Шымкенттің «шіріген» байлары кімдер?
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu

 Кіру / Тіркелу

Шымкенттің «шіріген» байлары кімдер?

  • Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ

«Ақшаң болса қалтаңда, талтаңда да талтаңда». Бұл мәтелдің пайда болғанына көп жылдар өтсе де, әлі күнге дейін ақшасы бардың әмірі жүріп тұрғаны рас. Көп адамның санасын рухани құндылықтардан гөрі, материалдық байлық билеп алды. Үнемі болмаса да, қалтаң саяз болды дегенше, өз ортаңда сый-құрметсіз қалатының жасырын емес қой. Бұл әсіресе балқып-шалқып өмір сүріп, кейін түрлі себеппен барынан айырылып қалғандар үшін өте таныс жағдай. Міне, көрдіңіз бе, байлықты қоғамның өзі қажет етеді. Байлық демекші, бүгінгі мақаламызда Шымкенттің қалталылары туралы азды-кем әңгіме өрбітпекпіз. 

Серікжан Сейтжанов

Оңтүстікте Сейтжановтар әулетін танымайтын адам кемде-кем. Себебі бұл әулеттің байлығы көпті тамсандырып, біреудің қызғанышын, екінші біреудің қызығушылығын оятады. Осыдан бір жыл бұрынғы мәліметке сенсек, Сейтжановтар әулетінің байлығы $220 000 000 долларға бағаланыпты. Әулеттің біздің білуімізше, «Сауст-Ойл», «Стандарт-Цемент», «Talas Investment Company» серіктестегі мен Шымкентте тұңғыш рет ашылған «Rixos Khadisha Shymkent» қонақ үйі бар. Білмейтініміз қаншама... Бұл әулет 2012 жылдан бері республиканың ең бай адамдарының елулігінен түспей келеді. 

Серікжан Сейтжанұлы 1949 жылы ОҚО, сол кездегі Қызылқұм ауданы, Шілік ауылында дүниеге келген. 

Тоқтар Төлешов

Төлешовтің есімі шымкенттік жұртшылыққа бұрыннан етене таныс. Ақпанның соңынан бастап ол жайлы күллі республика хабардар болды. Кәсіпкер арнайы жасақтың операциясымен құрықталып, істі болды. Құқық қорғау органы оған ҚР ҚК 297-бабының 3-бөлігі («Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу») және 266-бабының 3 бөлігі (Қылмыстық топтың әрекетін қаржыландыру, сол сияқты мүлiктi сақтау, бөлу, қаржыландыру арналарын әзiрлеу) бойынша айып тағып, 2016 жылдың 30 наурызына дейін қамауға алынғанын хабарлаған еді. Кейін бұл іс құпия сақталып, тергеу амалдарының қазіргі барысы беймәлім болып отыр. Тек белгілісі, ол иелік ететін «Шымкент Сыра» зауыты сатылымға қойылды. 

Төлешовті бұған дейін тек сыра зауытының иесі емес, «Шымкентәйнек» (шыны ыдысының өндірісі), «Шымкент Pictures» (деректі және көркем фильмдер өндірісі) кинокомпаниясының директоры ретінде де білетінбіз. Сонымен қатар ол – 13 ұл-қыздың әкесі. Қыздарының туған күнін ерекше сценариймен атап өтуді әдетке айналдырған. Тіпті шетелдік жұлдыздарды шақырып, дүркіретіп тойлағанын ғаламторда жүрген видеолардан байқауға болады.

Қайрат Сапарбаев

Шымкенттіктер үшін тағы бір танымал отбасы – Сапарбаевтар әулеті. Бұл шаңырақтың отағасы Махамбет Сапарбаев облыс былай тұрсын, республикаға танымал адам. Ол кісі спорттың нағыз жанашыры. Ұлы Қайрат Сапарбаевты да жұрт жақсы таниды. Орыстілділігі басым болғанымен, талай әдеби туындыларды жарыққа шығарған Қайрат Махамбетұлы әр сұхбатында танымал болудан бойын аулақ ұстайтынын айтып жүреді. Расымен де, ол кейбір қалталылар секілді телеарналар мен басылымдарға жиі шыға бермейді. Білетіндердің айтуынша, Қайрат Сапарбаевқа табыстың негізгі көзі мейрамхана және қонақүй бизнесінен келіп түседі. Оның байлығының нақты көлемі бізге беймәлім. Бірақ, Шымкенттегі мейрамханалары мен қонақүйлерінен клиент үзілмейді. Демек, табыс та жақсы. «Клара Центр Сапар» қонақүйлер желісі мен еуропалық стильдегі бірнеше мейрамханаға Қайрат Махамбетұлы басшылық етеді дегенді естігенбіз. Айтпақшы, кәсіпкер «бизнесте табысты болу үшін ешқашан да риэлторлар мен банкирлерге және де рейтингтік агенттіктердің сөзіне сенбеу керек» деген принципті ұстанады. 

Қайрат Молдасейітов

Кәсіпкер Қайрат Молдасейітовтің есімі ол облыс орталығы Шымкентті басқарып отырған шақта кеңінен таныла бастады. Оған дейін Түркістан қаласына басшылық еткен Қайрат Құсейінұлы әкім болмай тұрып облыстық мәслихаттың депутаты болды. Биыл тағы да бағын сынап, сайлаудан сүрінбей өтті. Қайтадан облыстық мәслихат депутаты мандатына ие болды. 

Шымкентті басқарған жылдары Молдасейітов табысын көпшілікке жария етіп, талай адамның жағасын ұстатқан еді. Сол кезде оның 316 млн 200 мың теңгесі 3 млн 900 мың АҚШ доллары болған. Оған жылжымайтын мүліктерін қосыңыз. Сөйтіп әкім Молдасейітов ең бай шенеунік атанған еді. Одан бері 4 жыл өтті. Кәсіпкердің қалтасы қалыңдамаса, жұқара қоймаған шығар. Ерекше атап өтерлігі, ол Шымкентке әкім болып келгенге дейін облыс орталығына Арман Жетпісбаев басшылық етті. Бір қызығы, Арман Шәріпбайұлы өзінің дүниеге келген күні, яғни, 24 сәуірде қызметінен кетіп, орнына Молдасейітов отырды. Ұмытып барады екенбіз, естеріңізде болса, «Молдасейітов Шымкентке әкім болу үшін бірнеше миллион доллар қаржысын шашыпты» деген қауесет сол кезде жиі айтылды. Қателеспесек, Молдасейітов «Отау Строй», «Кит СО» мен «Тассай» компанияларына иелік етеді. Ал облыстық мәслихат депутаттығына үміткер ретінде тіркелгенінде өзін «Отау Строй» компаниясының президентімін деп көрсеткен. 

Айта берсек, шырайлы шаһарда қалталылардың қалтасындағы қаржы бірінен бірі асып түседі. Біз тек елге танымалдығы басым тұлғаларға тоқталуды жөн санадық. Бар ойымыз, ел қалталы азаматтарын тағы да тани түссе деген ой. Әйтпесе «Байдың малын байқұс қызғаныпты» дейтіндей олардан алты аласымыз, бес бересіміз жоқ. 

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.
Наверх

Басқа бас мақалалар

Error: No articles to display

Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  DivideGroup — сайт әзірлеуші

  

E-mail: [email protected]

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter