Денсаулығы кінәратты шенеунік «АП-ның» «спецпроверкасынан» қалай сау шығады?
- Бекжігіт МӘУЛЕНОВ
Біздегі билік басында жүрген шенділердің біразын «камикадзе» деуге болады екен. Ауру екенін біле тұра қызметін жалғастыра берсе, бар қарымын қызметіне жұмсап жүріп ажал құшқандарды басқа қалай атайсың. Бұрынғы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрінің қазасы да қоғамға біраз ой тастады. «Өзі басқарған медицинасы да көмектесе алмады» деп жазды бірі. Екіншісі «Басты байлық – өз денсаулығын күте алмаған адам жұмысын қалай қарық қылады» деген пікір де айтты. Жарайды, кеткен адамның артынан қаралаудан аулақпыз, қала берді Ислам діні де марқұмды мұқатуға тыйым салады. Біздің айтпағымыз – мүлдем басқа мәселе.
Мемлекеттік қызметке келерде ол тұлға жіті тексеруден өтеді. Әсіресе, жоғары лауазымға баратын адамды Ұлттық қауіпсіздік комитеті микроскоппен зерттейді. Құзырлы орган оның өткенін, абыройына дақ түсіретін жәйттердің бар-жоғын, туыстары мен айналасындағы адамдарды майшаммен қарайды. Бірақ, оның денсаулығы сол тексерістен тыс қалып қоятын секілді. Рас, науқас адам қызмет атқармасын деген заң жоқ. Дегенмен, «Аш адам ұрысқақ, ауру адам тырысқақ» деген де бар емес пе?! Елдің әлеуетіне жауапты, халықпен тікелей жұмыс істейтін адамның денсаулығы да назардан тыс қалмауы керек сияқты. Әйтпесе, басқарып отырған саласында тың бастамаларды қолға алған басшы жол ортасында олай-бұлай боп кетсе, оның жұмысын жалғастыратын адам табылар-ау. Бірақ, дәл солай етіп алып кете алмайды. Сондықтан ол бастаған іс аяқсыз қалады да, орнына келген жаңа басшы өз бастамасын ту етіп көтереді. Салдарынан алдыңғы шаруаға бөлінген қайран қаражат құмға сіңген су сияқты әдірем қала береді. Басқа басқа, біздің билікте ондай мысалды көптеп келтіруге болады. Мәселен, экс министр Нұрлан Қаппаровты алайық. Қоршаған ортаны қорғап жүрген Қаппаров «Қазатомпромды» өзі «сұрап алған» еді. Сол қызметте жүріп, Қытайға барған бір сапарында қамал алар жастың кемеліне енді ғана жеткен жігіт ағасының жүрегі тоқтап қалды. Егер, алпауыт бір елдің өкілі болғанда қытайдан құн төлеттіріп алар ма еді? Ал, қой аузынан шөп алмайтын, шөп алса да, тек өзінікінен ғана алатын қаймана қазақ оның артын терең қазбалаған жоқ.
Көрдіңіз бе, лауазымды тұлғаның денсаулығына жіті мән бермеу халықаралық дауға да себеп болуы мүмкін. Сондықтан шенділердің денсаулығына мұқият болғанымыз дұрыс шығар. Қызметтегі адамның қараша халық үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей тер төгіп жүргенін бірі түсінсе, бірі түсінбес. «Қайда барып оңайын, халқым надан болған соң» деп хәкім Абай да болыстықтан түңілген жоқ па еді?! Бүгінгінің шенеуніктерін ақымақ деуге әсте келмейді. Алайда, Абайдан ақылды, содан данышпан деп те айта алмаймын. Елдің бәріне бірдей ұнау қиын. Мыңмен жеке алысып жүргенде жүйке сыр береді, денсаулық болдырады. Темір екеш темір де тозады. Ал, мемқызметкер – биологиялық масса. Яғни, адам. Біреу мақтаса, келесісі жеті атаңды түгендеп тұрып қарғайды. Мұндайда, әсіресе, жүрегі осал адам мұрттай ұшуы мүмкін.
Осы жүрек демекші, Шымкенттің іргесіндегі бір аудан басшысының жүрегі ауыратыны туралы айтудай-ақ, айтылып жүр. Әлде әлгі шенеуніктің өзі қызметін қимай жүр ме немесе қызметін кереметтей атқаратын қайраткердің орнын басатын адам таппай ма, әйтеуір, соны өңір басшылығы бір жеңіл жұмысқа жұмсамай-ақ қойды. Кім біледі, бәлкім, облыс әкімі «Қанша ғұмыры қалды дейсің, көрер қызығын бес күн жалғанда көріп кетсін» деп оған аяушылық танытып жүрген шығар. «Судың да сұрауы бар». Егер қызмет бабында жүріп қаза болса, артындағы бала-шағасы не болмақ? Өкімет қашанғы қарасар дейсің. «Түсінемін, өмірден өтерімді. Аянышты үн шығып жүрегімнен, Мәңгі ұйқыға тұншығып кетерімді», деп Мұқағали айтқандай-ақ, «қызмет деп жүріп өліп кетем бе» дейтін ол жоқ. Оны да түсінуге болады – бұйрықты орындауға дағдыланған сарбаз Отан қайда бұйырса, сонда барады. Бұған дейін саясатын іштей шешіп жүрген сол шенді қазір қазақтың үш жүзінің басын қосқан ауданды басқарып отыр. Руын айтып отырғанымыз, қайда барсаңыз, онда барыңыз, «соңғы Могиканның» көзі кеткенше ата-бабасы мен дәстүрін ардақ тұтқан қазақи менталитеттен арылмайтынымыз ақиқат. Біртекті ел болса, ақсақалына шапан жауып, ел ағасына шай беріп тілін табарсың-ау. Ал, әрқайсысы өз атасының намысын жыртқан елдің басын қосып көр... Айтпақшы, бір тәсіл бар екен. Ол – алдыңа келгенді «әдемі шығарып салу» өнерін меңгеру. Бір келген адам қайта айналып келемін дегенше, кім бар, кім жоқ...
- денсаулық
- билік
- депутаттар