЕ...
Допинг дауынан кейін төрт бірдей олимпиада чемпионы қатардан шығып қалғанымен, жүлдеге таласатын өзге де зілтемірші жігіттер жоқ емес. Атап айтсақ, 105 келі салмақта өнер көрсететін әлем чемпионы Александр Зайчиков пен 85 келіде сынға түсетін Денис Улановтан үлкен үміт күтуге болады. Зайчиков былтыр АҚШ-тың Хьюстон қаласындағы дүниежүзілік сайыста топ жарып, өз мықтылығын дәлелдеді. Биыл Азия чемпионы атанған Денис Уланов та жүлдеден үмітті жігіттеріміздің бірі. Өскемендік зілтеміршінің қоссайыста көтерген салмағы әлемдік рекордтан артық. Алайда бұл салмақта Қытай мен Иранның және Ресейдің спортшылары жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Ал, қыздар арасында оңтүстікқазақстандық Жазира Жаппарқұлдың да жүлделі болып қайтарына сеніміміз мол.
Олимпиада ойындарына қатысатын ауыр атлетикадан Қазақстанның Ұлттық құрамасымен таныстыратын болсақ, ерлер: Арли Чонтей, Фархад Харки, Ниджан Рахимов, Денис Уланов және Александр Зайчиков. Ал, әйелдерден олимпиадаға Маргарита Елисеева, Карина Горичева және Жазира Жаппарқұл барып, бақ сынап көретін болды.
БОКСШЫЛАР БАБЫНДА
Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасы Риодағы Олимпиада ойындарына аттанып кетті. Спортшыларды бір топ жанкүйер Астана әуежайынан шығарып салды. «Барлық жаттығу жиындары тамаша өтті. Енді тек алтын үшін жұдырықтасатын боламыз», - дейді ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов.
Қазақстан құрамасы тарихта тұңғыш рет барлық 10 салмақ дәрежесінде жолдама жеңіп алды. Әсіресе, 91 келідегі жолдама бұрын бұйырмай жүрген болатын. Қазақстан боксшылары Тәуелсіздік жылдарынан бері жазғы Олимпиададан алтынсыз келген емес. Сондықтан, боксты төл спорты санайтын жанкүйерлер боксшылардан үнемі алтын күтеді. Енді Рио Олимпиадасында Қазақстан намысын қорғайтын боксшылардың атын атап өтсек, олар: 49 келі салмақта Біржан Жақыпов, 52 келіде Олжас Сәттібаев, 56 келіде Қайрат Ералиев, 60 келі салмақта Берік Әбдірахманов, 64 келіде Абылайхан Жүсіпов, 69 келіде Данияр Елеусінов, 75 келіде Жәнібек Әлімханұлы, 81 келіде Әділбек Ниязымбетов, 91 келіде Василий Левит және 91 келіден жоғары салмақтағы Иван Дычко. Ал, қыздар құрамасында 51 келі салмақтағы Жайна Шекербекова мен 75 келілік Дариға Шәкімова бар.
БЕС ДЗЮДОШЫ БАРАДЫ
Дзюдо федерациясы Рио Олимпиадасына баратын спортшылардың тізімін бекітті. Сонымен, XXXI Жазғы Олимпиадада Қазақстан намысын дзюдо спортынан 5 спортшы қорғайтын болды. Олар: Елдос Сметов (60 келі), Жансай Смағұлов (66 келі), Максим Раков (100 келі), Галбадрах Отгонцэцэг (48 келі) және Мариан Урдабаева (63 келі). Айта кетейік, Максим Раков 2012 жылғы Лондон Олимпиадасына қатысып, 1/16 финалында ұтылып қалған болатын.
- Олимпиада
- Рио2016
- Қазақстан
- допинг
- қызық ақпарат