Дүйсенова не бітіріп жүр?
- Жанат ҚАПАЛБАЕВА
Таяуда Тамара Дүйсенованың Ақтөбедегі зал толы дәрігерді әсерлі әңгімесімен «ұйықтатып» тастағаны ел арасында біраз уақыт талқыланды. Бұл оқиға ол кісіге «қара пиар» ғана болған жоқ, жалпы Дүйсенованың әлі де министрлік басқарып, жұмыс істеп жүргенін елдің есіне салғандай болды. Өйткені, біртоға мінез Тамара Дүйсенова еш жерде артық-ауыс ештеңе айтпайды, өз жұмысымен әуре. Содан болар, бұқара халық та ол жайында ұмытып кеткендей еді...
Қашанғы Арыстанбек Мұхамеди-ұлы мен Ерлан Сағадиевтердің «циркін» тамашалаймыз, бір сәт медицинадағы ауқымды проблемаларға назар аударғанымыз жөн шығар. Бұл салада орасан зор өзгерістер болып жатыр, медицинамыз әлі де мүшкіл халде, ақ халатты абзал жандарыңыз пара алудан көз ашпайды, бірақ біз әлі сол жеңілтек «қайраткерлердің» бір ауыз сөзін даңғазаға айналдырып, талқылаймыз. Ал маңызды оқиғалар дәл жанымызда, үн-түнсіз өтіп жатыр.
Тамара Дүйсенованың дүйім дәрігерді ұйқыға жетелеген әңгімесі не жайында болды? Негізінен былтыр ғана енгізілген міндетті медициналық сақтандыру туралы деседі. Жаңалықты елге түсіндірудің айыбы жоқ. Биылдан бастап арнайы қор құрылып, қазақстандық жұмыс берушілер өз қызметкері үшін соның айлық жалақысының 5 пайызы көлемінде ақша аударып отыруға міндеттеледі. Алайда, сол жаңа жүйенің піспеген, шикі тұстары жетерлік. Айталық, өзін-өзі еңбекпен қамтығандар 5 пайызды қайдан тауып төлемек? Жалпы, ондай категорияның өзі шынымен табыс тауып отыр ма, әлде көрсеткіш үшін жұмыссыз болып тіркелмеген елдің бәрін сол санатқа топырлатып жатқыза бере ме – әуелі сол жағын ажыратып алған жөн. Жұмыспен қамту орталығының тізімінде жоқ болсаң, біттің – өзіңді өзің қамтып отырсың деген сөз. Ал ол мүмкін мемлекетке алақан жаюды дұрыс көрмейтін болар немесе сол жерге барып тіркелуді ар санайтын, сондай-ақ мемлекеттен ешқандай көмек күтпейтін, оны босқа уақыт жоғалту деп санайтын адам шығар, оны біз қайдан білеміз? Енді олардан міндетті сақтандыруға арналған 5 пайызды қалай өндіріп аламыз?
«Коммеск-Өмір» сақтан-дыру компаниясының басқарма төрағасы Олег Ханиннің айтуынша, оларға бәрібір ақша тауып, қорға аударып отыруға тура келеді, себебі онсыз меди-циналық мекемелер оларға қызмет көрсетпейді, сырқатын емдемейді!
Сонымен қатар бұл жаңалық кәсіпорын басшыларына, бизнесмендерге ауыр тигені де рас. Өйткені, оларға қызметкерінің жалақысынан 5 пайызды компания есебінен төлеуге тура келеді. Басы артық шығынның қажеті қанша?
«Сондықтан олар енді баяғы айлықты конвертпен беру әдісіне қайта оралуы мүмкін» дейді Парламент Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев. Жалпы алғанда, заңның кемшін тұстары баршылық.
Ым-жымын білдірмейтін «тихоня» министрдің жұ-мысында бұдан басқа да түсініксіз жағдайлар жеткілікті. Медициналық көр-сеткіштердің жылма-жыл нашарлауы, аурухана санының кемуі, халық денсаулығының тиісті деңгейге көтеріле алмауы, тағы басқа толып жатқан проблемалар әлі күнге өзектілігін жойған жоқ. Халық саны 1993 жылдан кейін он жыл бойы өспеді. Тек 2002 жылдан бастап оң өзгерістер орын ала бастады. Алайда, ол өсімді Орта Азиядағы өзге елдермен салыстыруға келмейді. Өсім аз, өлім-жітім көп. Өткен ғасырдың 50-70 – жылдары өлім-жітім қатты азайған екен – 7,6-8% көлемінде. Ал 90-жылдардан бастап тек өсумен болды. 1990 жылы оның көлемі – 7,7% болса, 2004 ж – 10,1%, 2006 ж – 10,3%-ға жетіп жығылды. Көбінде қала тұрғындары арасында бұл көрсеткіш жоғары болған. Орта Азиядағы экономикасы артта қалған, ең кедей деген елдердің өзінде өлім-жітім деңгейі бізден аз. Мысалы Өзбекстанда 1990 жылдан 2006 жылға дейін өлім-жітім коэффициенті 6 пайыз-дан 5 % деңгейіне дейін төмендеген. Түркіменстан мен Тәжікстанда да солай. Көршілес Қырғызстанның өзінде 7 пайыздан аспаған. Бізде бәрі керісінше. Осыдан кейін көршіге күлудің қажеті бар ма?! Мамандар өлім-жітімнің көбею себептерінің бірі ретінде елдің әлеуметтік жағдайының нашарлығын, медициналық қызметтің сапасыздығы (әсіресе ауыл-дық жерлерде) мен емдік препараттардың қымбаттығын атайды. Халықтың өз денсаулығымен айналысуға уақыты жоқ. Емханаларға деген сенім де жоғалған. Дәрігерлер тапшылығы әлі де жоғары. Жақсы амбулаторлық емханалар болған күннің өзінде, тәуір маман жоқ. Сонымен бірге диагностиканың заманауи әдістерінен де мақұрым болып отырмыз. Халық көбіне жүрек-қан тамырлары, гипертониялық, онкологиялық науқастардан көз жұмып жатыр. Суицид пен оқыс оқиғалардың да үлесі аз емес. Өмір ұзақтығы 1990 жылы – 68,3 жас болса, 2006 жылы 66 жасқа дейін азайған.
Ал, денсаулық сақтау саласындағы жемқорлық – өз алдына бөлек тақырып. Ол жайлы таяуда ғана жазғанбыз. Соңғы бір айдың өзінде Қазақстанның екі облысында ақ халатты абзал жандар парамен ұсталды. Соның бірі – Жамбыл облысы денсаулық сақтау департаментінің экс-басшысы Ерлан Масалимов бір ғана наурыз айында мыңдаған доллар пара алған (бейнекамераға түсіп қалған параның көлемі). Мысалы, үш стоматологқа субсидия бергені үшін бөлім бастығы Ғайни Аймағамбетовадан 5000 доллар, өзінің орынбасары Гүлсім Жақсыбековадан 500 доллар, №2 қалалық емхана бас дәрігері Жеңіс Тойшыбековадан 500 доллар, Тараз қалалық перзентханасының бас дәрі-гері Қарагөз Сағынғалиевадан 150 мың теңге, №6 қалалық емхананың бас дәрігері Дүйсенкүл Керімбаевадан 300 доллар, «Бөбек» сауықтыру орталығының бас дәрі-гері Гүлнар Әзімқұловадан да қомақты сомада ақша, жаңатастық әлдебір кәсіп-керден 100 мың теңге алады. Дәрігерлердің айтуынша, бастыққа «крышевать» еткені үшін ай сайын осылай сыйлық беріп отыру Жамбылда дәстүрге айналған. Бір айдың өзінде осынша ақшаға ие болған басшының бір жылдық табысын есептеп көріңізші.
Денсаулық сақтау саласын-дағы жемқорлық бағзыдан келе жатыр. Осыдан 11 жыл бұрын дәл осы басқарманың басшысы қызметіндегі Қуат Құралбаев мемлекетке 71,2 млн теңге мөлшерінде зиян келтіріп, қызметін асыра пайдаланғаны үшін 4 жылға сотталған еді. Оның ізін басқан тағы бір басшы Бақытәли Жетібаев 2006 жылы «Жасұлан» фармацевтік компаниясы ди-ректорының орынбасарынан 3 млн теңге пара алып жатқаны үстінде ұсталды. Бұл парақор 8 жылға сотталды. Оқиғалар қайталанып жатыр. Парақорлықтан әбден іріп-шіріген денсаулық сақтау саласына дені дұрыс басшы құтаймай қойды. Денсаулық сақтау басқармасының басшы-лық қызметі ел арасында «пара алуға қолайлы жылы орын» ретінде жатталып қалған көрінеді.
Дүйсенова Ақтөбеге барып, жиын өткізбегенде, біз оның қазір не істеп жүргенінен хабарсыз күйі қала берер едік. Бұл мақала да жазылмас еді. Енді ол кісі тағы қай жерде резонанс туғызып, басы дауға қалады – сонда ғана ол кісінің фамилиясы БАҚ бетінен көрінеді. Өйткені, өз саласындағы осыншама былыққа қарамастан министр мыңқ етер емес. Үндемейді. Дәрігерлерді «ұйық-татқанымен» қоймай өзі де ұйқы үстінде сияқты. Бәлкім оянатын кез келген шығар, қалай ойлайсыз, оқырман?
- Тамара Дүйсенова
- министр