Мәдениет ошақтары 128 млн теңге пайда тапқан
- Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ
Оңтүстік Қазақстан облысындағы мәдениет пен өнер мекемелері жыл басынан бері тапқан табыстарын қорытындылады. Бұл туралы облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары А.Темірхан аймақтық коммуникациялар қызметінде мәлім етті.
Мемлекеттік қызметкердің сөзіне сенсек, қаңтар айынан бері аймақтағы мәдениет мекемелері 2 мыңнан астам мәдени іс-шаралар мен қойылымдар, концерттер өткізген. Соның ішінде 8 кәсіби театрда 1940 спектакль көпшілік назарына ұсынылған. Қойылымдарды 238 мың көрермен тамашалапты. Қойылымдардан 81 млн теңгеден астам қаржы түскен. Ал облыс орталығындағы Ш.Қалдаяқов атындағы филармонияда 181 концерт қойылып, 22 млн 381 мың теңге пайда түскен. Ал «Түркістан» сарайында 26 мәдени шара өткен. Одан 8 млн 750 мың теңгеге ақылы қызмет көрсетілген. «Оңтүстік Цирк» ұжымы «Алақай-балақай» және «Таңғажайып керуен» атты бағдарламаларын 13 рет көрерменге ұсынып, одан 9 млн 615 мың теңге табыс түскен. Жалпы өңірдегі мәдениет ошақтары 127 млн 709 мың теңгеге ақылы қызмет көрсетіпті. Айтпақшы, 2016 жылы жас таланттарға қолдау көрсету мақсатында өңірімізде алғаш рет «Мәңгілік ел» патриоттық әндер және «Тәуелсіздік толғауы» атты жаңа пьесалардың байқауы өтпек. Одан өзге келер жылы аймақта «Күй құдіреті» облыстық күйшілер, «Алтын сақа» балаларға арналған фильмдердің фестивалі, суретшілердің «Дархан далам» симпозиумы және «Жібек жолы айшықтары» атты ұлттық киім дизайнерлерінің облыстық байқау-көрмесін өткізу жоспарланып отыр. Айта кетейік, биыл облыстың мәдениет саласын дамытуға 3 млрд 429 млн 820 мың теңгеге бөлінген.
- мәдениет
- ОҚО
- облыстық мәдениет басқармасы