Созақтықтар уранның «сорпасын» ішіп отыр
- Жанат ҚАПАЛБАЕВА
1997 жылы Қазақстан уран өндіруде әлемде небары 13-орыннан табылса, 2009 жылы бірінші орынға көтерілді. Содан бері осы межеден түскен емес. Ел бюджетіне мұнайдан кейін мол пайда түсіретін – осы уран. Елімізде 20-дан астам кен орны жұмыс істеп тұр. Соның басым бөлігі ОҚО-дағы Созақ ауданында орналасқан. «Қазатомпром» Ұлттық компаниясына тиесілі 16 кен орны осында орын тепкен.
Уран өндірісі Қазақстанның экономикасын, әл-ауқатын көтерудегі жетекші қазба байлығы болса-дағы, аймақ экологиясына тигізіп отырған зияны жайлы айтып, аттандаушылар да аз емес. Созақ ауданының тұрғыны Абдолла Ижановтың айтуынша, билік табиғатта сирек кездесетін және шашыранды элементтер қатарына жататын уранды оңды-солды өндіріп жатыр. «Уран өндірісі экологияға ғана емес, жергілікті тұрғындардың денсаулығына да айтарлықтай зиянын тигізіп жатқанда үнсіз қалғымыз келмейді. Өздеріңізге белгілі, кен орындарының басым көпшілігі күкірт қышқылы арқылы өндіріледі. Қарапайым ғана мысал келтірейін. Уран өндіру үшін мамандар күніне 600-700 тонна күкірт қышқылын жер астына жібереді. Сол улы қоспалар жер астындағы сумен араласып жатыр. Ал ол суды халық, одан қала берді төрт-түлік жануарлар тұтынады. Қышқыл араласқан судың кесірінен қазір ауданымызда қан қысымы, қант диабеті, қыз-келіншектер арасында сүт безінің қатерлі ісігі, одан өзге де қатерлі ісік аурулары көбейіп жатыр. Бұл уранның адамдарға тигізіп отырған зияны» дейді ол.
Созақ ауданында 1990 жылдың басында 550 мың қой, 10,8 мың түйе, 11,1 мың жылқы, 64,3 мың ірі қара мал өсіріліп, жылына 8,3 мың тонна ет, 340 мың қаракөл елтірісі, 1,3 мың тонна жүн өндіріліп келді. Жыл бойына 1 қойды жайып бағуға 2,5 га табиғи жайлымнан келіп, мал шаруашылығыының өнімі жоғарыда көрсетілген деңгейде болатын. Ал уран өндірісі басталғалы 800 мың га жер «Қазатомпром» иелігіне берілді. Соның кесірінен жайылым жерлер жетіспей жатыр. Жайылым шөбінің құнары кеміп, мал жемейтін және зиянды өсімдіктердің үлес салмағы 25%-ға артқан. Созақ өңіріндегі дегредацияға ұшыраған табиғи жайылымның аумағы 599 мың гектарға жеткен. Осыған орай мал саны да кеміп кетті. Эколог О.И.Василенконың жазуынша, уран өндіру технологиясы расымен де жер асты суларын, топырақты, өсімдікті ластауда.
Бұл мәліметтерді аудан тұрғыны А. Ижанов та растайды. «Қазір ұсақ, ірі қара малдың саны бұрнағыдан екі есеге азайып кетті. Басты себеп – жайылымның жоқтығы. Әрине жердің, жайылымның, судың барлығы уланған болса қой, сиырлар немен азықтансын?! Кен орындары елді мекендерге тым жақын орналасқандықтан күкірт қышқылының адамдарға кесірі тиіп отыр. Созақ ауылының маңынан 500 метрдей жердегі асфальт жолдан 40 тоннаға дейін күкірт қышқылын тиеген көліктер күніне 15- 20 рет өтеді. Сол көліктер аударылып, улы қышқыл жерге төгіліп, иісі ауамен бүкіл ауылдарға жайылған жағдайлар да болды. Энергетика министрі В.Школьник 2012 жылы 22 ақпанда ауданға іссапармен келген кезінде осы жағдайды бірқатар тұрғындар, қариялар жеткізген болатын. Ол бәрін қатырамыз дегенімен осы күнге дейін ешқандай әрекет жасалған жоқ» дейді ауыл тұрғыны.
Созақтағы кен орындары жергілікті елдің жағдайын жақсартуға да үлес қоса алмапты. Тағы сол Ижановтың сөзіне құлақ салсақ, әлгі компанияларда жұмыс істейтін жергілікті жұмысшылардың үлесі 20 пайызға де жетпейді. Оның үстіне қысқарту болса, бірінші кезекте созақтықтар ілігетін көрінеді. Созақ кен орны жайлы салған сұрауымызға әлеуметтік желі қолданушыларының бірі «Ол жерде жұмысқа орналасу үшін пара бересің, әйтпесе алмайды, тіпті, жалақымнан беріп отырайын десек те келіспеді» деп жауап берді.
Елімізде 30 мыңға жуық адам уран өндіру саласында жұмыс істейді. Әрине, аса зиянды элементпен жұмыс істейтін болғандықтан бұл кеніштегі жалақы да айтарлықтай жоғары болуы шарт. Ауыр бейнет, зарарлы кен орны. Алайда, сол азапты еңбектің өтеуі ойдағыдай емес. Франция – КАТКО компаниясының 51 пайыз үлесіне ие. Сол Франциядан келген мамандардың жалақысы біздің жергілікті жұмысшылардыкінен әлдеқайда көп, қомақты. Атын атамауды өтінген Созақ ауылының тұрғыны, зейнеткер апамыз 25 жасар баласы мен күйеуі де уран өндірісінде жұмыс істейтінін айтады.
«Жолдасым мен баламның денсаулығын уайымдаймын. 130-150 мың теңге жалақы үшін тән саулығын бәске тігіп жүр. Соңғы кезде балам жұмыстан келген соң тамаққа тәбеті болмай, құсатын болды. Басы айналады. Бүйтіп тапқан ақшасы құрысын деп мен отырмын» дейді алаңдаған ана. Сөзінің жаны бар. Уран өндіру барысында күкірт қышқылы, аммиакты селитра сияқты реагенттер пайдаланылады. Жұмысшылар үнемі респиратор киіп жүреді. Мамандардың айтуынша, уран өндіру радионуклеидтердің топырақтың жоғары қабатына шығып, айналадағы өсiмдiктер дүниесiмен араласып кету қаупiн туғызады. Оның салдары адамдардың созылмалы қорғасындық интоксикациясына алып келеді. Жүректің айнуы, құсу да соның салдары.
«Уран өндірісі бүгінде созақтықтар үшін қуанышынан гөрі қасіреті көбірек болып тұрғанын әр есікке, әр басшыға айта-айта шаршадық. Денсаулықтары сыр бере бастаған тұрғындар енді не істемек?» дейді кейіген А. Ижанов. Созақтықтардың денсаулығы мен аудандағы мал шаруашылығына төнген қауіп жайлы талай рет мәселе көтеріліп, жазылғанымен, әзірге бізге сол уранның бюджетке әкелетін табысы ғана маңызды болып тұр. Әйтпесе, сумен келген зиянды элементтер ас-ауқатқа араласып, бір сөзбен айтқанда созақтықтар уранның «сорпасын» ішіп отырған жоқ па?
- уран
- Созақ ауданы